Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  123


АДЕЛЬ МҰХАМЕДЖАНОВА

* * *

Тым көңілсіз өтіп жатыр күзің де,
Қара ағашым, қартаң тарттың бүгінде.
Сыбырлап ем құлағыңа ақырын,
«Ұлы шайыр боп келем» деп түбінде.
Жотаң жатыр жазыла алмай ұйқы орап,
Бұлдыр жақтан ойналғандай күйтабақ.
Төмен қарап үнсіз тұрдым ойлана,
Қабығынан қара ағаштың сипалап.
Қиырларға тұрмысың сен көз сүзіп,
Бүршігіңнің сыры терең айқабақ.
Сендік болған жапырақ та нәп-нәзік,
Қалқып кетті өзен бетін аймалап.
Қимай күтіп тұрып едің сен мүлдем,
Қара жолмен көкжиекке сіңдім мен.
Бала кезге куә болған топ шынар,
Қайда кетті? Қайдан ғана білдім мен?
Көпті көрдім, махаббат пен мұңды да,
Алабұртқан алауыз бен сұмды да.
Ал, сөйле, қарт абызым, сыныңды айт,
Жырақ кеткен бала-сәби оңды ма?
Арам тәнмен толтырып жер уысын,
Талай надан қашырды ел ырысын.
Қара ағаш, құшақты кең жая түс,
Оттай жанған нала кеудем суысын.
Тау теңселіп, көкіректе күн күлген,
Ұлы шайыр шықпас, енді, кім білген.
Көпті түйдім, түймесім де көп шығар,
Қара жолмен көкжиекке сіңдім мен.
Үнсіз ғана қарап тұрдың, жөн болар,
Дара болу мақсат еді, біртуар.
Алаулап ап, шайыр жолын қуыппын,
Тәкаппардай мансап іздеп, мал қуар.
Көкжиекке сіңді ойдың сұстысы,
Қол бұлғайды алда арман тым ұзақ.
Ұлы шайыр болу емес бастысы,
Нақ азамат атануың дұрыс-ақ.
Өмір сырын өрнегімен көп түйген,
Қартаң жанды бейнелеуге тырыстым.
Өлеңімді жан-тәніңмен шын сүйсең,
Жүрегіңде пайда болар бір ұшқын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу