Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  162


Автор: Арман Шеризат

Бәрі осылай қалуға мұрша бар ма?

***
Бәрі осылай қалуға мұрша бар ма?
Бәрімізді уақыт тұмшалауда.
Батқан күнді қимадым ... Ал біреулер
Жалақыға жете алмай, күн санауда.
Өткен уақыт, өткен күн жеткізе ме?
Асау жылдар бас бермей кетті неге?!
Шиырлаған ойлардың шырмауынан
Қалың мұңға беремін кеп тіреле...
Санаға салмақ салған сезімдерден,
Сан рет сарсаң болып жеңілгем мен.
Көлгірсіген талайлар көзімде өлген,
Адамдардан не таптым безінгеннен?!
Өз көшімен уақыт тағы айналды,
Біреуден жыр, біреуден сарай қалды.
Көкжал рух ұлыса, күшігінен
Ит — тағдыр талап берген талайларды.
Әдетіңе, ей, тағдыр, бас тағы да!
Төгіп жатқан жаңбыр ма, жас па мына?!
Қайғы мұңы аралас өмір менің
Өлеңімнің айналған аспанына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу