Ертегілер ✍️
Ғалым ата айтқан сөз
Жөнделген зымыранның кідірместен дереу бет алғаны – Ынтымақ аралы болды.
Тау арасындағы үлкен ғылыми орталықтан Ғалым атаны табу онша қиынға түскен жоқ. Бір зертхананың түкпірінде шұқшиып жұмыс істеп отыр екен. Ол бұлармен жылы амандасып, ежелгі танысындай тез шүйіркелесіп кеткен. Бұлардың әңгімесін естігеннен кейін-ақ, әлгінде мейірім нұрын шашып тұрған өңі сабындай бұзылып қоя берді. Қайтақайта басын шайқап, қатты қапаланды. Қарсы алдында:
– Ата, мына соғысты қайтсеңіз де тоқтатыңызшы. Ендігі үміт сізде ғана. Бір амалын табыңызшы, – деп жалбарына сөйлеген екі дос отыр.
– Менің де негізгі мақсатым жер бетіне тиянақты бейбітшілік орнату еді, – деді
қарт бір кезде басын көтеріп алып. – Бар ғұмырымды сол үшін сарп етіп, тынбастан еңбек етіп келемін. Сол еңбегімнің нәтижесі – саналы тіршілік иелерін зұлымдықтан, қатыгездік пен қанішерліктен арашалайтын дәрі де ойлап табуым.
– Ур-а-а! – деді мына жақсылық хабарға қуанып кеткен екі дос.
– Бірақ бұл дәрінің екі кемшілігі бар.
– Қандай, ата?
– Біріншіден, бұны жасау қиын әрі қымбат. Екіншіден, дәрінің күші ұзаққа бармайды.
Мен қазір осы дәріні жетілдіру үстіндемін. Бір замандарда мейірімділік дәрісі жер бетінде болыпты. Әттең, адамдардың салақтығы мен ұқыпсыздығының салдарынан құрып кеткен ғой.
Атайдың сөзін бар ықыласымен тыңдап отырған Бекен өзінің тағатсыздығын сездіріп:
– Ол дәріні кім жасаған екен? – деп қалды қарттың сөзін бөліп.
– Дәрі біздің планетамызда ежелден болыпты. Көне жазуларға қарағанда, ол «Мейірімділік сәулесі» деп аталған.
– Ой, Алла-ай! – деп қалды Бекен тағы да.
– Ол кезде Жер бетіндегілер ғарыштың басқа түкпіріндегі Мейірбан планетасымен жақсы қарым-қатынаста болған. Жер адамдары түрлі таптар мен топтарға, елдер мен ұлыстарға бөлініп, өзара қырық пышақ бола бастаған ғой. Сол кезде мейірбандықтар өкпелеп, Жерге оралмай кетіпті.
– Апыр-ай, ә? – деді тағы да Бекен.
– Егер «Мейірімділік сәулесі» бір болса, сол Мейірбан планетасында болады.
Бекеннің өтінішімен қарт ғұлама Ғарыш картасынан Мейірбан планетасы орналасқан шоқжұлдызды көрсетті.
– Сонымен, сіз дәріні толық жасап болғанша, Дән еліндегі соғысты тоқтатудың басқа амалы жоқ па? – деді Шапағат бір түрлі мұңайған дауыспен.
Атай бөлме ішінде біраз толғанып жүрді де:
– «Соғысты табан астында тоқтата салуға болады» деп айта алмаймын. Бірақ жер жүзі халықтары бірігіп, күш қосса, түбі қайда барар дейсің.
– Ой, ата, сіз қызықсыз. Оған дейін талай адам қырылып бітпей ме? Жасырмай, ашығын айтыңызшы, ата.
– Әрине, соғыс құрбандықсыз болмайды. Мұндайда бейбітшілік адамдарға қымбатқа түседі. Тым қымбатқа.
Атай қанша бәйек болып әуреге түскенімен, достар жарытып тамақ та іше алмады.
Соғысты тоқтату алғашында тым оңай сияқты көрініп еді. Енді аңғарса, жер бетіне бейбітшілік, тыныштық орнатудан күрделі нәрсе жоқ тәрізді.
Әзірше достар жете түсіне бермейтін қайдағы бір себептер аяқ аттаған сайын алдарынан шығуда.
Май тоңғысыз жылы түн еді. Достар кең ауланың ішінде әрлі-берлі қыдырыстап жүр.
Бекеннің үйден шыққанына бір тәуліктей болып қалыпты. Таңертең оралармын деп ата-анасынан рұқсат сұрамастан, тіпті ешкімге айтпастан, қайдағы бір қиырға тартып отырды емес пе? Енді ойласа, осы қылығы бекер болған сияқты. Үй іші мазасызданып, абыржып жатқан шығар. Мамасы өзі сияқты сабырсыздау кісі еді, тықыршып жүргені анық.
Папасы мен қарындасы да есіне түсе береді, өздерін ептеп сағына да бастағандай.
Бірақ амал жоқ...
Аспанға қарап ойланып тұрған Бекен кенет Шапағаттың арқасынан қағып қалды:
– Қарашы, Шапағат, тура төбемізге қарашы.
– Иә, көрдім. Жұлдыздар жыпырлап тұр екен.
– Біз солай қарай ұшсақ қайтеді. Атай айтқан «Мейірімділік сәулесін» алып келсек.
Кәне, қазір-ақ ұшып кетейікші осы.
Мұндай оқыс ұсынысқа Шапағаттың кідіріп барып қана жауап беретін әдеті:
– Сәл сабыр етіп, ойланып керейікші. Зымыран қияндағы сол бір планетаға жете ала ма? Жеткен күннің өзінде жерге қалай ораламыз? Асықпай ойланған жөн-ау.
Бірақ Бекеннің бүйтіп байсалды ой тоқтатуға мұршасы жоқ еді. Ойына алған нәрсесін іске асырып тастағанша тағат тауып тұра алмайтыны тағы бар.
Шапағаттың сөзіне қарамай, зымыран аспан кеңістігіне тік көтеріліп кете барды.
Бет алғандары – тіпті Жердің де емес, Ғарыштың қайдағы бір қиыры.
Шеңбер жасап Жер шарын айнала ұшқан кездегідей емес, зымыран өнерін енді көрсетті. Ұлан-байтақ кеңістікті тіліп, зымыраған аспан көлігінің ұшуында мүлтік жоқ.
Стрелка көрсеткен жылдамдық – жарық жылдамдығына жуық. Соның өзінде зымыран Мейірбан планетасына дейін тұп-тура бір тәулік ұшты.
Аудио нұсқасы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter