Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  155


Автор: Ержан Жұмабек

Труизм


Беу, өмір қайтып келмейтін,
Үміт-күдікпен жемдейтін.
Уақытқа, шіркін, не шара –
Әсемдеп ісін зерлейтін?
Арманға қолың жетер ме?
Қиял – алдамшы көнбейтін?!
Бәріміз бірдей пендеміз –
Өз кемшілігін көрмейтін.
Әлсізге әдейі кісімсіп,
Күштіні даттап жерлейтін...
Күнә істеп, жанын фәниде,
Тәтті өтірікпен емдейтін.
...Орныққан құрсап нәпсіні,
Ғұмыр кешуге сенбейтін.
Азық, шүберек, там үшін,
Көрге кіргенше терлейтін...
Итшілеткен құ тірлік-ай-
Мұңға таланып, шер жейтін...
Пайдасыз қара пақырға,
Бір тиынын да бермейтін.
Ажал – бір жұмбақ сұмпайы,
Қара жер – бесік тербейтін...
Сауап пен күнәңді есептеп,
«О, дүние»,-дейді, «тергейтін».
Ұятсыздардан қорқамын,
Ар-намысқа ой бөлмейтін.
Қиямет тақап қалғандай,
Иманға ғалам шөлдейтін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу