04.02.2022
  76


Автор: Жарасбай Нұрқанов

БІЗДІҢ ҚИҒАШ - 3

Үшінші көрініс
Сахнада Айттымғой, Мəссаған, Əрине, Ақыл тəте жайғасқан. Жарыс барысын теледидардан қарап, бақылайтын тəрізді. Қарсыда, бұларға бір қырын отырған түсіндірімпаз – Ауыз
жаппас.
Ауыз жаппас:
– Тыңдаңыздар , тыңдаңыздар!
Күмбірлеп спорт күмбезі,
Айнадай жалтыр айдыны.
Өтуде бүгін осында мəнерлеп сырғанаудан
Шəкірттер шабысы,..
Кешіріңіздер, ...Жүйріктер намысы,..
Қап, əлгі... конькишілер жарысы.
Мəссаған: – Не дейді мынау Ауыз жаппас?
Ақыл тəте: – Жарыс жайын айтады.
Түсіндірімпаз: – Қаппас.
Əрине:
– Түсіндірімпаз болса, нағылып отыр,
Бастамай жатып, жаңылып отыр.
 Ауыз жаппас:
– Күштілер тобы – он бала.
Тарбағатай тауларынан,
Аманқарағай ауданынан,
Ақтөбеден, Қызылжардан,
Алматыдан, Астанадан,
Қысқасы, байтақ дала аумағынан
Жарысқа келген ұландар
Көкше мұздың үстінде
Бұлың-бұлың бұлаңдар!
Əрине: – Айтады-ау, шіркін, сабазың!
Мəссаған: – Аудара береді қағазын.
Айттым ғой: – Айдынға қарап айтсын, ретімен, жөнімен.
Ауыз жаппас:
– Сонымен, жарыс жалғасып жатыр,
Сырғанаушылар алмасып жатыр.
Кейінгі топтан бадырақ көз бала,
Жұтқыншағы шодырайып,
Ортаға шықты одырайып.
Шыға сала, міне, қызық,
Тұра қашқан көжектей,
Қолы-аяғы безектей, зулап кетті...
Əрине: – Арсы-күрсі музыка шулап кетті.
Мəссаған: – Менің тіпті зəрем ұшты.
Айттым ғой: – Екпіні сондай күшті.
Ауыз жаппас:
– Зулап келіп, секіре беріп,
Ойбуй, құлап түсті...
(Өзгелер өкініш білдіреді, Əрине ғана аяусыз.)
Əрине: – Құласа, құлай берсін.
Ақыл тəте: – Тек, неге олай дейсің...
Ауыз жаппас:
– Шапшаң екен, дегенмен,
Ұшып тұрып еденнен;
 Еденнен емес, мұздан,
Бұрынғыдан да жылдам,
Дедек қаға жөнелді.
Біздің кейбір балалар,
Ойланбастан, асығыс,
Жатқа айтқандай өлеңді,
Мұндайдың бірақ бағасы
Төмендеу болар, шамасы.
Айттым ғой (таблодан оқығандай): – Бес те нөл, бес те бір.
Ауыз жаппас:
– Төрешілер сараң келер,
Жарты балды əрең берер.
Бір оңдысы, мұнда
Құласаң да мұзға,
Қоймайды «екі»,
Əрине:
– Ғажап екен мұнысы,
«Екі-мекі» дегенді ұмыту ғой, дұрысы.
Ауыз жаппас:
– Жүлделі орыннан
Үміткердің бірі – мына сары,
Кигені – қына сары.
Айдынды шарлап, айналып шықты,
Конькиі мұзға қайралып шықты.
Əуен-сазы сай екен,
Біресе жүрдек, біресе жай екен:
Əзірге қате жібермей,
Өрнек, нақышын түгелдей,
Жалықпастан жасап жүр,
Басқалардан асар бұл.
Əнекей, таблоның беті:
Бес те жеті, бес те жеті,
 Əрине:
– Жетті, жетті,
«Бес те жетің» көбейіп кетті.
Қиғаштан ешкім озбасын.
Ауыз жаппас:
– Озу, озбау –шеберліктен,
Озбай қоймас өнер біткен.
Сондай оқшау, мықты бала
Мұз айдынға шықты жаңа.
Елдің бəрі көп дəмелі
Дəл осынау жеткіншектен,
Омырауы оқа-зерлі,
Қамзол киген қаракөктен.
Мəссаған: – Мəссаған, мынау – Қиғаш!
Əрине:
– Əрине, Қиғаш!
Менің досым, аты – Мирас!
Айттым ғой, Ақыл тəте (қосылып): – Біздің Қиғаш, Біздің
Қиғаш!
Ауыз жаппас:
– Талдырмаш келген, қағылез шəкірт
Қауырсындай жеңіл қалқып,
Əсем қимыл бастап кетті,
Асқақ күйдің екпінімен
Салған жерден асқақ кетті.
(Сахнадағылар енді мазасыз, Ауыз жаппаспен жағаласа
сөйлейді.)
Айттым ғой:
– Бəсе, солай елден ерек,
Сырғанайтын болса керек...
 Ауыз жаппас:
– Зырылдап келіп, кенеттен
Кілт өзгертті-ау бағытты!
Əрине:
– Ол деген, тəйірі, Қиғашқа
Қимылдар ғой қалыпты!
Ауыз жаппас:
– Нəзік əуен сызылдырып,
Қалықтауын жүзіп жүріп!
Мəссаған:
– Қарлығаштан аумайды,
Қиғаш солай заулайды!
Ауыз жаппас:
– Орғып-орғып кеткен киік секілді,
Қайыра-қайыра биік секірді.
Ақыл тəте:
– Үш қайтара секіріп,
Төртіншіге де бекінді.
Əрине:
– Сырғанаудың көкесін
Көрсетші солай, көкешім!
Ауыз жаппас:
– Бойын тіктеп алды да,
Өрімдей бола қалды да,
Иірілгендей шыр айналды,
Ұршықтайын зыр айналды!
Мəссаған:
– Ауыз жаппасты қараңдар,
Аузын мүлдем ашып қалды...
 Айттым ғой: – Төрешілер, тегі, сасып қалды...
Ақыл тəте: – Шықпай жатыр бағасы.
Əрине: – Қырсығуын қарашы...
Мəссаған:
– Жанды табло, жанды,
Жазды, жазды жоғары балды!..
Жақсы баға, мықты негіз.
Мəссаған: – «Қиғаш озып шықты» деңіз.
Əрине:
– Жеңді Қиғаш, жеңді,
Бəйгеден озып келді.
Ақыл тəте:
– Жарады, Қиғаш, жарады,
Жеткізді оны жеңіске
Таудай үлкен талабы!
Ауыз жаппас:
– Мұзда сырғанау мəнері
Əн салғандай əдемі,
Жеңімпаз ұланға барайық.
Қуаныш құтты болсын, халайық!
(Бəріорындарынантұрған. Сахнатөріне, құрметтұғырына
Қиғаш көтеріледі. Түсіндірімпаз оған микрофон ұсынып тұр).
Қиғаш (Мирас):
– Көкше мұзды айдыны бар далада
Коньки тебу қандай жақсы балаға!
Жайраңдатып, еркелетіп өсірген,
Мың рахмет, халқыма, ата-анама!
(Елдің бəрі қол соғуда. Алақандары ауырғанша соға берсін.)
Ш ы м ы л д ы қ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу