Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  163


Автор: Жарасбай Нұрқанов

КӨКТЕМГІ СЕРУЕН

Менің сөзім мүмкін қиғаш, мүмкін дəл,
Теңеулермен сөйлейтұғын ғұрпым бар:
Əлі құрғап үлгермеген алаңқай
Киіз төсеп тастағандай былқылдар.
Табанымнан тарта берсін саз деген,
Бозға шыққан бостан сəтті мəз көрем.
Жар қабақтан, жалғыз ағаш түбінен
Табылатын секілді бір назды өлең.
Жар басынан қарау қандай əріге,
Алақанға салғандайын бəрі де.
Бусаныңқы атыраптың көкшесі
Меңзейтіндей тіршіліктің мəніне.
Айдын көлге қарадым да мен келіп,
Жақсы теңеу таппай қойдым сенделіп.
Басын шайқап отырғандай дəл соған,
Көкала үйрек көл бетінде тербеліп.
Аспандағы тырналардың тізбегін
Талып жеткен дауысынан іздедім.
Бақыт бардай қанатында құстардың,
Күнгей жақтан күдерімді үзбедім.
Арнасынан асатындай бұрқылдап,
Бұлақтар да көктем сайын бұлқынбақ.
Өзін-өзі мақтауы да қызық қой
Көкек дейтін көксоққанның сұңқылдап.
Жүрген шақта көңіл шіркін құлазып,
Қос аққуды көргенің де мол азық...
...Дала кезіп, сейіл құрып кетуге
Жібермейді тұла бойым тоңазып.
 Айнала дүз мұнарланған көгілдір,
Өз-өзімнен құмарланған өмір бұл.
Мың бірінші жер серігі секілді
Əлдеқайда, əлденеде көңіл жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу