04.02.2022
  87


Автор: Жарасбай Нұрқанов

БІЗДІҢ ҚИҒАШ - 1

Бір перделі, үш көріністі қойылым
Ойнаушы бейнелер:
Қиғаш,
Айттым ғой,
Мəссаған,
Əрине – оқушылар,
Ақыл тəте жəне Ауыз жаппас.
Бірінші көрініс
Мұз айдыны, яғни тақтай еден бар. Қиғаштың аяғында –
ролик.
Қиғаш:
– Тағып алып, коньки біз,
Сырғанаймыз, қалқимыз.
Қызған сайын денеміз,
Қиғаш-қиғаш тебеміз.
(Тайраңдауын күшейтіп, əріге кетеді. Сахнаға Айттым
ғой, Əрине, Мəссаған шығады).
Айттым ғой:
– Айттым ғой, «Ол осында» деп,
«Болмайды тосуға» деп.
Жұрт мұны тосып жүр,
Бұл мұнда босып жүр.
Əрине: – Əрине, босып жүр.
Мəссаған: – Мəссаған, жосып жүр.
Айттым ғой: – Қиғаш, Қиғаш, тоқта!
(Қиғаш жалт қарап, қалт тоқтайды.)
 Қиғаш: – Басқа айтарың жоқ па?
Айттым ғой:
– Күттірдің ғой сен текке,
Неге келмедің мектепке?
Қиғаш:
– Мана біткен сабағым,
Мектептен қазір не аламын?
Мəссаған: – «Не аламыны» несі?
Айттым ғой: – «Кездесуге əзірлік» деші.
Əрине:
– Əзірлікті қайтсін бұл,
Сырғанақтан шыққан ғой есі...
Қиғаш:
– Қиғаштың есі – орнында ,
Кездесу кеші – ойымда.
Айттым ғой:
– Айттым ғой, бұл бəрін біледі,
Біле тұра, бетімен жүреді.
Əрине:
– Қиғаш тартып үнемі,
Өзі бізге күледі.
Қиғаш:
– Мен қашан сендерге күлдім,
Мен мұнда əзірленіп жүрмін.
Айттым ғой, Əрине, Мəссаған (қосылып): – Қ-а-л-а-й-ш-а?
Қиғаш (кекесінмен): – Б-ы-л-а-й-ш-а!..
(Сырғанай жөнеледі. Алуан қимыл жасайды.)
Жалтырайды көкше мұз,
Тайғанайды өкшеміз.
Қызған сайын денеміз,
Қиғаш-қиғаш тебеміз.
 (Əрине шыдамай, Қиғашқа қосылады.)
Мəссаған:
– Мəссаған, мынаған не жоқ?
(Əрине тайғанақтап, тəйкесінен түседі.)
Сол керек саған, шоқ-шоқ!
Айттым ғой: – Қой, табалама босқа.
Қиғаш: – Неғып жатырсың, ей, қасқа?
Айттым ғой:
– Сен күлме досқа.
Қол ұшын бер одан да.
Қиғаш: – Мұндай осал болар ма?
(Əринені қолынан тартып тұрғызады.)
Демек, құламау үшін кенет,
Айдынға шығып,
Сырғанау керек!
(Сахна төрінде сайрандайды.)
Мəссаған: – Сырғанауын қоймайды.
Əрине: – Ойынға бұл тоймайды.
Айттым ғой:
– Несіне қарай береміз,
Ақыл тəтеге айтып көреміз.
(Үшеуі асығыс кетеді.)
Қиғаш (ойнақы):
– Оған дейін Қиғаш
Босқа қарап тұрмас...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу