Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  180


Автор: МЕРЕЙ ҚАРТ

Қамшы

Шабандоздан шыға қоймас серт жұтаң,
Атқа шапсам жалын құшып, өрт жұтам.
Сәйгүліктің көз сорасын сүртетін,
БӘЙГЕ ҚАМШЫМ 
тобылғы сап, төрт тұтам.
Жылқы мінсем көңіл аумас күйбеңге.
Ыстық қаным тамырымда билеуде.
Талыс тері қақ айырылып кетеді,
ДОЙЫР ҚАМШЫМ
иіріліп тигенде.
Торыменен топқа кірсең ду аңсап,
Абырой ғой салым салып қуансақ!
Айбат берген, қайрат қосқан бойыма,
КӨКПАР ҚАМШЫМ,
жылан тері, жуан сап.
Арба шегіп, желісіне шалқымау,
Пай-пай деусіз, өткен өмір олқылау.
Дәрте басын үш айналып орайды,
СОПЫ ҚАМШЫМ
ұзын құлаш, жалқы бау.
Жылқы сырын бір адамдай түсінем,
Таңдап мінем тарланбозды ішінен.
Иіремін асауы көп үйірді,
Үш шығыршық 
ҮЙІР ҚАМШЫ мысымен.
Жанға қуат сәйгүлікке бай далам,
Тектілері тұғырынан таймаған.
Асау мінсем бас бермейтін, бағынбай
БАПТАУ ҚАМШЫМ
борбайында ойнаған!
Өмір мынау қысқа қамшы сабындай,
Арғымақ күн өтіп жатыр сағымдай,
Қара өлеңім бәйге бермес - Қара кер,
Келеді әне,
ауыздыққа бағынбай!


* * *
Тастан да тәлім тыңдаппын. 
Тамшының үні – жұмбақ мұң, 
Түйежапырақ бүркеніп, 
Жапалақ сынды түн қаттым.
 Даусымды естіп әр қырдан,
Жартас та жарқын жаңғырған. 
Бұлақ та , шөп те жыр оқып, 
Есімнен талай тандырған. 
Амал не... жаздың соңғы айы. 
Құстар да кетер... шалғайы... 
Менің де жаным суыйды-ау, 
Судың да қатып тоң майы. 
Тамыздың түбі – қапырық. 
Маңыранған – нендей мақұлық?!.. 
Дуалап бұлтты көрсем бе, 
Жындарымды шақырып!..


Жан сырын жөндеп оқымай, 
Адастым, сірә, апыр-ай!. 
Ақылыңды айтшы сен маған, 
Тәңірге, Күнге жақын Ай!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу