Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  119


Автор: Құл-Керім Елемес

САЙЛАНБАҒАН КӨСЕМ

(Айтанға)
Ұлтын сүйіп өмірін хақ еткен адам,
Жан мен тәнін жаманнан пак еткен адам.
Хақ жаратқан халқының қызметін етіп,
Мүмкінінше дүниеден ақ өткен адам.
Имансыз жан шынды шын сүйе алмасы анық,
Имансыз жан ештен де ұялмасы анық.
Иманды жан қырандай қорғар-ды елін,
Қорғағандай ұясын қиянға салып.
Адам қыран болмайды, қыран да адам,
Айналмайды қайтсе де ұранға надан.
Әккі құлдан әулие шықпайды тағы,
Әмсе Аллаһтың есімін ұрандамаған.
Ұлтың сенің ғашығың – сүйгенің еді,
Бала шақтан ғашық боп күйгенің еді.
Адамды ұлт пен ұруға бөлген Ол – Аллаһ,
Ұлтты сүю – Хақ шынын сүйгенің еді!
Діннен шықпай хақ дінге бағынған, аға,
«Тәңірім» деп Аллаһқа табынған, аға.
Ана сүті бойына иманмен дарып,
Бала шақтан елдікті сағынған, аға.
 Қара-қорым қазақтай нуда өскен, аға,
Шыншылдармен шындыққа «шүу» дескен, аға.
Тәуелсізін елінің жастығында аңсап,
Етігімен ерлерше су кешкен, аға!
Тек еліңнің жүруші ең қамын жеп, аға.
Одан өзге шырқаған әнің жоқ, аға.
Сайланбаған көсемдей саңқылдап өттің,
Алты алашқа есімің мәлім боп, аға!
Тәуелсізі еліңнің арман боп, аға,
Бір өзің бір сыңсушы ең орман боп, аға.
«Елім, елім, елім!» деп еңіреп өлдің,
«Ел!» деп өлген сен де осы-ау, арман жоқ, аға!
Үлкен, кіші күнаңді кешсе екен, Ғафур?!
Әмин, Аллаһу Әкбар!
2009.02.07




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу