Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  134


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ЖАН БІТКЕН ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ТОСАДЫ АЛДАН

Таң суық,
кешкі аязың одан да əрі,
Даусымның қарлығуы содан-дағы.
Қаусырып етек-жеңін алды күндер,
Таусылып жылдың қалың календары.
Келері Жаңа жылдың айдан анық,
Қамданып,
құшағын ел жайған анық.
Кім екен сасқалақтап жүрген сонау,
Үлгермей уақытты пайдаланып?
Қалпынан үйреншікті əрең аунар,
Əлі де кездеседі керенаулар.
Өмірге қарыздар боп қалғандардан
Жаңа жыл алашағын келе даулар.
Ескі жыл тұғырынан босай түсіп,
Жөнелмек мəңгілікке қош айтысып.
Жұрт оған жүрдім-бардым қол бұлғайды,
Шулайтын күні кеше тост айтысып.
Өңкей бір теңбіл көкті тепсіндіріп,
Əбзелін əшекейлеп жексін жігіт.
Пар-парлап,
көсем салған көк керуен,
Күмістен шашу шашып кетсін жүріп.
Сапарын Сахалиннен бастап ала,
Бағытын қойсын түзеп астанаға.
Жөнелсін желдей ескен жеделдікпен,
Жаңалық,
аршындамай, жасқана ма?
 Қызықтап Таймыр, Саян өлкелерін,
Балғын жыл бажайласын ел көлемін.
Мұхит пен Тундраның тұнық сырын
Көзіндей көре білсін ең көненің.
Бұрылсын бұғылы жер,
киікті елге,
Көтерсін қорық заңын биіктерге.
Нұрына бейбіт күннің бөленбеген
Қалмасын түкпір қоныс,
тұйық пенде.
Жеткенде жедеғабыл таңда бұлар,
Тайгада жол ұзарып қалғаны бар.
Сібірдің орманы мен жолдарының
Келген жыл білсін ара салмағын дəл.
Жан біткен жақсылықты тосады алдын,
Елімде қаншама адам – соншама арман.
Келер күн кемесінен бақыт күтіп,
Баршасы жаңа жылды қоршап алған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу