04.02.2022
  92


Автор: Жарасбай Нұрқанов

БІЗДІҢ ҚИҒАШ - 2

Екінші көрініс
(Мектептің спорт алаңы. Қиғаштың үстінде – ықшам
киім).
Қиғаш (əндетіп):
– Ахау, ахау, Қиғаш-ау,
Сырғанаудан бір тынбашы-ау!
(Арғы шетке кетеді. Сахнаға Ақыл тəте бастаған Айттым ғой, Əрине, Мəссаған шығады).
Айттым ғой: – Айттым ғой, «Қиғаш осында жүр» деп.
Əрине: – Əрине, одан басқа кім жүрмек?
Мəссаған: – Мəссаған, мəнерлейді-ау, жүгірмек!
Ақыл тəте:
– Əдемі екен шынында,
Қиғаштың коньки тебісі.
Əрине, бұл – айдынға
Жиі шығудың жемісі.
(Əрине бақырайып қарап қояды.)
Айттым ғой:
– Бірақ Қиғаш үнемі
Жеке-дара жүреді.
Біздер қайда, ол қайда?
Сырғанауын қойдыра алмай,
Шаршап біттік біз текке,
Шара қолданамыз тентекке!..
Ақыл тəте: – Мəссаған, ол сондай тентек пе?
(Енді Мəссаған бажырайып қарайды.)
Онда шындап сөйлесейік:
Қиғаш, Қиғаш, мұнда кел!
 (Қиғаш зырлап келіп, кілт тоқтайды.)
Қиғаш:
– Айтайын онда шынымды,
Болсаңдар мені тыңдамақ.
Жаныма жақын мұз айдын,
Аңсарым менің – сырғанақ.
Айдынға шыққан сəтімде
Бойыма қанат біткендей болады.
(Қайталап тағы айтады)
Ақыл тəте:
– Коньки тебу де – өнер,
Өнер шаттыққа бөлер.
Шəкірт бəрін білсін,
Өмірге еркін кірсін.
Суда жүзіп, мұзда сырғып,
Тауға-тасқа шықсын ырғып.
Қыста – шаңғы, жазда – қайық,
Жарысқа түс желкен жайып!
Əрине (аузын бұртитып): – Коньки аздай, қайық...
Айттым ғой (дауысын құбылтып): – Қиғашқа бəрі лайық.
Қиғаш:
– Əрине, коньки, əрине, қайық,
Қалықтау керек қанатты жайып!
Ақыл тəте:
– Сен бекерге асып-таспа,
Қиқарлықты таста.
Қиғаш:
– Мен бар ғой, мен, тақпақ айтуды
Сырғанап келіп бастаймын.
 Мəссаған:
– Сахнада сырғанақ тебесің бе?
Ақыл тəте (күлімсіреп):
– Мəселені өзінше шешті тентек,
Айттым ғой, Қиғаш – есті тентек.
(Балалар күліп жібереді, Айттым ғой ғана өкпелі.)
Айттым ғой:
– Қиғаш есті болсын-ақ,
Айттым ғойдың жазығы не?
Ақыл тəте:
– Ə, өкпелеп қалдым, де,
«айттым ғой» – мəтелі сөздің.
Сендерді түзеу орнына,
Өзім де жаман үйреніп:
«Мəссаған, Əрине, Айттым ғой»
Дейтін болыппын,
Мен содан қорықтым.
Жалған аттан, жауыр сөзден
Құтылу керек осы кезден.
Мəссаған, Əрине (қосылып): – Қалай, қайтіп?
Ақыл тəте:
– Жауыр сөзді айта бермей,
Талғап сөйле, ойлап сөйле.
(Мəссағанға қарап):
Мағрипа деген атың бар,
Мəссағаннан аулақ бол!
(Мəссаған мақұл көріп, басын изейді).
 Келісе кеткіш Əлиге,
«Əрине» деген жалған ат жабысқан.
(Əрине басын тұқырады.)
Сен оған намыстан!
Əрине (еріктен тыс): – Əрине.
Ақыл тəте:
– Жауап сөздің бəріне
Мəн бергейсің əлі де.
Сəндігүл, саған наз айтсам:
«Айттым ғойды» азайтсаң.
Айттым ғой: – Мақұл! Бұдан былай болсын солай!
Мəссаған, Əрине (қосылып): – Ə, Қиғаш ше, Қиғаш?
Қиғаш:
– Менің атым – Мирас,
Сырғанауым ғана қиғаш.
Ақыл тəте:
– Сырғанауың дұрыс,
Енді сен жарысқа барасың,
Мəнерлеп сырғанаудан
Өнеріңді сарапқа саласың.
Айттым ғой:
– Онда, сырғанаудан тынбау керек,
Шеберлікті шыңдау керек.
Əрине:
– Үш күн айнаға қарап,
Үш күн музыка тыңдау керек.
 Мəссаған:
– Мəнерлеп сырғанау үшін
Тамаша əуен таңдау қажет.
Ақыл тəте:
– Талпындың екен, талмау қажет,
Биікке самғау қажет.
(Қиғаш екі қолын басынан жоғары көтеріп, қолдарын қатты түйістіріп, серт бергендей белгі жасайды. Бəрі де солайша салтанатты күйге көшеді).




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу