Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  184


Автор: Елена Әбдіхалықова

ӨКІНІШ

Кенесары жасағының айтулы батырларының бірі – Сыр бойынан шыққан Бұқарбай батыр Естекбайұлы (1812-1898). Ел ішінде батырдың немересі Ахметбай ақсақал айтып отырады екен деген Бұқарбай батыр туралы көптеген аңыз – әңгімелер қалған.
Солардың бірі – «Бұқарбай батырдың өкініші».
Уақыт-ты ұйқысыз түн, күн аласа,
Жау десе сейілмеген күмән аса.
Қара үзіп кеткеніне айдың жүзі,
Тыныштық болса, елге құламаса.
Күйдіріп қызылқұмның ыссы лебі,
Қырағы қабағымен құсты іледі,
Дамылсыз қарайлайды елдің шетін,
Жау күшті, жұрт жағдайы мүшкіл еді.
Қызылқұм жиегі күн, төбесі бел,
Тым суық Қоқан жақтан жел есілер,
Батырдың бар арманы елге қайту,
Тойтарса жаудың күшін егесіп ер.
Күндіз-түн бағатыны Хиуа жағы.
Секілді сол күндердің бұл да заңы,
Тыныштық орнағалы бірнеше күн,
Қобалжи береді тек Сыр қазағы.
Қарайды көлегейлеп қыр қабағын,
Жауының күтетіндей сыр – хабарын,
... Көзіне елес пе әлде, сағым ба екен?
Сұлбасы шалынады бір қараның.
«Тыңшы ма, дұшпанының қалжасы ма,
Жоқ әлде, жайлау кезген мал басы ма»...
Әйтеуір, тура салып келеді анау....
.... Батырдың қолы тиді найзасына.
Жүрегі дүрсілдейді алып-ұшып,
Кеудесін өртеп кектің қаны қысып,
«Күйме ме, керуен бе өзі мынау,
Адасқан, жолын таппай жаңылысып?»
Жақындап келеді анау – түйе мінген,
Батыр да қарсы шапты түнерумен,
Белгісі батырлықтың осы емес пе,
әйтеуір, дәмеленер бір өлімнен.
.... Жетегі тоғыз түйе жүк артылған.
Жалғыз жан көздеріне мұнар тұнған,
Жүк артқан түйелердің жазыларын
бастырған жарқыратып кіл алтыннан.
Батыр да ойлай шапты керуенге:
«Бай екен. Бұл қоқанның елінен бе?
Келеді именбестен менен, тіпті,
Кім өзі?
Әлде қораш көрінем бе?»
Кез еді қарайғанның бәрі күмән,
Сананы серпілтпейтін сары тұман,
Тұмшалап бет-ауызын, түйе мінген
баспайды басқа жаққа бағытынан.
Жақындап қалды батыр екпіндетіп,
Кеудеде намыс ойнап, отқа үрлетіп,
Анау да түйелерін қоршау қылып,
ортада өзі қалды көштің бекіп.
Бас салды қоршауына батыр күшпен,
(болады мұндай кезде ақылды іс кем!)
Бұйдамен тізбектелген түйелер де,
Енуге ырық бермес батырға іштен.
Болса да жеңе алмады, қанша амалы,
Белгісіз кім екені ортадағы,
Осал жан емес сынды тайталасып,
Көп уақыт арпалыстан шаршамады.
Сын – уақыт берген бе еді саралауға еп,
Сұмдық кез жан-жүрегін жаралау көп.
Ойлайды: «Дәу де болса, көш тонаған
Қоқанның қарақшысы болар-ау» деп.
Батырдың амалы көп, білек күшті,
Көздеді найзасымен жүрек тұсты...
.... Дулыға ұшты бастан, ал бұрымы
төгіліп тобығына бір-ақ түсті.
Селк етті батыр жүрек, қызды көріп,
Сап болды кеудедегі сызды желік,
Атынан қарғып түсіп, сүйей берді
Аруды қансыраған ізгі көрік.
Балауса жастық шақтан жалын ішіп,
Тірліктің көз алдында сағымы ұшып,
Сұлудың соңғы демін үзіп-үзіп,
сөз шықты қыз аузынан талып ұшып:
«Ағатай, мен қазақтың бір қызы едім,
әкемнің аялаған құндызы едім,
Сыр бойы – бабам жатқан жерді аңсаумен,
Сара ала таңда сол-ды мұңды үзерім.
Туған жер, сені қоссам, жетер ме өлең?
Еліме борышым бар өтелмеген,
.... Біз де бір Табын деген ел боламыз,
Нүкіс пен Қоңыратты мекендеген.
Хиуаның езгісінде біздің ауыл,
Сезіндім ерте жастан күз қырауын,
Үстімнен ұшса шыбын, қағып, баққан,
Үгіліп бара жатыр ізгі қауым.
Намысын елдің таптап нөкерлері,
Қоқанның әйел қылмақ екен бегі,
«Сыр жақта Бұқарбайдай ағаң бар» деп,
бір түнде аттандырды әкем мені.
Жан әкем сол ағаны батыр дейтін,
әр сөзі жанға шипа нақыл дейтін,
«Теңіңе қосам десе, ақылын ал,
Боларсың мәңгі сонда өкінбейтін».
Деп және тоғыз түйе жасау берген,
Шығарып салған өзі асар белден,
Батырмен, тыс құрыса, тілдесе алмай,
Басымнан көшкені ме жасар дәурен?!».
.... Қыз жұмды қос жанарын.
Сынағы көп
тірлікке қош айта алмай, тұрағы жоқ.
«Қалқам-ай, қалқам-ай» деп, батыр сонда
егіліп ет-жүрегі жылады кеп. ...
R.S
Сезбеспіз ол дәуреннің біздер күшін,
Іздейміз батыр басқан іздерді шын.
Сол қыздың тоғыз түйе жасауына,
Хас батыр орнатыпты «Қыз белгісін».
Ойынан сол қыз кетпей елде жүрсе,
Азабы басылар ма жерге кірсе?
Өтіпті қайран батыр жаза басқан
өңгеріп өкінішін өлгенінше.
.... Солқылдап сызды күннің от қабағы,
өшкен жоқ сұрапылдың соқпағы әлі.
Қанша хан, қанша батыр болса-дағы
Адам бір Ар сотымен сотталады.
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу