Өлеңдер ✍️

  03.02.2022
  176


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ДОМБЫРАШЫ ДОСЫМА

Бұра, бұра, қос құлақты, дəл бұра;
Қатайт, қатайт. Астыңғысын мол бұра.
Жетті, жетті.
Бас пернені басып қал,
Күмбір-күмбір сөйлеп кетсін домбыра!
Тағы да бас,
тағы да бас пернесін,
Сүйрік саусақ ішекке тыным бермесін.
Жыр бұлағы,
күй өзені құйылып,
Теңіз тулап кең арнаны кернесін.
Төмен, төмен,
сырғы, сырғы сағаға,
Асау тасқын төгілсін кеп жағаға.
Кері кетіп, қайта соғып өр толқын,
Дарияны көбік жапсын ақ ала.
Жоғары өрле – қыран құсың самғасын,
Шарықтасын, қанаты бір талмасын.
 Бебеу салып,
безек қаққан екі ішек
Қос жүректі бір-бірімен жалғасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу