Өлеңдер ✍️

  31.01.2022
  175


Автор: Ақан Сері

ПАТША ӨКІМЕТІ ТУРАЛЫ

... Патша алыс, жете алмаймыз Петрборға,
Және де сегіз санат алыс қия...
Мал өсірген халықпыз, егін екпей,
Аз жерге сия алмаймыз сызғандай-ақ.
Шеттен келген төрелер порым қылған,
Қазақ жайын білмейді жалғыз қарап.
Петрбордан шапқатты санат келсе
Патшадан жарлық алып, құдай қалап,
Қазақ үшін қайғырып жылар еді,
Ол мейірбан ел болса, ұялмай-ақ.
«Қойдан қоңыр не қылған халық еді!..» деп,
Көз жасын, қайтар еді, тия алмай-ақ...
* * *
Барабар крестианға тең болмадық,
Тартылып қай жараға ем болмадық?
Малымыз, жерімізден пайда тиіп,
Қалайша патшамызға дем болмадық?
Орыс, ноғай, сарт, сауан саудагерге
Қалайша малмен, жермен тең болмадық ?..
Сексен бес жыл болыпты бодандыққа,
Қайырсыз патшамызға ел болмадық.
Құр мен қоян секілді алуға оңай,
Қай жұртқа аңқаулықпен жем болмадық?..
Қазақ малы азайса халқың азар,
Қалайша бай көпестер дүкен жасар?
Патшалық дүкендердің бірі кемір,
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
* * *
Тасыған қазақ көзі бұлақтай боп,
Соятын крестианғы ылақтай боп.
Патшаның сүйікті ұлы келгеннен соң,
Шетке шығып қалдық қой брактай боп...
Қор болып крестианның табанында
 Қалайша күн көреміз дәурен кешіп?
Темір айыр, ақ балта қолдарында,
Тілге келмей ұрады өңмеңдесіп.
Іштен келген тоңмойын, надан халық.
Бұл жұртты ойран қылмай ма төбелесіп!
Осы күнде мағұлұм сұрасаңыз,
Талай жанның тастап жүр басын кесіп.
Қасиетті ата-баба зияратын,
Үстіне егін салды жайлап есіп,
Тірі түгіл өлінің көрін алып,
Былайша іс қылады ерегісіп,
Қай Дума, кәмәсие болсадағы
Бұған зәкүн сұраймыз төрелесіп:
Жетпіс екі миллетте жол бар ма екен,
Сүйекті, дінді қорлауға тепкілесіп?
Құдайдан кітап келген халық болса,
Іс қылмас айуандарша көрді тесіп.
Русия патшасының низамында,
Мұндай іске Інжілде зәкүн нешік?
Бұларға патша низам білдірмеп пе?
Надандықпен қыла ма гуілдесіп?
Бір орыстың тимейді моласына
Қазаққа әдейі қыла ма дүрілдесіп?
Қазақтың халқынан да крестианға
Ит баласы қадырлы бір көк күшік.
Жыртқыш айуан мінезді халықпенен,
Қалайша отыр дейсіздер біргелесіп?
Қалайша күнін көрсін қазақ байғұс,
Күнде сот, күнде бунт боп илесіп?. . .
Сөзімнің дәлеліне салсаң назар,
Қазақ малы кемісе, бәрі кемір:
Ірбіт, Мәскеу, Мәкерже – күллі базар.
Сиыр, қой, жылқы қылы, май, терісі,
Пәбрик те асыл пұлды жүннен тозар.
Шолақ мәстек, қу бөшке крестиан
Қазақтың байлығына болмас ажар.
 Сендер үшін қазақ малы азайды деп,
Пәбриктер крестианның шашын күзер.
Зияраттың тақтайларын ұрлап алып,
Айуанша қараңғыда қазып мазар,
Үстіне егін шықса қырқып алып,
Аузына не тигенін итше қажар.
Біз салдат патшаға бердік дейді,
Омырауға салады өңкей ожар.
Қай жауды әскер беріп мұқатыпты,
Соғыста салдаттары жүреді азар.
Күллі халық қасыбы қазақпенен
Қисап неге қылмайды думашылар?
Пайдасы крестианнан кейін бе екен,
Қазақтың қайран малы көлге жүзер!
Әскерге де ат керек, тамақ керек,
Данышпандар қисапты қылса сезер.
Жер, суын, баққан малын алдыңыз да,
Қазақтан бұл уақытта болдың безер.
Дариға, дертті заман келгеннен соң,
Қаламда жөн қалмайды тізген тежер!..
Бостаншылық берсе егер басымызға
Патшамыз мархамат қып ризаласып,
Бетімізбен біз де өлмес күнін көріп,
Тынышты жай іздер едік арып-ашып.
«Құрметті» крестианға жер кеңісін,
Орнымызды сол алсын әһілесіп.
Өлтірсе құн, сатылсақ пұлымыз жоқ,
Қор елді не қыласыз «құрметтесіп».
* * *
Мархамат патшамыздан ала алмадық
Ия Бұқар кетеміз бе ия Түрсия?
Ородниктің (урядник) астында қалғаныңша,
Тіршілікте іздеңіз исламия,
Бір үш кез жер тимейді өлгеніңде,
Бұ не кеп, бұ не қасірет қамкіния!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу