07.02.2022
  91


Автор: Мұхтар Шерім

КӨРЕЙІН ДЕГЕНІМ ОСЫ МА ЕДІ?

(Қорқынышты әңгiме)


 


Ескерту: бұл жазғанымды жүректерi жамау-жамау дiмкәс адамдар, бүгiн не ертең о дүниеге кеткелi жатқандар оқымай-ақ қойсын. Он сегiз жасқа толмағандардың да оқуларына рұқсат жоқ.


Мәселе былай ғой... Осыдан жиырма жыл бұрын елiмiз тәуелсiздiк алған жылы ұйықтап қалыппын. Жиырма жасымда. Дәрiгерлер мұны “летаргиялық ұйқы” (ұзақ жылдар ұйықтау) дейдi екен. Ұзақ жылдар ұйықтайтын шетелдiк маубастар туралы көп оқитын едiм. Дәрiгерлердiң бақылауында ұйықтап жатып, күнi кеше, тәуелсiздiктiң жиырма жылдығы қарсаңында оянып кеттiм. Қырық жасымда. Жан-жағыма қарасам, ойба-ай, қорқынышты фильмдер болушы едi ғой, тура сондай. Көшеге шықсам, көздерi тура маңдайларына шығып кеткен жалғыз көздi адамдар жүр. Зәрем қалмады. Тұра қашып едiм, бiреуi қуалап жүрiп ұстап алды.



  • Әй, сен кiмсiң? — деп сұрады семiз әйел.

  • Әке-е-емнiң баласымын.

  • Көршiсiнiң баласы деп тұрған жоқпын. Сенiң көзiң неге екеу?

  • Ендi...

  • Немене, сен қоғамда болып жатқан құбылыстардан қорықпағансың ба?

  • Кешiрiңiз, бiр көздi апай, адамдардың бәрiнде жалғыз көз, неге олай?

  • О, жүгермек, сен өзi қайдан шықтың? Атырауда, күнi кеше Таразда терроршылар жасаған жарылыстардан қорқа-қорқа көздерiмiз осылай маңдайымызға шығып кеттi.

  • Көзiңiз неге бiреу ғана?

  • Екiншi көзiмiздiң қорыққанымыздан қайда түсiп қалғанын бiлмеймiз.

  • Бәрi жалғыз көздiлер...

  • Иә, ендi Қазақстанды жалғыз көздiлер мекендейдi, – деген ол сөмкесiнен шашына қыстыратын шпилкасын алды да, бiр көзiмдi шұқып алғаны. Ойбайладым да қалдым.

  • Апай, мұныңыз не?

  • Екi көздi болып сен ғана жүрмекпiсiң? Ұят емес пе? — деген апай кербезденiп кетiп қалды.


Жан-жағыма қарадым. Үрейленiп жүрген адамдар. Анау бiр жерде екi полиция инспекторы өлiп жатыр. Атып кетiптi. Мына бiр жерде бiр дiни экстремист өзiн-өзi жарайын деп жатыр. Тұра қаштым...


Ырсылдап, ышқырымды көтерiп, күркiлдей жөтелiп, аялдамада тұрғанмын. Бiр егделеу жасқа келген кiсi бұтына жiберi-iп тұр. Шалбарының балағынан Арыс өзенi аққандай...



  • Көке, мұныңыз қалай? Ұялмайсыз ба? Көпшiлiк орнында... — дедiм мен. Маңдайындағы жалғыз көзi жасаураған көкем сыбырлап қана:

  • Мына дүние не болып кеттi өзi? Соны ойлап-ойлап, қорқып кеттiм... —дедi.


Бiр қарасам... Бiр қарасам ше? Ойба-а-а-ай! Бiр қарасам бар ғой... Өй-й... Айтуға қорқып тұрмын... Бiр қарасам, үкiмет үйiнiң алдына тоқтаған қызметтiк машиналардан ылғи


 


бассыз адамдар түсiп жатыр! Мойындарында галстук, бiрақ бастары жоқ... Жаным қалмады... Бiр кезде қатты қорықсам керек, жалғыз көзiм жылжи-жылжи тура маңдайыма келдi. Бүрiсiп тұрғанымда, арт жағымнан бiреу “Ба-а-а!” деп бар даусымен айқайлағанда бар ғой, “А-а-а!” деп тұра қаштым! Бассыз ағаларымның жандарынан безiп бара жатып: “Сәлеметсiздер ме?” деп амандасып өттiм. Былай шыға бере, бiр кiсi қолымнан шап берiп ұстай алды.



  • Аға, а-ана ба-ба-ба-бассыз кiсiлер кiмдер? — деп сұрадым мен.

  • Жоғары лауазымды шенеунiктер, — дедi ол түсiндiрiп, – басында екi шайнам миы жоқ болған соң, ондай кеуек басты не қылады, көрiнген жерге тастап кетедi.

  • Ойбай аға...

  • Немене?

  • Сiздiң мұрныңыз қайда?

  • Арқама түсiп кеткен.

  • Ау-аузыңыз апандай болып, бүкiл бетiңiздi алып жатыр... Қорқып тұрмын...

  • Бiз де ана жақтан, мына жақтан шыққан жарылыстардан қорқа-қорқа, осылай, аузымыз апандай ашылған күйi қалып қойды...

  • Ана кiсiнiң басына не шыққан?

  • Қайсы?

  • Анау кетiп бара жатқан...

  • Қатты қорыққандықтан шаштары қурап түсiп, артынан қураған бұтақтар өсiп шығып жатыр көп адамдарда...

  • Неден қорқа бересiздер сонда?

  • Өзiң қайдан келдiң? Аспаннан салбырап түстiң бе?

  • Жиырма жыл ұйықтап қалыппын. Сондай ауру бар, аға...

  • Айналайын, – деп арқамнан қаққан ол құлағыма сыбырлады, – тағы жиырма жыл ұйықтай тұрмадың ба?

  • Неге?

  • Сонда жұмыссыз    қаламын,    немесе    терроршылар    қолынан    өлiп    қаламын    деп қорықпайтын едiң ғой.


Бiр қарасам, бiр қарасам ше, қолдарына буы бұрқыраған жүректерiн ұстап алған адамдар келе жатыр. Төбе шашым “честь” берiп кеттi.



  • Мы-мыналар кiмдер? — деппiн.

  • Өмiр сүруден қорыққандар ғой. Жүректерi ұшып кете берген соң, қолдарына ұстап жүретiн болған.


Арада екi сағат уақыт өткеннен кейiн, о тоба, үш тiлдi адамдарды көрдiм. Аузын ашқан кезде ар жағынан сала құлаш тiлi салп етiп шығады. Тiлiнiң ұшында үш айыры бар. Жыланның тiлi сияқты. Бiрақ жыланның тiлiнде екi айыр болса, бұларда үш айыр.


Әлгiлер маған қарап сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Бiр сөзiн түсiнбедiм.



  • Мыналар кiмдер? – деп сұрадым қасымнан өтiп бара жатқан қариядан.

  • Бұларды бiлмеушi ме ең?! Екi жасынан бастап он сегiзге дейiн үш тiлдi, яки орыс, қазақ, ағылшын тiлiн арнайы мектепте оқыған қулар ғой. Құдай қарғап, осылай боп қалды. Үш тiл тұрмақ, бiр тiлдi де бiлмейдi. Тек шүмектен аққан су сияқты шүлдiрлей бередi...


Бағанағы қорыққаным қорыққан ба, ендi түршiге қорықтым. Түршiккенiм соншалық, денем ұйып, ұйқым келе бастады. “Байғұс қазақтың көрейiн дегенi осы ма едi?! Бейшара қазаққа көрсетейiн дегенiң осы ма едi, а, Құдай?! – деп қатты налыдым. Содан соң iле “Қайта ұйықтап кетсем екен... Ұзаққа...” деп тiледiм Құдайдан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу