Өлеңдер ✍️

  31.01.2022
  269


Автор: Ақан Сері

Қыздарға

Қыз бала сұлу болса болар қандай,
Ләззаты тіл тартады шекер-балдай.
Күлім көз, оймақ ауыз түссе қолға,
Сүмбіл шаш, қиғаш қасты, жазық мандай.
Жұлдыздай екі көзі жалт-жұлт етіп,
Жанынан арғы-бергі кетсең өтіп.
Басына кәмшат бөрік қырын салып,
Қасыңа іркілместен келсе жетіп.
Күмістей он саусағы тартқан сымдай,
Серке сан, бөтегелі, белі қылдай.
Бұралып, он майысып бүктетіліп,
Қыссаң да қай жерінен тұрар сынбай.
Ойқастап саяқ малдай жүрсе шеттеп,
Кеудеңде жаның болса тартар ептеп.
Аспайтын бар салмағы уысыңнан,
Емшегі келе жатса жаңа беттеп.
Ғаламға шыққан Күндей нұрын шашып,
Сөйлесе, шаттандырса көңіл ашып.
Жиын той, қыз-келіншек бас қосқанда,
Көрінсе қатарынан мойны асып.
Шырайлы серім таспа болса, нұры,
Сұрғылт боп ақ қояндай келсе түрі.
Сары боп, қас пен көзі қара болса,
Оны сүйген жігіттің болмас мұңы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу