Өлеңдер ✍️

  04.01.2022
  194


Автор: МАХАББАТ ЖАРБОСИНА

Қызылқұдықтағы барлық Əжелерге арнаймын.

Қайран әжем, көңілдегі лағыл мұң
Өнегеңмен өлең болып ағылдым.
Құшағында күннің ыстық табы бар,
Әжімі- гүл, нұрлы жүзді сағындым...

Өсиетін мәйек сөзбен моншақтар,
Бір кеудеде дәстүр жайлы сонша ақпар...
Ертегіңді Ай тыңдаған әйнектен
жақсы екен-ау, сол шақтар... .

Саған арнап жазғам сөздің патшасын
Мен атыңмен бастағанмын хат басын.
Ботасына ақ батасын беретін
Əжелерді Тәңір өзі сақтасын!

Ауылдағы үй. Тұскиіздер жайнап кіл
жас күніңе куә болған аймақ бұл.
Текеметке тұнып қалған оюлар
Сенің өмір өткеліңнен сайрап тұр.

Қарияны қазына деп атапты ел
Еңбегіңмен ақталады атақ – тер.
Өмір мені сүріндерсе соқпаққа
Жаулығыңмен жан жарамды матап бер.

Өзің жайлы Жырым жүрсін жаңғырып,
Атыңды айтам ең қадірлі ән қылып
Тірісің сен жоғалтқам жоқ, мен мүлде
Саған ғашық бала жүрек мәңгілік...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу