07.02.2022
  101


Автор: Мұхтар Шерім

ЕҢКІЛДЕЙСІЗ БЕ, СЕЛКІЛДЕЙСІЗ БЕ?

 


Дүниеде құтты қонақ, сосын жұтты қонақ бар... Жұтты қонақ жұтынып, жалмауызданып, үйіңізде жеті күн жатып алады. «Қашан қайтасыз?» деп айтуға ұят енді. Қонақжай қазақпыз ғой. Бір күні алыстан танитын, ауызы апандай, өзі қабандай, шаштары сабандай, қолдары быртиғын, өзі ыржиған ауылдағы ағайын келе қалды. Еңбек демалысына шыққан екен, біздің үйге демалуға келіпті.


Бір ай өткенде әйелім:


--Бала–шағаңызды сағындыңыз-ау, түнімен жылап шықтыңыз...—деп алыстан орағытты.


--Түнде түсімде өліп қалыппын. Соған өзімді жоқтап жылап жатыр екенмін,--деді ағайыным.


--Демалысыңыз бітіп, бастығыңыз іздеп жатқан шығар?—деді біздің әйел. Ұят болды- ау... Қуып жатқандай болдық-ау... Бір баламыздай болып жүре берсін... Итке де тамақ береміз ғой...


--Жұмыстан шығып кеткенмін,--деді ол. Жұмыссыз жүрген адамның көңіліне қаяу салдық-ау... Мәселен, мен де жұмыссызбын. Әйелім асырап жүр, бұған да шүкір... Бәріміз шәй ішіп отырғанбыз. Бір кезде әйелім екі жасар баламның құйрығынан әдейі шымшып жылатты да, дастарханға соза берген қолын қағып жіберіп, ұрыса жөнелді:


--О, жүгермек! Осы дастархандағының бәрін «көп сериялы» қонақ жеп кетеді деп пе


 


едің? Қалады! Мыжбан ағайды жалмауыз деп ойлап отырсың ба? Әне, кеше мүжіген жілігін аузына апара беріп, дастархан шетіне қоя салды. Қазір саған береді. Ала ғой енді, көкеңнің қолын қайтарма... Көкең саусағын сора тұрады. Ештеңе аяп жатқанымыз жоқ қонақтан. Жатып алып, жапырып жатыр. Сен де әрдеңені сұрап... Ии-и балам, ұят дегенді білмейсің ғой! Қайтпайтын қонақ та ұялмайды. Әне, сары майды нанның бетіне жағудың орнына, бетіне жағып жатыр... Тура сен сияқты екен. Былтырдан қалған колбасаны бір тістеді де қойды. Айраннан ұрттамайды. Тек қылғытады... Сен сияқты талғамай іше береді дейсің бе?


Өй, жылама деймін! Жей береді дейсің бе, қалады қазір. Көкенің кешеден бері іші өтіп жүр. Қой деймін, ұят болады... Көкеңнің қолағаштай мұрнын кесіп, майға қуырып берейін бе? Қымбатшылық өкпемізді қысып, екі жыл болды ет жемегелі, тісіміз қышып... Көкең соны түсінбейді дейсің бе? Әне қарашы, «кә-кәй» етіп қойған жас баладай, түсі бұзылып барады. Аузындағы нанды да шайнаған жоқ. Жұта алмай отыр. Кейде нанға зар болып қалатынымызды білгендіктен жұта алмай отыр. Не дейсің? Бөжи... Көке бөжи емес, көкең


«Кокола!» Кетпейтін қонақ саған құбыжықтай көрінген ғой. Аузыңды аш, таңдайыңды көтеріп қояйын. Шошып қалыпсың... Қылқ-қылқ жұтып, сылп-сылп, жырп-жырп жеп жатқан көкеңді көріп, көздерің атыздай болған екен-ау! Бір күні бізді де жеп қояр-ау... Қой, жылама, қашанғы жей береді дейсің? Кетеді үйіне, сен де көкең сияқты жалмауыз болсаң, үлке-ен жалмауыз болып өсесің. Әшейінде тамақты зорлап ішкізуші едім, «ананы жеймін, мынаны жеймін!» деп мазаны аласың. Әне, көкеге қарашы, қалтасына тыққан кәмпиттерді дастархан шетіне қойып жатыр! Жылама балам, қонақтан ұят болады, оның орнына біз ұялайық! Әне, өріктен қайнатылған тосаптан бір қас-ық аузына салды да, түйіліп қалды... Жөтеліп жатыр. Жөтелген сайын, аузынан бір өрік сүйегі ытқып шығады! Әне, аңқиып отырған әкеңнің аузына бір өрік кіріп кетті. Бар болып тұрса, несін аяймыз? Жалақым жыланның жалағанына жетпейді. Әкең болса мүгедек. Айлығымыз коммуналдық төлемдерден артылмайды. Әне қарашы, көкең кешеден қалған кеспе көжені тауысып, табақтың ернеуін жалап жатыр. Жуғанға жақсы. Байқамай, ағаш қасықтың жартысын жеп қойыпты. Ал сен жылайсың, «түк қалмайды» деп. Қасықтың жартысы қалды ғой, сен жейсің...


Әне қаршы, көкең аузын сүртіп жатыр... Қазір орнынан тұрады да, аулына қайтады. Сен сияқты баласы бар шығар? Сағынған болар? Әкесі-ау, мынаған бірдеңе десеңші. Қонақтан ұят болды ғой! Қолыңды дастарханға созба, әдепсіз! Қалады саған да! Сосын, отыра қалып, опырып, жата кетіп, жапырып жесең де еркің. Бірақ неңді жер екенсің? Біздің дастарханда не бар өзі?


Ойбуу, ұяттағы-ай! Қонағымыз орнынан тұрып барады... Құдайдың мұнысына да шүкір...


Әйелімнің мына сөздеріне жаман ұялдым ғой. Жоқшылық қой, қайтейін, дегенмен, әйелім әдемі айтты, ә? Сіз қалай ойлайсыз? Мына сөздерден кейін етпетіңізден жатып еңкілдейсіз бе, әлде «сауап болыпты!» деп мырс-мырс етіп, селкілдейсіз бе?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу