Өлеңдер ✍️

  11.01.2022
  96


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Күншілдер-ай!

Күншілдер ай,
Кінәмшілдер, күншілдер!
Күндессің бе,
Кәпірсің ба, кімсіңдер?
Жаза басып, орға біреу құласа,
Оған күліп жүрсіңдер.
Күншілдер ай,
Кәпір емей кімсіңдер.
Тағдыр тағылым,
Көп қой оның сынағы.
Бүгін біреу қара басып құлады.
Мысқылдама, құлаған жан бір күні,
Басыңа кеп таяқ ұстап тұрады.
Әркімнің ақ, бәле қағар есігін.
Шын сұрасаң, Алла да етер кешірім.
Өкпең болса, кешіре сал үндемей,
Дүйім жұртқа жарияламай, есімін.
Қазағымның, осы міне «Кеселі».
Өкпе назды ұмытпапсың кешегі.
Табалама,
Кешірімшіл болсаңыз,
Алла ұлық,
Бар күнәңді кешеді.
Бұралаңды өмір мына, жарқабақ.
Кешіре сал,
Сонда шерің тарқамақ.
Ғайбаттайсың, жетер енді біреудің,
Кетпей тұрып бар кінәсін арқалап.
Ерек тұрар ерлер биік санамен.
Жақсы жанға мен өзіңді балап ем.
Жарым жасың жер ортадан асқанда,
Бала болып, кеткенің не баламен?!
Елің мынау,
Сөз айтсайшы келелі.
Жамандығың өз алдыңа келеді.
Жақсылық пен жамандығың өлшеулі,
Қайтарымын Алла өзі береді.
Жалған дүние,
Күйін күйттеп құнсыздың.
Сол үшін де күндемеймін, үнсізбін.
Тайталаспай тыныш жүрсең жайыңа,
Жағаңызды жыртар еді, кім Сіздің?!
Біреу саған, көрсетсе егер арқасын,
Бар кінәні соған сойып артасың.
Өлшеулі өмір,
Бақ та, сор да өзіңнен,
Өз жазаңды өзің ғана тартасың.
Ер көтерер болса дағы қандай сын.
Жұртты қарғап жақсы атақ алмайсың.
Орыстарда керемет бір мақал бар,
«Табалама – табалы боп қалмайсың».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу