03.01.2022
  255


Автор: Құрманбай Толыбаев

СОҚПАҚТАР

Ұзақ қысты өзінің үйінде өткізген Әсет шөбі қалың, жайы- лымы мол Шұбартөбекті қыстады. Тақия құмы мен Тұзды көл маңынан ұзамады. Көктемде  құлпырып кететін  Шөладырды


сағалай жылыстап, ел жайлауға шыға үйін Сайрам көлінің төріне қондырды. Ауылдың алды айдын көл. Арт жағы алажаздай басынан қары кетпейтін Ақбайтал шыңы. Шүйкеленген ақша бұлт үйіріледі де жүреді. Ақ нөсері ауық-ауық сіркіреп өтеді. Қапталдардағы қалың қарайғай жасыл шұғаға тіккен кесте секіл- ді, көздің жауын жейді. Ақ үйлер іргелес, қойлары қоралас.


Мұндағы күн сайын өтіп тұратын қалың думанға Әсет бел- шесінен батты. Қадырихан да көшіп келіп, қасына көрші қонды. Көңілі жай тапқан Әсет енді Көкқамырдағы қалың елді аралап қайтуды ойлады.


Бір күні көл жағасындағы ауылдарды қыдырыстап жүріп, көлдің шығыс жағындағы Жалғыз қарағай қойнауына жеткен-ді. Оң жақтағы Талқының кезеңін әрі асып жатқан қасқа жолға қадала қараған Әсет:



  • Жыңтәй текшесі алыс емес пе? – деп сұрады қасындағы Қады- риханнан әлдене есіне түсіп. Ол көлденең жотаға қарай иек қақты.
  • Мына белдің арғы астында.
  • Онда солай асайық. Былтырғы Оразбай қарияның аулына барып қонайық...

Сөйтіп, түс ауа екеуі Талқыдан асты. Көксаланың терең сайын өрлеп барып, жотасына шыққанша күн де батты.


 


Бұлтсыз аспан тұңғиық түбіндей тұнған. Сиректеу жұлдыз қараңғы қуыстың түбінде жатқан алтын түймедей о жер, бұл жер- ден жылт-жылт етеді. Іңір қараңғылығы жер бетіне шөге бастады. Барған сайын қоюланып, шатқал-құздың үкірейген қуыс-қуысына шым-шым сіңіп барады. Батқан күннің соңғы шапағы сарқылып, шұбалаңдаған бозамық сілемі түннің қараңғылығымен тоғысқан. Қара барқытқа жапсырған қызыл шұға секілді.


Жалпақ аңғардың іші буға малынғандай мұнартып тұр. Соның табанында Ақшат өзені күркірейді. Қияны кенерелеген көш жолы ақтаңдақтанып, арғы бел-белесті асып, бір қиырға созы- лып жатыр. Беткейдегі тастақ жолды дүбірлетіп, қос салт атты жолаушы аяңдап келеді. Омырауын кешкі салқын, коңыр самал желпіген аттар аяқтарын ширақ басады. Құлақтарын қайшылап, түн қараңғылығына қадала үңіледі. Қиыршық тасқа соғылған тағаларынан шашыраған ұшқын шақпақ отындай жарқылдайды. Тау жолы иір-қиыр. Бірде өзенге төнеді де, кілт лықсып, қайтадан өрге бұрылады. Енді бірде шымдауыт солқылдақ қыраттарды асады. Осының өзі жолаушыларды қызықтыра түсетін секілді. Бір тұмсықта жол екіге айырылды.



  • Әсаға, Көксала артта қалды, – деді Қадырихан тоқтап. – Бергі жотасына мана шыққамыз, енді күнгейін құлдап келеміз. Сол жағымыздағы шатқал – Ақшат. Мына жолмен оңға бұрылып, анау топ қарағайдың желкесіне шықсақ, Жыңтәй текшесінің бергі шеті. Оразбай ауылы сол маңда болар, бұл жалпақ жайлау емес.
  • Уақытты мөлшерлемей асқан екенбіз, ә, Талқыдан? – деді Әсет түнге қалғандарына қиналғандай.
  • Мұндағы ауылдар жиі отырады. Қоныстарының аралары да қашық емес. Оңай тауып аламыз.

Жол топ қарағайды жанай өрлеп, ашық жазыққа шықты. Сол тұстан екі-үш үй көрінді. Арсылдаған иттер қарсы жүгірді. Жола- ушылар абалата тақап келеді. Қой шетінде жүрген біреу:



  • Бұл қайсың-ей?.. – деп дауыстады. Қасына жетіп сәлемдескен соң, Қадырихан жөн сұрады.
  • Оразбайдың ауылы қайда отырады?
  • Осы жолмен тура барған соң, үлкен дөңгелек қайнар кездеседі. Сол арадан тағы бір жол оңға қарай созылады. Сонымен бұрылып, бір бел ассаңдар, жалпақ төбенің үстіндегі ауыл Оразбайдікі.

Жолаушылар дәл тапты. Арсылдаған иттердің дауысы ай- наланы дүрліктіріп жіберді. Үйге тақаған аттылардың алдынан Оразбайдың кенжесі Дәулетбақ шықты.



  • Оразбайдың үйі қайсы, шырағым?

Үңіле қараған жігіт Әсетті айнытпай таныды да:


 



  • Ассалау-мәликөм, Әсет аға! – деп келіп атын ұстады. Үлкен үйден тонға оранған бір кісі қауқалақтап сөйлей шығып, есік ашты:
  • Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал алдынан шығуға тиіс екен. Ат-көлік аман ба, Әсетжан?.. Араға бір қыс салып барып көрістік-ау, әйтеуір... Осы жайлауда келетін-ақ шығар деп, жүр ем. Уәдеге берік жігіт екенсің. Төрлет, қарағым.
  • Сау-саламат тұрасыз ба, Ореке? – деп Әсет құшақтасып көрісті.
  • Тәңір тілеуіңді берсін, қарағым!.. Дәулетжан, ағаларыңның аттарын қара, айыл-тартпаларын босатып қой. Біраз терін басқан соң, шідерлеп отқа қоярсың.

Үйдің іші тап-таза. Есіктен төрге дейін киіз төселген. Қонақтар кіргенде орнынан түрегелген қара кемпір:



  • Аман-есен бе, қарағым? – деп амандасты.
  • Сау-саламатсыз ба, жеңеше?

Әсет төрге өтіп, шешінді. Шекпенін керегенің басына ілді. Қамшысын уықтың қарына қыстырды. Қадырихан да қамшысын солай орналастырып, киімі жеңілдеу болған соң ба, омырауының түймелерін ғана ағытып қойып отыра кетті.



  • Әсетжан, ел аралай шықтың ба, әлде ауылыңа қайтып барасың ба? – деп сұрады Оразбай қазақы әуестікпен.
  • Өзіңізге берген уәдем бар еді, Ореке, сізді іздеп келемін. Одан әрі Көкқамырды өрлеп, Ұланбураға дейін барып қайтпақ ойым бар.
  • Көп жаса, қарағым. Құрметті мейманым бол. Мұндағы еліңді де қуанышқа бөле.

Қарияның айтқаны болды. Сол кеште-ақ ән гуледі. Қадыри- ханның майда-қоңыр әуені айсыз түнді әлдиледі. Ара-тұра Әсеттің арынды дауысы арқырап, аспанға өрлейді. Оразбай қария басын шұлғи теңселеді. Көзін тарс жұмып тыңдайды да, әнге балқығандай ырғалады.


Сары қымыз сапырылған. Шишалы шамның жарығы мол. Ораз- байдың отауы бөлек балалары да жиналған. Үй толы адам. Бәрі қарияның ырқына бағады, көңілінен аспайды. Ата сыйлап өскен ибалы. Тәрбие көргендері байқалады. Даурығу жоқ, ынта басым. Бір кезде сарынын бәсең желдіртіп, шұбырмалы әуенге көшкен Әсет өмірдің бағдарын танытатын тәлімді өлеңді құйылдырды.


Өткен күн қайта оралмас өкінгенмен, Қоя ма ажал алмай бекінгенмен?


Түседі жер астына ақыр бір күн, Адам да тірлігінде кесірленген. Озбайды қалыбынан ешбір пенде,


 


Күпініп жұрт алдында көпіргенмен. Жаманға ісің түссе – ол да қорлық, Білмейді қадіріңді өтінгенмен.


Қайғы-мұң түгесілмес қара бұлттай, Біте ме, жел шығарып көпіргенмен. Бағасы алтын аяқ кемімейді,


Бір шеті сызат түсіп, кетілгенмен. Наданнан ақылы кем пайда тимес, Мал бітіп, кем-кетігі жетілгенмен. Мәстектен мақтағанмен тұлпар артық, Қан түсіп аяғына шекілгенмен.


Бөкеннен елік озбас жарысқанда, Дамылсыз тыным таппай секіргенмен. Болжалы дүниенің осылайша, Таппайсың еш жақсылық есіргенмен...


 


Әсет терін сүртіп, шегініңкіреді де, жүкке арқасын сүйеді. Бұл сөзін аяқтағанының белгісі екенін Оразбай қария түсінді де, ықыласын білдірді.



  • Көп жаса, Әсетжан!.. Әнмен де, өлеңмен де көңілімізді көтердің...

Қолға су құйылып, табақ тартылды... Әсет екі күн бойы Жыңтай текшесін жайлап отырған елдің жүрегін ән бесігіне бөледі, өлеңімен әлдиледі. Үшінші күні Оразбай қариямен қоштасып, Үлкен Көлденең судан өтті де, Суықтөбенің етегін жайлаған Көлтекшедегі елдің ортасына түсті. Мұнда да үлкен- кіші шаужайына оралып, екі күн ұстады. Осы арада жас түлек Әбішпен қайта табысты. Сауық-сайранды бірге өткізді. Бірақ әрі қарай ала кетудің орайы келмеді.



  • Әсаға, сіздерге қолбайлау боламын ғой... – деп Әбіш көнбей қала берді.

Әсет пен Қадырихан әрі аттанды. Кіші Көлденең судан өткен соң, Борқора тауын бөктерлеп, Көкқамыр адырларын өрлей жүріп келеді. Сырттай қарағанда жақындау көрінгенімен, бұралаңы, кедір-бұдыры көп ұзақ жол екен.


Қат-қабат адырлар мен жасыл белдерді асып, бір қайқаңның жотасына шыққанда арқырай тулаған үлкен су көлденеңдеді. Шұңғыл арнаны қуалап, жыландай ирелеңдеген ағынды су түйе тастарға соқтығып, жараған бурадай ақ көбік атқылайды. Кейде иін-иіндегі дөңкиген дәу-дәу жартастарды ықтай ұйлығып, шырай- нала үйіріледі. Тыныстағысы келгендей көк иірімдене көлкілдейді. Өзен аңғарын қуалай соққан желдің лебі салқын, жібектей жұмсақ.


 


Адыр арасынан, дөңгелек дөңдерден дала гүлінің хош иісі аңқиды. Айнала құлаққа ұрған танадай мүлгіген. Бөгде дыбыс жоқ. Көз ұшында боз үйлердің сұлбасы ағараңдайды. Табиғаттың осы бір тыныш құшағы жолаушыларды да баурап алған. Құлақтарын қадалта тікірейтіп, елеңдей қайшылаған аттар үнсіздіктен секем алғандай абыржиды. Жан-жағына үрке қарап, аяқтарын жүрдек басады. Қарсы соққан самал омырауын желпіп, желіге екпіндейді. Іңір үйірілді. Шоқтай жайнаған күн алыс таудан асып барады.


Қараңғылық бірте-бірте жерге шөгіп, алып қара құстай қанатын жая сұлай берді.


Сүліктей сидам, жіптіктей сұлу жиреннің үстіндегі қақпақ жауырынды, екі иығы тік, қырма сақал дембелше кісі әлденеге алағызады. Ынтызар үмітпен маңайына шұқшиып көз тігеді. Әдемі әшекейге қызыққан баладай алабұртып алған. Жұқалтаң қабағы сәл шытынған. Аңсары ауған сағынышының табы қызыл-күрең шырайынан айқын аңғарылады. Бірінің тәтті қиялын екіншісінің үзгісі келмегендей ме, әлде, жол соқты боп шаршағандікі ме, жолаушылар үнсіз. Әрқайсысы өзімен-өзі боп, іштей ширықтырған оймен томсарысқан.


Қараңғылық жердің бетін қаусыра жапты. Алыстағы тау етегінен, таяудағы ойпат-ойлардан жер ошақта жанған оттардың жылтылы қылпылдап көрінеді. Барған сайын от жарығы көбейді. Бейне қара түнде гүлден-гүлге ұшып-қонып, елбелектей қалықтап жүрген от қанатты көбелек тәрізді. Сананы тербей еркелейді.


Ирелеңдеген қасқа жол шалғайдан орағытып келіп, жіңішкелеу жыраны өрледі де, жайпақ белеңге шықты. Арынды өзеннің сары- лы қайтадан күшейді. Аспан астын жаңғырықтырып, өршелене сарқырайды. Түннің тыныштығымен тайталасқандай. Бір қа- лыпты күркіреген сарылдың арасынан шәуілдей үрген иттердің құмығыңқы үні естіледі. Бірінен – бірі озбай не кейіндеп қалмай, аяқтарын тең басып, қатарласа ентелеген екі ат құлақтарын түре ит үрген тұспалға жалтақ-жалтақ қарасады. Аялдар жеріміз осы ма дегендей осқырына белгі беріседі.


Тығыншықтай шымыр, қаршығадай төртбақ денелі кісі тізгінді қымқыра ұстағанымен, атының бұл сәттегі оқыс қимылындағы құбылысты аңғармады. Тастай түйілген, толғандырған ойының ауанына еріп алған-ды. Қасындағы жігіт ағасы да қатты ұйқыдан шошып оянғандай осы арада елең етіп, төңірегіне жалтақтай назар аударды. Маңайын жылдам шолып өтті де, серігіне көңіл жықпас биязы өтінішпен тілегін айтты:



  • Әсаға, осы ауылға бұрылсақ қайтеді?
  • Кімнің ауылы екенін білесің бе?

 



  • Жолаушыны жатсынбайтын еліміздің салты емес пе, аттап өтпейік. Әйтеуір, бір үйге қонамыз ғой. Бүгінгі жүрісіміз де ұзақтау болды... түнге сүңги бермейік.

Басын сілтей шұлғып, серіппелі секең аяңмен сырғыған кү- реңнің үстіндегі кісі бірталайға дейін үндемеді. Ауылдың өкпе тұсына тақағанда үй мұндалаған иттердің дауысы үдей түсті. Сол кезде баяу ғана:



  • Үй таңдайтын біз кімбіз?.. Өзің біл, – деді өзімен-өзі сөй- лескендей оқшаулық түрмен. Сәл бөгелістен кейін өксік аралас ышқына күрсінді. – Әлдеқайда асыққандай жүрегім алып ұшады. Көзге көрінбейтін бір серпін көкейімде көлеңдеп, елірте ілгері жетелейді. Қайда асығамын, нені көксеймін өзім де білмеймін. Бәрі де күңгірт тұман. Үміт қуған пендеміз ғой елбеңдеп. Әйтеуір сеніміміз жебейді...
  • Арманшылсыз-ау, Әсаға, – деді Қадырихан қызықтай күліп. – Кейде баладай елпілдейсіз. Жүре берсе, жол таусыла ма? Астымыздағы аттарды да тынықтырайық та.
  • Оның да жөн. Көлтекшеден бері асқалы ат шалдырмадық.

Тым суыт жүрген түріміз бар.



  • Мен сіздің көңіл күйіңізге бақтым, Әсаға. Жол жетеледі ме, әлде, самалдың желпінісіне еліктіңіз бе, маңдайыңызды тостыңыз да, жорта бердіңіз. Әйтпесе, бұрылып барып аялдар талай ауыл артта қалды. Сіз үн-түнсіз жылжи берген соң, мен соңыңыздан сүмеңдеп ердім де отырдым. Ойыңызды бөлгім келмеді.
  • Оның рас Қадырихан!.. Сағыныш па, зарығу ма, өзім де айыра алмаймын. Көңілім аласапыран. Алдымызда қандай жағдай тосып тұр. Былтыр Текеске барғанда қаншама қайғылы оқиғалардың тарихын естіп білдік. Мұнда да сондай-сондай болмыстардың сүреңіне тап боламыз ба, кім біледі? Кімді сағынамын, неге зарығамын? Менің көкейімдегі басқа. Ел мен жерді аңсаймын. Толғандыратыны сол ылғи да. Бұл күйік осы қалыппен өте бере ме? Дүние неткен теңессіз еді?.. Басымдағы мұң қара бұлттай бүркемелеп, өле-өлгенше арылмай кете ме? Көзіне қамшы тиген аттай шырайналумен қайтіп күн көрем?.. Бұл өңірге мен бұрын келген емеспін. Сен ғой бәрін білесің. Бой үйреніп, ойы тоғысқан адамдар көп деген соң, соларды аңсап келем бе, әлде? Әйтеуір, іштегі сапырылыстың шегі жоқ, сыры терең. Өзім де таңмын. Түптің түбін айыра алар түрім жоқ. Құлын-тайдай тебісіп, қатар тұрып қасынысып өскен жолдас-жора, жаны бір құрбы-құрдастарым да бар көрінеді. Тозаңдай тозған елдің күйі қалай? Ол қабырғама батпай ма? Менің сарылған ойым осы... Мейлі, Шіргеге бүгін анталамасақ

 


та болар. Қарақшыдай түн жамылып, жортуылдағанымыз сөле- кет көрінсе, ертең сәскеде-ақ сәнімізбен жетерміз. Айтқаның болсын, бұр атыңның басын, аялдайық осы ауылға.


Елпілдеп, төрт аяғын серпе жеңіл дедектеген атының тізгінін жол шетіне қарай бұрған Қадырихан үйдің іргесінен жылтылдап көрінген отты нысанаға алып, тұспалмен төте тартты. Әсеттің жирені де осы сілтемеге түсінгендей тобылғы торымен қатарласа ойысты.


Тастақ жолдан бұрылып, шымдауыт қайқаңға өрлегенде аттардың тұяғы жерді солқылдата дүбірлетті. Астаудың жонындай жұмыр төбешіктің асты кеуек үңгірдей күңгірлеп, дүңк-дүңк етеді. Табаны таяз бірнеше жырадан өткен соң, қотан шетінде ыңырана жусап жатқан сиырларды жанай жүрді де, төбешіктің күн шығыс шетіндегі жайпақ тепсеңге тігілген оңаша боз үйге беттеді. Бұл осы ауылдың қадірлейтін үйі екені жолаушыларға дара тігілісінен, тыныш бөлек орналасуынан-ақ белгілі еді.


Дала тұрмысының ежелден сақталған осы бір көне ғұрпы өзгер- местен аяланып келеді. Адам өміріне жақын, тіршілікпен қабысқан қалпын танытқан. Арпылдаған иттер қос аттыны маңайлатқысы келмегендей алды-артын орап, жолын кес-кестейді. Шегелей бас- қан аттардың тұяқтары төбені солқылдатады. Именбестен бөгетсіз жылжиды. Сонысына ерегескендей иттер де өршелене шапшиды. Әсіресе, зіңгіттей ала төбет өрекпи арсылдап, үзеңгіге ұмтылады. Тіпті тоқтата алмайтынын білген соң тартқылап тежегісі келген- дей тобылғы торының құйрығына жабысты. Құлағын жымитып, артына қиястай қараған ат бір сирағын соза серпіп қалды. Иегі сақ ете қалған төбет шалқалай құлады, домалап барып түрегелді. Енді аттың жасыл ұшқын шашып, артына жалт-жұлт қараған көзінен сақтанды да, өкпе тұстан орғып, үзеңгіге атылды. Жасқай сілтеген қарулы қолдағы алты таспалы қамшы шекесіне шып-шып тиіп, осқылап өтіп еді, амалсыз шегініп, жасқаншақтай алақтады.


Алыстағы қарауытқан таудан асып, ай туып келеді. Жер бетіне ала көлеңке шашырады. Сыртта адам көрінбейді. Қыр елінің салты бойынша жолаушылар алты қанат ақбоз үйдің сырт жағын ала келіп тізгін тартты да, дыбыс берді:



  • Кім бар мұнда тіл қатысар?..

Үйден шымыр денелі бозбала шықты да, бейтаныс кісілердің қарсы алдына келді.



  • Салаумәликөм, жол болсын? – деп, сәлемдесе жөн сұрады.
  • Құдайы қонақпыз...
  • Түсіңіздер, – деп, жігіт ілтипат көрсетіп, аттарын ұстады. Жолаушылар екені түрлерінен көрініп тұр. Егіз қозыдай қос

 


баранды үйдің сырт жағындағы ұзын діңгекке байлады да, өзін күтіп іркілген қонақтарға киіз қапталған ши есікті көтеріп ашты. – Үйге кіріңіздер...


Қонақтар сәлем беріп, табалдырықтан аттады. Оң жақтағы ағаш төсектің үстінде жастықты шынтақтай қисайып жатқан кесек денелі, сүйегі ірі ақ сақалды кісі басын көтеріп, сәлем алды да, қонақтарға жылы шырай танытты. Ағалық ықылас білдірді.



  • Көрпе салыңдар!.. – деп мейіріммен биязы үн қатты. То- лықша, қызыл шырайлы орта жастағы әйел қатпарлана жиналған жүктің арасынан ала-құла құрақ көрпелерді суырып алып, төрдегі оюлы текеметтің үстіне көлденеңінен төседі. Ақ сақалды кісі ырғалып қойып, жолаушыларды жоғарыға шақырды. – Төрлетіңдер, меймандар!..

Бұл қарияның бейтаныс кісілердің көңілін аулап, мейман достық көрсеткен ниетінің нышаны еді. Босағада сәл бөгелген қонақтардың соңынан ерген жігіт ілгері аттады да:



  • Жоғарылатыңыздар!.. – деп, төр жақты нұсқады. Қонақтар ілгері жылжыды. Қария да үстемеледі. Жолаушылар салмақпен басып, төрге жетті.

Ернеуі қара мақпалмен көмкерілген, сайларының жиегі қиюласқан тұсы қара жіппен жөргемдей бастырылған дөңгелек ақ қалпақты, бойы аласалау болғанымен, иығы кең, жауырыны жалпақ, шымыр денелі қара торы кісі алдымен төрледі. Белін үш- төрт орап байлаған ұзын қара сәтен белбеуін тарқата шешті де, бүктеп керегенің басына ілді. Ақ орамалға оралған жеңді білектей бір түйіншекті жүктің бұрышына қойды. Қимылы ширақ, қағылез адам сықылды, бәрін де шапшаң істеді. Қашқарша тігілген жағасыз жұқа көк шекпенін шешіп, желбегей жамылды да, етегімен тізесін қымтай орап, малдас құрды.


Ұзын бойлы арық қара жігіттің жіңішкертіп басқан қара мұрты ат жақты сопақша бетіне әсемдік үшін әдейі жапсырғандай жарасып тұр. Қысықтау көзі күлімдеп, маңайын тінте шолады. Қамшысын екі бүктеп, уықтың қарына көлденең өткізді де, сыртқы шапанын шешіп керегенің басына ілді. Бейне өз үйінде жүргендей асықпай-аптықпай, жайбарақат қимылдайды. Жеңілденіп алған соң, бипазданған биязы қимылмен тізе бүкті. Сәнқой қозғалысы бойына жарасымды. Қызыл-күрең өңінде өткірлік нышаны бар, еріксіз көз тартады. Ол әдепті ізетпен өзінің жасы үлкен серігінің қатарынан орын алды.


Қонақтар әбден жайғасып болған соң, үй иесі екеуіне сұқтана қарап алды да, жөн сұрады.



  • Жол болсын, меймандар, таныспадық қой?

 


Шынтағына тасталған тұлыптай теңкиген жастықты іргеге та- ман сырғытып, жастыққа жантайған үлкен кісіден бұрын қозғалы- сы сылқым, мінезі сызылған ұзын бойлы жігіт жауап қайырды. Солай істеу әдетіне айналған сықылды, жасы үлкенді тосқан жоқ.



  • Сайрам асып келеміз, қария. Беталысымыз – Ұлан – бура. Одан кейін Қайшы мен Шіргені де біраз қыдырмақпыз. Ел аралап жүрген жайымыз бар.

Шал әлденеден секем алғандай көзі бақырая тінтіп, құбыжықтай қарады.



  • Онда көздеген жерлеріңе жетіпсіңдер ғой. Жәй қыдырма- шыларсыңдар ма, әлде басқа да жұмыстарың бар ма?
  • Жекжатшылап келеміз, қария.
  • Қазір қазақтың ағайын-жұртын іздейтін мезгілі ғой, күн жылы, аспан ашық, көк жайлау, – деп, қария күдігі сейілгендей жадырай шұбыртты. Жігіттің айтқанына қанағат еткендей әрі қарай қазбаламады. Сонда барып жастыққа шынтақтай сүйенген қара торы кісі тіл қатты.
  • Білмек – парыз, сұрамақ – салт, өзіңіз кім боласыз, отағасы?
  • Мен Шадай деген шалмын, қарағым, – деді қария сыпайы жымиып. – Атағым аймаққа тарамаса да, осы тұстағылармен маңайдағылар Шадай ауылы атайды. Іріп-шіріген байлығым жоқ. Біреудің алды, біреудің артымыз. Көйлек – көк, тамақ – тоқ. Көштен қалмаймыз, топтан озбаймыз.
  • Барымен базар болғанның өзі үлкен ғанибет, Шәке.
  • Құдайға шүкір, үйлі-барандымын. Балаларымның арқасында шалқып отырған шалыңмын.
  • Ырысы тасып тұр дейтіндердің де оңып жүргендері шамалы- ау, – деп, төрдегі кісі әлдекімді мысқылдай жымиды. – Жұртқа пайдасы тимеген соң, барынан жоғы жақсы. Қара құрсақ қазақпыз ғой, қанағатшыл... Ықыласқа не жетсін.

Өскелең өскен аппақ қудай қою қасын үрпите тікірейтіп қараған Шадай қария сабырлы кісі мен сыпайы жігіт ағасын тағы бір барлай шолды. Бұл сөзімен нені меңзеп отырғанына түсінбеді. Жұмбақ боп көрінді. Түрлері елдің апшысын куырып, зықын шығаратын жасауылға немесе алқынған лаушыларға ұқсамайды. Алым-салық жинаушылар болса да, сыздана сұстанып, есін та- нытар еді. Жібі түзу киімдеріне қарап күмән еткенімен, жүздері жылы, мінездері жұмсақ. Сөздері мәнді, түрлері момақан. Тіпті қарабайыр қазаққа да ұқсамайды. Кім болды бұлар сонда?..


Қарияның көзі жыпылықтай берген-ді. Соны сезгендей күлім көз сылқым жігіт төрдегі кісіге мойын бұра сөйледі.


 



  • Қария, мына кісі, естуіңіз бар шығар, арғы-бергі елге әйгілі Әсет ақын.

Мұны естігенде Шадай қария шынтағындағы жастықтан ба- сын жұлып алды. Таңдана қарап, кеудесін тік көтерді. Жүзі балбы- рап, жайбарақат отырған Әсетке құштарлана, тамашалай үңілді. Демін ішіне тартқандай үй ішін тылсым тыныштық басқан.


Шалының қасындағы кемпір де, от басына тақау малдасын құрған жас жігіт те тамсанысып қалды. Көздерінде қуанышты сәуле бар. Жігіттің өткір көзі жайнап шыға келді. Беті жалындай күлімдейді. Қарияның да өңі құбылып, таңдана тамсанады. Даусы жарқын естілді.



  • О, бәрекелді!.. – деді даусын соза жайнаңдап. Әсет таңданыс тыныштығын серпіді.
  • Ел-елді аралап келеміз, Шәке...

Абдырай қозғалақтаған Шадай қария бәйек болды. Сығырайған жанарынан әлсіз ұшқын көрінді. Кенересі қыртыстанған көзі шоқша жайнайды. Ұзын ақ сақалы қалтырайды. Бозарыңқы бетіне қан жүгірді.



  • О, Тәңірім, пейілің бір түскен екен-ау. Шүкір, шүкір... Із- десем таппайтын арысым алдыма келіпті. Барымды аузыңа то- сайын, Әсетжан!.. Бір-екі күн аялда. Бүгін мал күйіске кіріп кетті, сыбағаңды ертең же!..

Қол жетпейтін асылдың алақанына түскеніне мәз. Құмарлана тамсанады. Орнынан ширақ түрегеліп, Әсетпен тізесін түйістіре қатар отырды. Әлжуаз ұзын саусағымен кеудесін төгілген аппақ сақалын масаттана сипады. Өзім дегеніне өгізін соятын жомарттығы ұстап, ағынан жарылды аңқылдап. Әсет елпілдеген шалдың көңілін аулады.



  • Пейіліңізге разымын, Шәке!

Шадай қария орнынан қозғалақтап, бірдеңесін жоғалтқан адамша абдырай сипаланды. Аңыра таңданған баласына бұйыра үн қатты.



  • Сенің аңсап жүрген ағаң осы, Байболат! Батасын алып қал!
  • Әсағаңнан аярым жоқ, ата!
  • Сөйт, шырағым, – деді қария ойын түйіп. Әсеттің өңіндегі мұңды шаршағандыққа жорыды да, өзінің көңіліндегіні бастыр- малата айтты. – Әсет шырағым, атыңа қанықпыз. Былтыр Құлжа мен Текесті думанға бөлеп кетіпсің ғой. Қуаныш тарамай жата ма? Бармағын тістеп қалғандар қаншама соған қолы жетпей. Осы аймақта сенің атыңды білмейтін адам аз. Жақсының дидарын көру де бір ғанибет. Кәрі қойдың жасындай жасқа келгенімде

 


жүзіңді көргенім жілігіме май құйғандай болды. Рыздық осы үйден бұйырған екен. Тағы айтамын, сыйлы мейманым бол!..


Қалбалақтаған ақ көңіл шалдың пейіліне Әсет емірене сүйсінді. Жүрегі елжіреп, тұла бойына ыстық қан жүгірді. Кеудесі шымырлай жыбырлады. Қайран аңқылдақ қазағым- ай, басыңдағы азабыңды елемей, көңіліңе жақса, ағыңнан жарыласың-ау... Көңілің түссе – көлдейсің. Бірақ бұл өмірде көлсің де, шөлсің де.Көлдігің – пейіліңнің кеңдігі, шөлдігің – мешеулігің. Кенжелеп өскен гүлдей шежіген күйің бар. Құлпырар кезің болар ма екен?.. Әйтпесе, осылайша бұйығып, арындылардың аршындаған қадамының астында жаншылып қала берер ме екенсің!.. Қайтеміз, көңіліңе мәз боламыз да...


Жүзі сәл жадырап, жотасын басқан зіл-батпан салмақ сырғып түскендей, азырақ сергіді. Өткір ала көзінен сүйінішті бір ұшқын шашырады. Шадай қарияға ілтипатпен жауап қайырды.



  • Ниетіңізге разымыз, Шәке... Қайда барсам да елімнен сый көремін. Сол үшін әлім жеткенше аянған емеспін. Барымды елім үшін жұмсап өтсем, арманым не?..
  • Елің сенің үніңді, сөзіңді аңсайды, шырағым. Соған шөлдеп отыр. Лебізіңе таңсық.
  • Мен елімді аңсаймын...
  • Ендеше қауышасың құшағың айқасып.

Дастархан жайылды. Көңілдері тамаққа ауған соң, сөз де сая- бырлады...


Әсеттің Шадай ауылында қонақтап жатқаны Турасудың сай-саласындағы ауыл-ауылға ескен желдей тарады. Ән құмар, сауыққой қыз-бозбала, үлкен-кіші қыр-қырқадан осылай ағылды. Тұзға ұмтылған қойдай шұбырған жұртты бөгеу керек болса, соны орындауға ешбір құдіреттің шамасы жетпес еді.


Сәске түсте-ақ қалың ел басып қалды. Арнайы керілген керме арқанға сәйгүлік аттар тізілді. Күміс ер-тоқымдар күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Сәні-салтанаты жарасқан. Үкілері бұлғақтаған қыздардың бүрме етек көйлектері желбіресе, күміс шолпылары қосыла сыңғырлайды. Бозбалалар кербез қозғалып, көкейдегілеріне көз сүзеді. Қариялар аңқылдай келіп, жарқылдай көріседі. Бәрі де өздерін ынтықтырған әншінің қызара бөрткен қоңырқай шырайына құштарлана сұқтанады. Іргені ықтай орналасқан қыз-келіншек кербез сызылып, қымсына именгенімен, әншіге әлсін-әлсін жасырына көз қиықтарын тастайды.


Нән қызыл тегенеге құйылып, құлаштай сапырылған сары қымыздың ашқылтым хош иісі аңқиды. Сілекейді шұбыртып, тамақты жыбырлатады. Әсет аз сөйлеп, көп тыңдады. Өрекпіген


 


өзімшіл лепірісі жоқ. Көпті көрген көнекөз Шадай қария қонағының қас-қабағына бағып, қымызға қыштайды. Арғы-бергі ата-бабаларының жай-жапсарын, елдің қазіргі күн көрісінің сипа- тын суырылта бір ақтарып тастады. Бұл елдің ірге жайған тірлігінен мандыған ештеңе сезілмейді. Бастарынан зорлық-зомбылықтың түнегі сейілмеген. Еттері өліп кеткен бе, әлде, ындындары басқаға ауған соң ба, бұл әңгімеге қызығушылар да аз.


Елдің қалауы Әсетке белгілі. Айналасын үнсіз барлады. Төрге тақау жайғасқан аздаған жасамыс кісілер болмаса, көбі жас- желең. Отты жанарлары сүзіле қадалады. Тұстасым ғана емес, жеткіншектерімнің де ниеті қалыс екен деп ойлады іштей. Біздің гүліміз қурап барады. Орнымызға балғын гүл өседі. Сүйенішіміз де, сүйінішіміз де солар. Бүлдіршін жастардан медет тапты.


Сонда да бірден бастап та кетпеді. Мұнысы елге жаққан ісіне паңданып, көкірелеген ер көкірек, өзімшілдіктен туған асқақтық емес, көптің көңіліндегіні табуға зейін аударған түйсіктің салмақты лықсуы еді.


Әзірше қалау-тілек айтқан да ешкім болмады. Қымызға қанып алсын дей ме, тіс жармады. Бәрі таңырқаумен ғана тамсанысады. Қолы жетпей жүрген асылын тапқан адамша әр қырынан аудары- стыра қарайды. Әр қимылын, әр сөзін бағып, мәніне барлайды.


Айқай шықса анталай атырылатын қас жүйріктің мінезіне қанық ат қосшы жігіт те сыр бермейді. Құштар жұрт әйгілі ақынның келісті келбетін, көз үйірер көркін, тәлім болар қылығын әбден көріп алсын деп ұйғарған сыңайы бар.


Ақынның дидарына табынып, мейірлері қанғандай манадан зарыға елтіп отырған үлкен-кішінің арасынан енді-енді сыбыр- күбір естіле бастады. Ашып айтпаса да, шөліркегендей тамсаныста- ры әруақты әншінің лебізін, әуенін, әнін тыңдауға құштарлықтарын сездірді. Сол ойдың пердесін топ тізгінін ұстап отырған Шадай қарияның өзі көтерді де, ақынға қолқа салды.



  • Әсет шырағым, қалың елің есіміңді естігенде елең ете қалушы еді. Бүгін дидарыңды көріп, мейірі қанды. Құмардан шыққан жайы бар. Ой жетпейтін қиядағы қыран ең, қолымызға қондың. Дауысыңды, әніңді тыңдап, рахатқа батпақ ниеттерін өзің де байқап отырған шығарсың.

Әсеттің жүрегі лүпілдеп, көзі мұнартты, қалың нөпірден суырыла озып, желдей есетін шабысты сағынғаны ма, әлде жұрттың ниеті желіктірді ме, өрекпіп елегізеді. Осы тілек қой өзінің жебеушісі. Қайран менің ақ пейіл, аңқау елім-ай!.. Әдебің бе, әлегің бе, тым именшексің-ау. Барыңды қанағат тұтасың да, жоғыңды іздемейсің. Басыңды салбыратып жүре бересің.


 


Асылыңды ардақтап, дүниеге жар сала да алмайсың. Бұл дау- рықпайтын дарқандығың да шығар. Сол қасиетің біздіңде бо- йымызға дарыған. Даңғаза қып, дабыра салмаймыз. “Бақытым да, ырысым да, көк жайлауым да – елім. Өзегімді ертеп, санамды сарғайтқан осындай ортаның ықыласы емес пе еді?.. Елдің ақ жүрегінің лебі ғой жаннын жарасын жазатын. Бірақ бұл ем аздау- ау. Әттең, қалың ел қайда?.. Жазылмайтын кеселім соның қай- ғысы. Жүрегімнің түкпірінде көрге бірге түсетін өкініштің дағы бар... Бәлкім, Тоқтаның жонынан әрі ассам жазылар ма екен?..


Терең ой қармаған Әсет бір сәт өзімен-өзі болып қалып еді, тосын дүбірден селт еткенде ынтыққан мөлдір көздердің өзіне қадала жаутаңдағанын байқады. Жұртқа мұңын сездірмей, жәй ғана күлімсірей барлады. Үлкендеу ала көзінің жанарында қуаныш сәулесі жылтылдады. Байсалды, ұстамды сөздерді таңдап, қорғасындай салмақтады. Тек шытырман толғаныстың сарыны әлі тарай қоймағандықтан ба, үні жарықшақтанып, қалтырай шықты.



  • Өнерім – елдікі. Сіздерден аярым жоқ, жұртым, – деп бір тоқтады да, қасындағы сылқым қара жігітке бұрылды. – Үлкен ат бәйгесінің алдында тыз етпе құнан жарысы етпеуші ме еді? Бұл жігіт құнаннан үлкен. Бірақ көптен бері ән шылбырын ұстап, талай сайысқа түскен тарлан. Өнерлі әнші, дауылпаз ақындармен үзеңгілес боп жүрген көк перінің бірі. Аты Қадырихан. Ән құмар ғана емес, нағыз әнші. Көпшіліктің алдында талабын ірікпеу үшін алдымен соңыма ерген бұлбұлдарды сайратып алатын әдетім еді. Әлеумет, Қадыриханды тыңдап, бір серпіліп алсақ қайтеді?..
  • Ақындар салтын біз бұза алмаймыз. Ол да жөн, – деп келісті Шадай қария барлығы үшін жөнге көніп. Жұрт бас изесті. Сусаған көңілге көл орнаса арман не?.. Мұнысы тұманың көзі болар. Шалқар көлге сай-саладан мыңдаған бұлақ құйылмай ма? Бұлақтар біріне-бірі қосылып, өзенге айналады да, сарқылмай шалқып жа- тады. Тұманың көзі бітсе – көл де құрғайды. Тұмасы суалмасын!.. Осы ниетпен жұрт дулай қостады.
  • Бастасын, тыңдайық!..
  • Шырқап, жібер, шырағым! – деді Шадай қария жайдары түрмен.

Әсет сол жағындағы қырғидай қылмыңдаған мұртты жігітке иек көтеріп, ым қақты.



  • Ал, баста, Қадырихан!..

Сары зерден шеккен гүлі бар дөңгелек қазақи тақиясын жел- кесіне қарай шалқайта ысырып қойған Қадыриханның қымызға бөртіп, қызылшырайланған қоңырқай жүзі жайнап шыға келді. Көзі күлмеңдеп, жанары аунақши жалындады. Танауы желбіреп,


 


шабыты қысқандай жан-жағын ашқарақтана тез шолып өтті. Ентелей кеудесін керді.


Манадан осы сәтті күтіп, тынышсыздана тыпыршыған Байбо- лат әншінің көзіндегі сырды ұға қойды. Орнынан атып тұрды да, жүктің бұрышындағы керегенің басында ілулі тұрған жұқалау жайпақ шанақты қарағай домбыраны алып ұсынды.


Қадырихан домбыраның үніне ден қоя отырып, құлағын бұрады. Бабына келтірді де, Әсеттен үйренген дағдысы бойын- ша ән шырқар алдында бір сыдыртып тастайтын «Кер толғау» сарынын құйқылжыта сорғалатты. Сылаңдаған сылқым, желдей екпінді, арудай ерке күйдің сарыны үйдің ішіндегілерді бас шұлғыта бағындырып, сезімдерін тербей жөнелді. Одан соң ақ бәтес жейдесінің тамағындағы түймелерін ағытып тастап, жем жұтқан бүркітше мойнын оңы мен солына алма кезек толғап- толғап алды да, желдірме әуенді безілдетті.


Әсеттің қасына талай-талай жас тарлан ерген. Соның бірі осы Қадырихан. Ол Әсетпен бірге жүрген ұзақ жылдарының ішінде бірін-бірі қимайтын дос болып кетті. Бірі ағасы, бірі інісіндей. Аялай сыйласып, ізетпен қадірлеседі. Әсеттен небір өрнекті әндерді үйренді. Ән салудың мәнерін, әуеннің нақышын безеудің әдісін меңгерді. Сөйте жүріп Әсеттің артықшылығын да таныды. Шалқып кеткен кезінде ол айтып салған кейбір әндеріне қайта оралмайды екен. Бұл соның көбін жаттап қалатын әдет тапты. Со- нысына ұстазының өзі де таң қалатын. Осындай айырықша ізі бар өнерін жұрт алдында көрсетуіне ұстазы, ақылшы досы әрқашан жол береді, өзінің алдына салып, алдымен айтқызады.


Бұл жолы да өзара салтқа айналған осы дәстүрі бұзылмады. Ән құмар жұртты бірден еліктіргісі келгендей Қадырихан әзіл- ойын араласқан әнге басты. Бұлай етуінің мәнісі де бар еді. Отырғандардың көбі жастар, желігі өртше қаулаған. Солардың ығына жығылды. Ойнақы екпінмен өрбіген қоңыр дауысты желдірме ырғақ сырғи жөнелді.


А-хоу!..


Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, Жігіттің бұған құмар, о-оу, өнерпазы. Күлім көз, оймақ ауыз, бір сұлуды Таба алсаң айдын көлдің қоңыр қазы. Бір қызық ит жүгіргіп, аң ауласа, Мінген ат шабуылмен танауласа.


Ішіктің іші қызыл орман түлкі, Құлпыртып жез сабаумен сабауласа.


 


Қарғылы тұрса тазың сылдыр қағып, Керіліп сілкінгенде дүр-дүр қағып, Бүктелтіп жылқыдағы жарау атты, Жылқышы ертеменен келсе алып.


Думанмен бозбалар шықсақ аңға, Өлеңші, домбырашы болса жанда. Қыранмен кешке дейін түлкі қағып, Бөлісіп байлық алсақ қанжығаға.


Аң аулап, түлкі қағып, тау айналып, Болған соң кешке жақын, көз байланып Оралсаң көңілге алған жерді болжап, Қонуға қызды ауылға ыңғайланып, Солайша, күн кешкіре қайтсақ елге, Мінген ат қыраулатып батса терге.


Ақ тамақ, күміс иек, қарақат көз,


Бір сұлу кез болар ма ең бұраң белге. Қолыңда бір мылтығың болса сонда, Құрбылар өзің теңдес оң мен солда, Сауықшыл бозбалалар сауық құрып, Күн бата барып түссек қызды ауылға. Байланып кілең жүйрік, өңшең жорға, Ақ үйге кербезденіп кірсең зорға.


Паһ, шіркін, менің жарым болар ма еді деп, Күлімдеп қыз-келіншек тұрса сонда.


Самауырын шәйнекпенен тұрса қайнап, Бұраң бел күлімдесе көзі жайнап.


Сол күні қыз әкесі үйде жоқ боп, Отырсақ, әзілдесіп, күліп-ойнап. Ол қызға бір жеңгесі қастау келсе, Шешесі желөкпелеу, жастау келсе. Бір жігіт кездігімен түлкі сойып,


Қалжың мен әзіл сөзін бастай берсе. Ол жігіт бастай берсе әзіл сөзін, Қадалтып қыз отырса екі көзін.


Қиыннан қиыстырар сылтау таппай, Амалы құрымай ма жігіттердің.


Балқытып құштарлығың өне бойды, Жүректі тербемей ме ыстық сезім..


 


Әннің арыны баяулап, желге ұшқан жапырақтай төмен сырғыды да, талмаурап барып, емінген ынтықтықпен бітті.


Үйдегілер ыстық күлкіге батты. Бозбалалар жағы желіге дүрлігіп, лепіре күлімдейді. Әзілқойлар жеңгелерінің бүйірлерінен


 


түрткілейді. Қыз-келіншектер қысылған боп бірінің артына бірі тығылысты. Бұқпантайлай теріс айналып, үнсіз ғана сылқылдайды. Жас сезімнің иеменшек еркелігіндей жарасты, ел көзінен жасырған жастық назындай адамдық парасатқа не жетсін, шіркін..! Соның өзі жаныңды шексіз ләззатқа батырмай ма?


Шадай бастаған үлкендерге қосылып, Әсет те ақырын қоз- ғалақтап, сылқ-сылқ күледі. Әсіресе, Шадай қария мәз. Қай- қайдағысы есіне түскендей масайрап бір кетті.



  • Көкейге қайта оралмас арманға айналған көріністерді қопардың-ау, шырағым, – деп зымырап өте шыққан күндерін ойлап, албырт шағының тәтті дәмі таңдайына қайта оралғандай тамсанып қойды да, рахаттана желпінді. – Баяғыда мен де аңшылықпен тәуір-ақ айналысып ем. Қайран қызықты күндерім- ай!.. Көзімнің алдына көлбеңдеп тұра қалғанын қарашы! Аңшылықтың қызығына не жетуші еді, шіркін!..
  • Сөйтсе де, балам, – деп тағы бір қара шал қулана жыми- ды. – Мына жастардың әуестігі жетеледі ме, жаныңнан қосып та жібердің, білем! Сенің аңшылығыңның қалауы басқашалау ма, қалай?

Көпке қосылып, ашыла күлген Әсет осы арада әлгі қарияның сұрағанына өзі жауап қайырды:



  • Өмірдің қызығына кім тойған, қария. Бәрін де құныға аңсайды емес пе? Жастарымыздың арманшыл болғаны біздің бағымыз!
  • Иә, оның несі мін, – деді енді Шадай қария жаймалап.
  • Ортаңды толтырса, қалай айыпқа бұйырасың?
  • Әй, Шәке, қойдым, қойдым, – деп безектеді әлгі шал әзілінің өтпей қалғанын сезіп. Шадай да қалжыңмен қажады.
  • Қолыңа құс қондырып көрмесең, оның қызығын сен қайдан білесің-ей?..
  • Шәке-ау, ұмыттың ба, тау-тасты кезіп, талай түлкі қағып беріп ем ғой, – деп дәлел айта ақталды қара шал.

Мұндағы жұрт әлгі өлеңді әлі күнге дейін ешкімнің аузынан естімеген-ді. Ән де, өлең де әншімен, ақынмен бірге жүретін секілді. Мына әнші-ақындар ә дегеннен-ақ тың әуеннен бастады. Өлеңі әзіл-оспақ болғанымен, астарында кәдімгі өмірде өтіп жататын құбылыстардын бәрі бар.


Үйдегілер енді Әсетке назар аударған. Дуылдаған дүрмек саябырлап, жұмбақ шешкендей үлкен-кіші ойға берілген. Осы көзқарастың мәнін сезген Әсет орамалымен маңдайының терін сүртіп отырған серігіне әрі қарай соза түс дегендей ым қақты. Көңілді жиынды қыздыра түсуді емеуірінімен ұқтырды. Қадырихан да түсінді. Сәл тыныстаған домбыраны қайта безеді


 


де, арманға, назға толы, өзі де балқи айтатын сылқым әуенді


«Үлкен Ардақ» әніне басты.


 


Қыз қайда Ардақжандай, туған айдай, Күлім көз, оймақ ауыз, ақша маңдай.


Сағындым, еркем, Ах, ах-ау, сені-ау!


Сөйлесе сөзі майда, лебі жылы, Жанымның сүйініші бұлбұл таңдай.


Сағымдым, еркем, Ах, ах-ау, сепі-ау! Сені-ау, Ардағым,


Шақырғанда бармадым! Болмас еді-ау, арманым, Болса өзіңдей алғаным!


Ардақжан, сен ақ сұңқар бақшадағы, Біреудін мәпелеген ақ тамағы.


Сағындым, еркем, Ах, ах-ау, сені-ау!


Ерке өскен ел ішінде ерке сәулем, Секілді айдын көлдің ақ шабағы.


Сағындым, еркем, Ах, ах-ау, сені-ау! Сені-ау, Ардағым,


Шақырғанда бармадым! Емін-еркін сөйлесіп, Тарқар ма еді-ау, арманым!


Самал шайқаған шалғындай ширатыла ырғалған әуен тер- бетіп, жастардың өң-түсі сан құбылды. Кейбір көздер жаудырай дірілдеп, үміт сәулесіне малынды. Әннің соңғы сарыны арманға ұласып, сағынышын ақтара тоқтады. Қадырихан көлдей ақ орамалымен терін сүртті де, іркілмей «Қара көзді» шырқады. Жүректің зарын сездіретін үздіккен әуен жанның сырын жай- дары айтқанымен, аяғы айла таба алмаған өксікке ұласты да, мұңмен тынды...



  • Көп жаса, шырағым! – деп Шадай қария алқына тыныс алған сіріңке қара жігітке алғысын жаудырды. Қипақтай қоз- ғалақтап, Әсетке бұрылды. – Ал, Әсетжан, мына бала біраз демала тұрсын... Енді сенің де лебізіңді естиік!..

Әсет орнынан тұрды да, жүктің бұрышына өзі тығып койған ақ түйіншекті суырып алып, қайта отырды.


 



  • Мен өзімнің домбыраммен айтайын, – деді де, орауды шешті. Бөлшек-бөлшек жонылған ағаштарды қиюластырып, лезде домбыра құрастырып алды. Көрмеген заттың бәрі таңсық емес пе, үйдегілер бұған да таңданысып қалған. Қайран болған Шадай қария тамсанды.
  • Мынауың да бір өзгеше өнер екен...
  • Ат үсті жүріске ыңғайлы, Шәке.
  • Иә, «алтынды шыққан жерінен қаз» деген осындайға айтыл- ған сөз шығар...

Көпшіліктің қошаметіне делебесі қозды ма, әлде, өзінің айырықша қуатын танытқысы келді ме, Әсет бұл жолы «Қысметін» шырқады. Тұнық ән аспанға шырқап кетті.


А-ей!..


Салайын жұрт қалаған «Қысыметке». Шарықтап даусым шықсын аспан-көкке. Қалықтап жерге қонбай тұрып алар, Шашқандай ән маржанын төңірекке.


Төгілте төңкеріліп бір шырқайын, Сөйлеу бізден, міндетті тыңдау көпке. Сүйсінген қалың қазақ дауысыма,


Ән десін Әсет салған арғы бетте. Азырақ білгенімше сөз сөйлейін, Жамағат, ұнамаса айып етпе!..


Сарқыраған әннің соңын бунақтай бұралтып, үйірілте тол- ғады да, күміс шыбықтай солқылдатып, сыңғырлата бір қайырып тастады. Домбыраның сарынын үзбей, безілдете безеген қалпы дауысын қайта көтерді аңыратып.


А-ей!..


Еліне ер арманда бара алмаса, Су ішіп бұлағынан қана алмаса, Қан түсіп аяғына тұралаған, Бәйгеге ат арманда шаба алмаса. Козыдай жамырасып көрісетін,


Топты топ, о да арманда таба алмаса. Жетеді мұратына іздеген жан, Тарығып қиян жерде қамалмаса.


Кетпей ме жыртық көңіл дал-дұл болып, Осындай бір ілікпен жамалмаса?!.


Сұңқардай сымпылдаған ұшқыр ән аспанға самғады. Әуеде бозторғайдай шырылдап тұрып алды. Жалпақ жайлау теңселіп, тау-тас күңіренді. Мұны естіп, алыс-жақын ауылдардан таға да ел


 


ағылды. Ауыл үсті бейне той болып жатқандай қара-құрымға ай- налады. Сұлу сарынды құлақтары шалғанда, алыстағылар елеңдей таңдайларын қағысты.


Осы елдің биі Мешпет деген кісі тақуадай елден бөлектеніп, жиын-тойдың думанынан қашақтап жүреді екен. Үйі Шадай ауылынан бір-екі шақырымдай қашық, өзен бойынан сырт, тау бөктеріне тақау. Аспан астын қалтыратқан ән жамбастап жатқан мұның да төсегінің астын дірілдетті. Соншама күшті дауысқа сүйсінді ме немесе әншіні көзімен көргісі келді ме, сауыққой немересін шақырып алды.



  • Қарағым, Рақымберді, мына әнші қай ауылдан ән салып отыр? – деп сұрады. Сытылып кетуге сылтау таба алмай, ызаға булығып тұрған жігіт тырс ете қап өкпесін сездірді.
  • Оны қайтесіз, Шадай атамның ауылында...
  • Не дейді!.. Жаңағы ән көкке көтерілгенде менің төсегімнің асты қалтырап кетті ғой. Мынау бір құдіретті дауыс екен. Балам, барып шақырып келші!..

Рақымберді мама ағашта байлаулы тұрған оқтаудай торы атқа міне салып, Шадай ауылына қарай арындата жөнелді... Сәлем беріп үйге кірді. Әсет әнін қайырмалай үйіріп тастап, тыныс алып отырған, Рақымбердіні көрген Шадай қария талшыбықтай бұралған керім жігітті қасына шақырды:



  • Талаптының бірі едің, мұнда келші, балам!..
  • Мен отырмаймын, ата, – деді Мешпет бидің айтқанын елдің екі етпей орындайтынын дағды көретін жігіт. – Мені атам осындағы әншілерді шақырып кел деп жіберіп еді.
  • Жүрегі жібіген екен ғой... – деп жымиды Шадай қария қуанып.

Сауықтың бұзылатынына қынжылғандай көптің түсі суы- ды. Томсара жапақтасты. Соны байқаған Әсет шырт сынды. Жұқа қабағы жыбырлап, көзінің оты жалт ете түсті. Мұндайда ешкімнің бет-жүзіне қарамайды.



  • Атаң кім еді сенің?
  • Атасы осындағы біздің елдің биі Мешпет деген кісі, – деп жаймалай жауап қайырды Шадай қария. Ақынның алдын алып, жаңағы жігітке бұрылды. – Балам, біліп қой, бұл кісі қазаққа әйгілі Әсет ақын.

Жігіт ынтыға қарады қадалып. Көзіне құштарлық сәулесі ұялады. Соны байқап, Әсет те сабасына түсті.



  • Балам, айтып бар. Биге мен керек болсам, өзі келсін, көп- шіліктен артық емес. Мына жұртты тастап кете алмаймын. Би елімен бірге болмаушы ма еді? Мен елді сыйлаймын!..

 


Әсеттің сәлемін естіген Мешпет би:



  • Онысы да жөн-ау... Адамды алкеуделік аздыратын секілді. Жаңылған жерімді қарашы, – деп санын соқты да, орнынан түрегелді. – Ақын елдің сөзін сөйлейді. Әділ би тура кесім айтады. Мен аяқты шалыс басып алдым, балам... Ат ертте, алдына өзім барып сәлем берейін.

Дөңгелек буырыл сақалды, ұзын көк шекпенді денелі кісі сәлем беріп табалдырықтан аттады. Шадай қария аң-таң, Меш- пет бидің өзі келгеніне қайран. Бірнеше адам түрегеліп, төрден орын сайлады. Балпаңдай басқан жуан қара кісі домбырасын жебей ұстаған дембелше шымыр қараның Әсет екенін дәл жо- балады да, таяп барып:



  • Әсетжан, сен елдің аялаған баласы едің, менен бір әбестік өтті. Келші, құшақтасып, амандасайық – деді құшағын жайып. Әсет те орнынан күле түрегелді.
  • Биі әділ болмаса, елі тозады, отағасы. Ел менің аузыма қарап отыр, қалай тастап кетемін?!

Екеуі құрметтесіп, көрісті де, тізелерін түйістіре қатар жайғасты.



  • Мына ел біледі, Әсетжан, – деді Мешпет би жадырай ше- шіліп. – Ызыңдағанды ұната бермеуші ем. Қартайғандікі ме не- месе өзімшілдік пе, соңғы жылдары шекем тырысып, дабырдан қашатынмын. Сенің әнің жанымды жібітті, жүрегімді елжіретті. Ел мені тақуаға жорып жүр. Молда да емеспін. Әніңде құдірет бар сықылды. Дүрілдете шырқағаныңда әнің дүниені шыр айналдыр- ды. Ал, Шадай, ортаңа келдім, бастаған көшіңді жылжыта бер.
  • Ол тілегіңді Әсетке айт, – деді Шадай қария көптен бері бұғып жүрген биді жуасыта түскісі келгендей. – Көшті бастаушы сол.
  • Құдіретіңе тәнтімін, Әсетжан! Тілегімді ұқтың ғой, ендігісін өзің біл!..
  • Биеке, елмен бірге отырсыз ғой, әнім ортақ, сәнім ортақ! – деді де, Әсет іркілместен дауылды әндерін төгіп-төгіп жіберіп басылды. Мешпет би емірене тамсанды.
  • Әннің қуатын танымай жүріппіз-ау. Соны бұзатын біздің ауылдағы бақырауықтар сияқты. Лақ текеше бақылдап мазаны алушы еді.
  • Мешпетжан-ау, – деді Шадай қария жымиып. – Шапқанның бәрі тұлпар емес, ұшқанның бәрі сұңқар емес. Әсеттің орны бір басқа!.. Аспаны кең, қалай самғаса да құлашы жетеді.
  • Сұңқар ұядан ұшады, Шәке, – деп Әсет дау айтты. – Бапсыз ат шаба ма? Талаптыларды баулып ұшырмайыздар ма?

 


Мешпет би ойланып қалды. Әншіге жаутаңдай қараған Ра- қымбердіге көзі түсті. Оның домбыраны тыным таппай тың- қылдатып жүргенін онша ұнатпайтын. Енді сол қылығын да кінә секілді сезініп, іштей қиналды. Шадай қария әннің отын суытқысы келмей, сөздің бағытын өзгертті.



  • Қадырихан шырағым, Әсетжан тынықсын. Енді өзің әрі жалға.
  • Қадырихан, сен баста да, одан кейінгі кезекті өнерпаз жі- гіттерге бер. Талабын байқалық, – деді Әсет сауықтың бетін ауыл жастарына қарай бұрып.

Қадырихан арасын үзбей екі ән салды да, домбыраны домалақ қараға ұсынды.



  • Қане, Байболат, осының иесі өзіңсің ғой, ән сал немесе күй шерт. Содан кейін өзің сырын білетін біреуіне ер!
  • Именбе, шырағым, – деді Әсет қайрап. – Абай атаң: «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген.

Байболат күй шертті. Қожекенің «Нұрға зары» сылқылдады да, жүректі ымырлата делебені қоздырып, қиырға жетелей жөнелді. Сонан кейінгі кезек Рақымбердіге тиді. Қағылез жігіт жеңіл, шолақ қайырымды бірнеше әнді әжептәуір баппен айтып, мәнерін таныт- ты. Осы арада ойын анықтап алғысы келген Мешпет би:



  • Әсетжан, менің осы балам бұқа тайыншаша күжілдейді де жүреді. Өзінен бірдеңе шығатын түрі бар ма? – деп сұрады бір шешімге келгендей. Әсет қысқа жауап берді:
  • Биеке, талабы бар баланы етегінен тартпаңыз!..
  • Онда бүгіннен бастап шылбыр-тізгінін мойнына түріп қоя бердім!.. Алдыңнан жарылқасын, балам!
  • Биекең ерледі!.. – деп күлді Шадай қария.

Ән кезегі айналып Әсетке жетті. Ол енді асқақ әнге бармады. Өлеңге ауысуды ұйғарды. Домбырасын сыңғырлата шерте қағып, жеңіл желдірме сарынмен термелей жөнелді:


Надандар ел ішінде білінбейді, Ел қостап, ережеге ілінбейді.


Тоймайтын куыс көмей обыр-жемір, Тартқылап бір-бірінің жүнін жейді. Денесін ем қонбайтын кесел жайлап, Іркілдеп іші шіріп іріңдейді.


Алкеуде аңғырт жігіт алабұртып, Жүйеге жұрт қостаған жүгінбейді. Салсаң да қанша баптап, дөрегей ит, Тазыдай зымыраған жүгірмейді.


Есерге елден ерек дәулет бітсе, Селеудей отқа тиген дүрілдейді.


 


Шақшиып екі көзі шекесінен, Қабандай жер шұқыған күрілдейді. Есіріп езуінен көбігі ағып, Азбандай жарды сүзген күжілдейді. Мас болған сідігіне теке құсап, Бақылдап көрінгенге кіжіңдейді.


Жау шауып жатса да елін, бас сауғалап, Өзі аман қалғанына күлімдейді...


Үлкен-кішінің бәрі қатты ойланды. Кейбіреуі қибыжықтап, әлгіндей мінездерді өзінің бойынан табылып қала ма деп күмәнданды. Жұққан шаңды қаққандай сілкінді. Енді бір тобы тазалығына мәз. Өзін іштей тексерген адамның бірі – Мешпет би. Көзі түнерген, жүзі томсарыңқы. Кей қылығы ұқсайтын да сықылды. Кіжінуім де, күмілжуім де бар. Бірақ біреуге жамандық істеп, аяғынан шалдым ба? Өз басым үшін кімді құрбандыққа ша- лыппын? Өзінен-өзі мырс етті. Апырау, ақынның бұл сөзін өзіме жапсырғаным несі?.. Әлде қылығымды салыстырғаным ба? Кейбір көздердің қадала қалғанын байқады да, тез жалтарды.



  • Әсетжан, мынауың жастар ғибарат алатын асыл сөз екен!.. – деп сипалай жуып-шайды. Шадай қария әлденеге қамыға назар аударды.
  • Е-ей, Мешпет-ай, жастарға ақыл үйрету үшін алдымен өзіміздің ойланғанымыз жөн шығар...

Мешпет би дауласпады. Өзінен-өзі қипақтады. Әсет сөзді одан әрі қоздырмады. Елдің көңілін бөлу үшін қазақ өміріндегі өкінішті жайларды сыдырта өлеңге қосып, ойдың шеңберін кеңейтті. Біраз ақтарылып барып, тыныс алды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу