Өлеңдер ✍️

  28.01.2022
  143


Автор: Қуат Адис

Жырау

Шығарып қос жанардай тұнықтан жас,
Тыңдалмаса, өнер де ұлықталмас.
Әрбір сөзі көненің көшін жалғап,
Жырау отыр төрімде құрып молдас.
Өскен соң жастай тыңдап баба зарын,
Тарқатады бойдағы «жан азабын».
Сүлейлердің сақталған сарқытындай,
Санасына сіңірген дала заңын.
Қолына домбырасын алса ырымдап,
Қонар бір сәт басыңа бал шырын бақ.
Көмейінен көшкенде күркіреп жыр,
Кетеді тәнің ұйып, жан шымырлап.
Сөз құлатса кеудеден ұл көшелі,
Жанының жазылады мың кеселі.
Дауылдатып алады алдыменен,
Содан соң төпелейді жыр нөсері.
Әдеті бар әдептен озбас әрі,
Санаға сіңбек емес сөз нашары.
Көмейінің күмбірлеп қоңырауы,
Көңілдегі көмілген көзді ашады.
Тұрмағанбет, Базардың беу, реңі,
Жалғасқан Шернияздың шеруі еді...
Кеудесіне жыраудың түнеп қалған,
Кешегі сүлейлердің керуені.
Тарихты танытар өрнегінен,
Зерлі сөзбен тұтады төрге кілем.
Көмейінен бүгінге көш түзеді,
Кеудесіне түнеген сол керуен.
Түпкі тегі сөзінен анықталған,
Жоқ шығар жырауы бар халықта арман.
Кеудесі бұл жыраулардың алтын көмбе,
Бабалар аманатын алып қалған.
Бергенде енді бір сәт тіліне ерік,
Мүлгіп қана тыңдайсың мұңына еріп.
Жырау келсе тұрады бабалардың,
Құлағыма үзілген үні келіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу