Өлеңдер ✍️

  24.02.2022
  154


Автор: Рүстем Қайыртайұлы

“Алтын домбырада” домбыра туралы айтқан едік.

 Домбырам - күмбір күй мен жыр, ән екен,
Шыңғыс хан дәуіріне куәм екен.
Алтыннан жасалған бұл домбыраға,
Артатындар көбейді кінә бөтен.
Аспабын бабалардың апырай, ә
Алтыннан құйып қойсақ күнә ма екен?
Наполеонның етігі европада,
Теңгемен елу миллион тұрады екен!
Аяққа кигенін де көрдіңдер ме,
Төбеге көтеруге құмар екен.
Етік деген жатпай ма босағада,
Домбыраның төр ғана тұрағы екен.
Төрде тұрар аспапты қастерлесек,
Рухани қабырғамыз сына ма екен?
Бұл деген тарихыңды құрметтеу ғой,
Деп түсініп мыңжылдық мұрам екен.
Домбыраға жау болып жүргендерге,
Осына айтар біреу шыға ма екен.
Күскитіп Наполеонның етігімен
Май құйрықтан бір тепсе ұға ма екен?! 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу