Өлеңдер ✍️

  19.01.2022
  113


ДАНИЯ СӘТБЕКҚЫЗЫ

Оян, қазақ

Ахаңды көрдім түсімде,
Қабағы сондай қатулы.
Жөн көрмей бұлай жатуды,
Оятам демең қазақты,
Оян, қызым, деп шақырды.
Реніш көрдім жүзінен,
Жүрмеппін түзу ізінен.
Кестелі өлең жазбаппын,
Ахаңның өткір бізімен.
Көз салып жайға бүгінгі,
Білемін іштей түңілді.
Ел болам десең еңселі,
Өлтірме деді тіліңді.
Ел, жер деп өлген еріңді,
Ұмытпа деді тегіңді.
Бастырма деді өзгеге,
Саттырма деді жеріңді.
Қазақты қазақ дос көрмеу,
Мүмкін бе бұдан сескенбеу?
Елім деп тұрсын ерлерің,
Болмасын деді бос белбеу.
Алаңдатады бүгінің,
Білмеймін, өлі, тірі кім?!
Кетпесін жатқа ұрпағым,
Кетпесін деді сіңілің.
Бұл күнде зулап өтер шын,
Бірлікпен баққа жетерсің.
Қазақты қазақ бауыр деп,
Байрақтай көкке көтерсін.
Жақсы мен жаман жарыспақ,
Арыңнан кетпе алыстап.
Қазақты қызым, оят, деп
Қаламын кетті табыстап.
(Ұйқыдан тұрып Ахаңа,
Оқыдым құран бағыштап)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу