Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  103


Автор: Жарасбай Нұрқанов

СƏКЕН ЖЫРЫ

Ақыл қонған, ақын болған қазақтың
Өмір бойы көксегені – азаттық.
Амангелді сарбаздары атойлап,
Сəкен жырын санамызда маздаттық.
Сəкен жыры – жаңа дəуір жалауы,
Жалауында – Октябрьдің алауы.
«Асау тұлпар» дүбірлетіп даланы.
Ескен желдей елге жырдың тарауы.
Еркіндіктен екпін алған тың ырғақ –
Тыңдадың ба тұла бойың шымырлап?
Сəкен жырын жатқа білген жастардың
Сөз теруі мүмкін емес жыбырлақ.
«Маңайына жан жуытпас тəкаппар,
Шаң жуытпас кербез» дейтін лақап бар...
Оқжетпестей оқшау біткен Сəкеннің
Жөні жоқ қой оңды-солды жалпақтар.
Елпеңдемей кездескенге жолай бір,
Өршіл болу – емес, баурым, оңай бұл.
Биік тұғыр ұстанбаған адамның
Өнер құсы шарықтауы неғайбыл.
Айдарына қызыл таққан тұлпарым,
Қанаттары қызғылт тартқан сұңқарым.
Сұлулардың есін алған көкемнің
«Тау ішінде» келеді əнін шырқағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу