Өлеңдер ✍️

  19.01.2022
  131


ТЕМІРЛАН ТЕМІРБАЙ

* * *

«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін!»
Мағжан Жұмабай
* * *
Кешсем де, тағдыр, талай мұңыңды,
Рухым бар – асқақ ұрандай!
Арқалап ұшқан арайлы Күнді,
Көк туымдағы қырандай!
Жаза бер, елім, арқаңды бірден,
Бес елі деймін маңдай бақ:
Түз ұлы сынды тарпаңды мінген,
Тектілігім тұр қанда ойнап!
Көктегі Күндей шаңырағым да,
Азатпын бүгін, халқым, мен!
Айтарым менің – əнұранымда,
Жазылып тұрған алтынмен!
Еңсемді басқан тарқамас қайғым,
Өткенде қалды... жырақтай!
Үмітім – жастар, алға бастайтын,
Елтаңбамдағы пырақтай!
Мейірім, рахым, шапағатпенен,
Оларда бар ғой ізгі арман!
«Қазағым!», – десе махаббатпенен,
Келешек күтер бізді алдан!
Іздейді олар – жоғымды аңғарса,
Қамымды жейді күні-түн!
Инша-Аллах, бəрі оңынан болса,
Ақталар сөзсіз үмітім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу