Өлеңдер ✍️

  29.01.2022
  189


Автор: НҰРЛЫБАЕВА ГАУҺАР

ЕШҚАШАН


Жоғалып кеткендей ай менен күн бірге,
Қалғандай болсаң да тар қапас, үңгірде,
Көретін жарықты күнің бар, үміт ет,
Ешқашан өмірге өкпеңді білдірме.

Шүкір ет, тəубе қыл қолдағы барыңа,
Қиындық соңынан қайыр бар тағы да.
Жасықтық танытпа кеудеңде жан барда,
Ешқашан наз айтып, тағдырға налыма.

Оранбай қалсаң да үлде мен бүлдеге,
Таршылық танытып, өзгені күндеме.
Талпыныс жасасаң, болады бəрі де,
Ешқашан тағдырды қарғама, тілдеме.

Сəждеге бас қойып, тізерлеп құла да,
Алладан сұра тек, пендеден сұрама.
Опасыз дүние, мансап пен байлыққа
Ешқашан құмартып, жасыңды бұлама.

Сен емес, Тәңірің - ғаламның егесі,
Көрсеткен əр күнін бақытқа теңеші.
Жақсысын, жаманын - бәрін де қабыл ал,
Ешқашан:"Өмірден түңілдім! " - демеші!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу