08.02.2022
  375


Автор: Шәкен Күмісбайұлы

Бата алған бала

Сонау ерте көктемде Шақшақ атасы он төрт жасар Жәнібекті ойнап жүрген жерінен шақырып алып, жанына отырғызып, сақалдары белдеріне түскен көп


шалдардың көзінше:


Әй, құлыным, дүниеге шыр етіп түсіп, одан апыл- тапыл басып, жылдар өте оң-солын тани бастаған шағында бала ат мініп, білегіне қамшы іліп жолға шығатын. Үлкендерден бата алатын. Нағашысынан бәсіре* мінетін. Бұл – атам заманнан бері атадан


балаға енші болып қалған мұра. Осы бір қасиетті де қадірлі дәстүрімізді ұмытып кетіп жүрме, – деген бо- латын.


Содан бері Жәнібек атасының сөзін жиі-жиі есіне алып қойып, нағашыларына барар уақытты тағат- сыздана күтіп жүрді. Біраз уақыт өткен соң атасы көрші-қолаңды жиып жіберіп, сонау бірдегі айтқанын тағы қайталады.



  • Әй, батырым, – дейді Жәнібекті еркелетіп. – Сен бүгін нағашы жұртыңа аттанасың. Оң-солыңды тани- тын шаққа жеттің. Бұл сенің алғашқы сапарың.

Жәнібек басын изеді. Ауылдың он шақты бозбала- лары қасына еретін болыпты.


 


ат суреті



  • Бас-көз болсын деп қасыңа Өтебай мен Жолайды қостым. Ақылды бол. Елдің мазағына қалып жүрме.

Жолың оңғарылсын! – деп бетін сипады. – Бәсірең ұшқыр болсын!


Сонымен Жәнібек ұлы атасы Шақшақтың жіберуі- мен нағашы атасы Ұлы жүз бектас руынан шыққан Уәлі Қарабидің еліне келді.


Бұл дүниеде баланы жақсы көрмейтін адам жоқ шығар, сірә. Қалай дегенде де бала анасына жақын. Ал анасының шыққан ұясы балаға неге бөтен болу ке- рек? «Баланың өз жұрты міншіл, қайын жұрты сын- шыл, нағашы жұрты – бәйтерек» деген ұлы қағиданы атам қазақ бекер айтпаған да шығар.



  • Шақшақтың немересімін. Нағашы атам Уәлі Қарабиді іздеп келемін, – дегенге анасының әкесі қуанып, мәз-мәйрәм болды.
  • Жарайсың, жігітім. Әкелші маңдайыңды, – деп құшақтасын кеп.

Жәнібектің келуіне арнап мал сойылып, дүрілдеп той өтті. Нағашысының есігінде жүргендерден:



  • Атаң нағыз байдың өзі, – деген сөзді де естіп қалған.

Шындығында да солай екен. Жиеннің бәсіресі таңдалып қойыпты.


Қазақта дәулеттілік жылқымен  есептелген.  Екі мың бас Қамбар Ата түлігі біткен Уәлі Қараби наға- шысының табынындағы жылқының ішінде Тобышақ деп аталған асқан жүйрік биесі бар еді. Онысы жиыр- ма алты жылда бір құлындап, сол құлынын бесті шығарып жанына ертіпті. Бұған Уәлі Қараби өз бала- ларының да қолын тигізбей жүріпті.


«Жиен мыңнан, күйеу жүзден үлкен», «Нағашы бәйтерек» деген қағидаларды есіне алған болар, әлде жақсы қасиеттері нағашыдан жұқсын деді ме екен, жиеніне Бектас Уәлі Қараби әлгі бестіні атады. Жәнібек бұған риза болып, қатты қуанды. Бір қызығы, бестіні бес-алты жігіт қаумалап ұстамаққа жиырма


бес бұғалық тастаса да, шу асау маңына жолатпады. Жылқыны қуа-қуа қажыған нағашылары ақыры:



  • Жиен мінісін өзі ұстап алсын, – десті.

Шындығында бесті нағыздың өзі еді. Шабысы жан шыдатпайтын, қоян жон, салқы төс, марал бас, сұлу күреңнің көздері жыланкөзденіп, ат басын қоя берген кезде жүрісінің майдалығынан жалы бұрқырап сала- тын еді. Бөкен қабақ, қабылан кеуде, құлан тұяқ.


Қызығып кеткен Жәнібек жылқыны иіріп, жай- лап жақындап кеп, шоқтығы мен кекілінен тұқырта ұстап, шыңғырғанына қарамастан жүгендеп, ер са- лып, үстіне қарғып мінді. Жылқы иісі бар дегені осы шығар. Әншейінде кеудесін кере мақтанып, «талай қылқұйрықты тырп еткізбегенбіз» деп есетін ауыл жігіттерінің осы арада үні өшті. Нағашысы жиенінің мына қылығына қарап сүйсініп, елге мақтанып есі шықты.


Біраз уақыт өте Жәнібек еліне қайтуға қамданды. Сапарға аттанар алдында нағашысы ту бие сойғы-


зып, жол-жоралғы жасады. Палуан күресінде жеңгені үстіне кілем жапқан нар алды, көкпар, қыз қуу жа- рыстары ел көңілінен шықты. Жорға салысып, садақ тартысты. Той соңынан бектас Уәлі Қараби Жәнібекті шақырып алып:



  • Ал, қолыңды жай. Нағашы атамның маған бер- ген батасы еді деп есіңе алып жүргейсің, жадыңнан шығармағайсың, – деді.

Бедері  жоқ  қамқадан, Берік тоқылған бөз артық. Берекесі жоқ ағайыннан, Берік сөйлескен сөз артық.


Пайданы алыстан қылғайсың, Залалды жақыннан қылғайсың,


Тышқан да інінен алыстап оттайды, Оны да есіңе алғайсың.


Қайтып  кірер  есікті, Қатты серпіп жаппағайсың. Қайтып көрер досыңа,


Қайырылмастай сөз айтпағайсың!.. Алла тағала осы сөзімді қабыл қылсын! Жортқанда жолың болсын!


Жолдасың Қыдыр болсын! Әумин!


Сөйтіп бұл бесті Күреңқасқа атанып, тарихта Жә- нібектің жоңғар-қалмақ басқыншыларына қарсы со- ғыста мінген аттарының бірі болып қалды. Осы бір мі- нісімен батыр бабамыз небір жанкешті соғысты бастан өткергені белгілі.


Нағашы атасынан бәсіре мініп қайтқан Жәнібекке тағы да жол түсті. Ерте ғасырдағы әдетпен жолды нұсқаған тағы да атасының өзі. Күреңқасқа атпен желдірткен Жәнібек Бірқазан көлін жайлап отырған, сол жылы жүз жиырма алты жасқа шыққан найман Абылдың ауылына бет түзеді. Жанындағы серіктері- мен бірге ат тізгінін тартып, қартқа сәлем берді.



  • Уа, кімсің? – деді қарт.
  • Шақшақ батырдың шөбересімін, – деді Жәнібек.

Мұны естіген қарт қуанып, елін жиып қонақасы сойғызады. Абыл қарт Жәнібектің бесінші атасы Аманжолмен тетелес, еңсегей бойлы Ер Есім ханның жорықтарына қатынасқан адам еді. Көзі оттай жанып тұрған баланың басқан қадамын бақылап, кем-кетік таба алмай риза болды қарт. Жәнібекке өз ақылын ай- тудан жалықпады.


 



  • Би болғың келсе, мүсәпірге қол ұшын бер, ұрыс- та туыңды жықпа, олжаны аямасаң, досыңды жо- ғалтпайсың.

Мыңнан ақыл сұрама, бірден сұра. Қару ұстасаң, мылтық ұста, жау шапса – қаруың, қарның ашса – тамағың, шаршасаң – таяғың. Әйелді жас кезіңде сүй. Жігіт – жасында патша, қыз – патшайым. Ақылым осы, – дей келіп ақ батасын берді.


Бағың жоғары өрлесін, балам, Дұшпаның шеніңе келмесін, балам, Абыройың таймасын, балам,


Басыңа бақыт құсы орнасын, балам, –


деп ақ жол тілеп, Жәнібекті шығарып салды.


«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дейді халық. Бата көптік етпейді. Байқаса, үлкеннің сөзі – ұлағат, батасы – бақ тілеу екен. Өмірдің өзі жол сияқты бұралаң-бұралаң. Сол бұралаңда жолы болып жатса несі айып.


«Заманына қарай – заңы, тоғайына қарай – аңы» де- мекші, Жәнібек бала енді сонау Еділ–Жайықты жай- лаған алшындарға жол тартты.


Бұл кезде алшындар Сыр бойына көшіп келген еді. Ол Кіші жүз еліндегі соқыр Абыздың әңгімесін естіп, от ауызды, орақ тілді шешеннен бата алуды арманда- ған еді.


жайлау ат жылқы


Көп ұзамай іздеген ауылына да жетті. Жәнібек се- ріктерімен Абыз атаның үйіне кіріп, қамшы ұстаған оң қолын кеудесіне басып, басын иіп, оң тізерлеп отырып:



  • Ассалаумағалейкум! – деп сәлем берді.

Соқыр Абыз әбден қартайып, екі жағын жібек ора- малмен таңып тастапты.



  • Қай ұлсың? – деп сұрады ол.
  • Қошқардың ұлымын, – деді Жәнібек.


  • Қошқардың адам иісті бір ұлы бар деп еді, сол болармысың?
  • Болсақ болармыз. Осы жақтағы қарт атамыздың батасын алайын деп келіп едім.
  • Е, сөз бастап, би болайын деген ұл екенсің. Қолың- ды жай, – дейді соқыр Абыз.

Ел бастап жөн алайын деген ұл екенсің, Қол бастап жау алайын деген ұл екенсің, Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма,


Аймағың кетпес алдыңнан. Олжа түссе, олжаңды аяма, Жолдасың кетпес жаныңнан.


Жолдастың мыңын алма, бірін ал, Мың кісіге бір кісі олжа салады Сол мың кісінің бірі бол,


Бірі болсаң ірі бол! Әумин!


Жанындағы жолдастарын ертіп жас Жәнібек енді ат басын Кіші жүздегі тоқсанға келген Тайған бидің қонысына қарай бұрды. Би ауылы көшіп барады екен. Жолай ұшырасып қалып, Жәнібектің қартқа ат үстінен сәлем беруіне тура келді.



  • Жігітім, қай ұлсың? – деп би шамдана сұрады.
  • Қошқардың ұлымын, – деді Жәнібек.
  • Не қып жүрсің?
  • Осында бір қарт атамыз бар дегенді естіп сәлем бе- ріп, ақыл сұрамақ едім.
  • Е, азуы алты қарыс арғынның Қошқарұлы Жәні- бегі. Алшынның алжыған шалын келемеж қылып ке- темін десеңші, – деді Тайған би ызбарланып.

«Мен сөз сұрайын деп келсем, көңілімді қайтарға- ны несі?» деп Жәнібек өкпелеп, атының басын бұрып, алға оза берген. Сөйтсе, би мұның жүрген жолын, барған елін біліп отыр екен.



  • Әй, Жәнібек, – деді сонда би. – Атыңның басын бұрма. Көңілімді қалдырды деп ренжіме. Бектас Уәлі

Қараби мен Абылдан, соқыр Абыздан бата ауысып, бізге қайдан келсін. Сол әулиелердің айтқаны келсе, аз болар деймісің, – деп сөз аяғын күмілжи бітірді.


Сонда Жәнібек Тайған биге жалт қарап:



  • Бектас Уәлі Қараби дулығам болса, Абыз бабам – қалқаным. Абыл атамның айтқаны – көк найзам. Сіздің

батаңыз жауға сілтер алдаспаным болсын деп едім, ата! Сұрап алған бата бойға жұқпас, көңілмен берген бата көгертер деген ғой, екі ауыз сөзіңізге іңкәр болып кел- дім, – деді.


Сол сәтте қария:


Жәнібек Қошқарұлы атың мәлім, Баласың алдың ызғар, артың жалын. Шақшақтан кім артылған өсиетке, Жүрмісің мазақ қылып Керей шалын, –


деп өлеңдетіп қоя берді. Жәнібек те іле: Атажан, қайда Сізді мазақ қылу, Мақсатым – әдеп, нұсқа, тағылым білу. Асыл сөз бабалардың мұрасы деп, Ұрпаққа болашақта айта жүру, –


деп жауап берген еді.


Өзінің сөзден жеңілгенін білген Тайған би Жәні- бекті ауылға оралтып:



  • Ақыл ағадан ғана емес, ініден де бар. «Өгізді өрге айдама, қарыңды талдырасың, жаманға сөзіңді салма, сағыңды сындырасың» дейді халқымыз. Осыны ұқ! Ел тану ерді танудан басталады, – дейді.

Мал сойып, қазан астырып, бар сый-сыяпатымен күтіп, құрметті қонақты жолға шығарып салады.


Үш жүздің  көп  жасаған  қарияларынан  алған  оң  ба- та Жәнібектің ғұмыр бойы алға жетелеген шапағатты шырағы болды. Ойымен де, ісімен де ол сол өсиеттерден айнымады.





*бәсіре – балаларға меншіктеген, арнайы ен салынған мал, мүлік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу