Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  91


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

СƏБИТ АУЫЛЫ

Қарапайым ауыл тұр көз алдымда,
Қабатты үйде санаулы өз алдына.
Сонда дағы қараймын ғашық көзбен,
Бала Сəбең жүргендей
қозы алдында.
Дауыл күнгі теңіздей бар өлеңі,
Балуан иық, қыран көз, сал денелі.
Жігіт Сəбең жүргендей
осы күнгі
шешемізге əзілдеп əлденені.
Сұлушаш боп қыздары елестейді,
Көгершін ғып ұшырып көмескі ойды.
Мектебінде Асқар жүр
Шəкірттерін,
Ақ қайыңдай аялап белестегі.
Ботагөз жүр кемелді дəрігер боп,
Жүрек оты күн сайын жанып, өрлеп.
Ерлігіне еңіреп ел сүйсінер,
Бүркітбайлар қадірлі пенсионер.
Елестейді Пəтестің жылауы да,
Итбай емес, Игібай бұл ауылда.
Академик Сəбең тұр көпшіліктің,
Жауап беріп жаңбырдай сұрауына.
* * *
Жас толып көген көзге,
Жамырап əн ұшады.
 Қайыңды көрген кезде,
Қабырғам қайысады.
Не қылған сезім едің,
Оралған жоралғылы.
Тұрғандай сезінемін,
Көңілімнің көгершіні.
Қайыңға тие көрме,
Қартайған қариялар.
Сіздерге таусылмаған
Сыбызғы үн ария бар.
Табылған бақтан құмар,
Табиғат дастанымыз.
Сықылды ақ қайыңдар,
Сіздердің шаштарыңыз.
Сондықтан сүйеді ел де,
Сүйгендей ауылдарын.
Қайыңға тие көрме,
Қадірлі бауырларым.
* * *
Айқай, шіркін!
Ақ қайыңы Арқаның,
Сенен таптым махаббаттың дарқанын.
Құмартамын тұлпар үйір бақтардан,
Құшақ ашып күлгендей-ақ əр таңым.
Жатқандайсың əлі жақсы жырланбай,
Қайыңды аймақ қойды құмар бір қанбай.
Əлденеден секем алып айдын да,
Ақ құтандар мойын созып тұрғандай.
Жатқандайсың əлі жақсы жырланбай,
Қайыңды аймақ қойды құмар бір қанбай.
Күміс төсін жарқыратып тобымен,
Пингвиндер қарсы қарап тұрғандай.
Аққу қанат, ару тамақ, ақ маңдай,
Сүт шұғыла сұлулыққа батқандай.
 Шақырымнан шалынады көзіңе,
Шағалалар ұшып келе жатқандай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу