03.01.2022
  186


Автор: Құрманбай Толыбаев

ҚАСІРЕТ ТҮБІ – СЕРГЕЛДЕҢ

Таңертеңгі шайдан кейін Әсет сыртқа шығып, алаңсыз бой жазды. Ауа тұнық. Күн сәскеге көтерілген. Күркірей аққан өзен үстінде болар-болмас бозғылт сағым желбірегендей. Әсет солай


беттеді. Сол тұс тыныс алатын жеріне айналған-ды. Соңынан ілескен Мұқатай топтан ұзаңқырап, оңашаланған сәтте:



  • Әсаға, ат ерттесін бе?.. – деп, әлденені ескерте сұрап еді, нені меңзегеніне түсіне қойды.
  • Ә, айтпақшы, бүгінгі Қайыр шақырып кетіп еді-ау, – деді жүрісін тоқтатып. – Жарайды, тосып отырған шығар, көп кешікпейік!..
  • Ендеше, ат ұстатайын...
  • Тездет, ертерек барғанымыз жөн болар...

Мұқатай артына бұрылды да өзінің не бұйыратынын күтіп тұрған бозбаланың қасына барды. Қандай-қандай аттарды ұстап әкелуі керек екенін тапсырып, өзі судың жағасына таман еңкейген Әсетті жалғызсыратпау үшін соңынан барды.


Асықпай жуынып-шайынып, қайта оралғанда мама ағашта ерттеулі екі ат байлаулы тұрды. Жуан бел, ұзын мойын қара қасқаға мінген Қаби да келді.



  • Әсетжан, жеңешеңнің шапанын кейінірек кие жатарсың, – деп, әдетінше әлдекімді ойландыра міндет артқан күйі аңқылдай сөйлеп, ерттеулі аттар тұрған жаққа аяңдап барып тоқтады. – Ал,

 


мынау құла – Мұқатайдың өзіңе мінгізгені. Ат – ердің қанаты ғой, ел ішінде жайнап жүр, көңілің өсіп.



  • Көп жаса, айналайын, бақытты бол!..

Әсет қиыла қарап, Мұқатайға ризашылығын білдіріп еді, сөзді кысқартқысы келгендей Қаби киіп кетті.



  • Қане, Мұқаш, ағаңды өзің аттандыр, ырым болсын! Ағасының ырымшылдығын білетін Мұқатай жымия күлді де,

қонағының құранды ері ерттелген, сұйықтау қара бұйра жалы күлтеленген шоқтығы биік сүліктей сидам құланың шылбы- рын шешті де, жетелеп келіп, көлденең тартты. Әсет желбегей жамылған жұқа шекпенінің жеңіне қолын сұқты. Талдырмаш бозбала үйден алып шыққан қамшысын ұсынды. Дөңгелек көзі оттай жанған атқа жақындаған Әсет қатты толқып, ыстық сезімге бөленді. О, дархан елім!.. Жомарттығыңда шек жоқ-ау. Өзім санасаң, өзегің өртеніп жатса да, ауызыңдағыны жырып беруге әзірсің. Талып келгенімде таңдайымды жібіттің, арығанымды біліп, астыма мінетін атыңды да сайлап тұрсың!.. Кім-көрінгенге мұндай қошамет көрсетіле бере ме? Ас-суын берер, тынықтырып аттандырар. Ал мынадай кеңпейілдік өнерді қадірлеуінің арқасы шығар. Соны қастерлеген салтыңнан айналдым... Өнер – менің өмірімнің арқауы, санамның саясы...



  • Келіңізші, Әсаға, оң қолыммен қолтығыңыздан демеп аттан- дырайын, – деген Мұқатайдың ерке үні сергітті. Қазақ салтында оң жағынан атқа міну – аса ізгі ниеттің белгісі. Әсет ілгері адымдап ба- рып, жайнаңдаған құланың тізгінін сол қолымен қымқыра ұстады. Үзеңгіге аяғын салған заматта-ақ, Мұқатай сүйемелдей көтерді.
  • Бағың жансын, айналайын! – деп, ағалық ықыласын білдірді Әсет, ердің үстіне нығарлана отырып жатып. Осы әрекетті тосып тұрған Қаби атын тебінді.
  • Ал, кеттік!..

Қара қасқа мен жылтыр құла иықтасып, қатарласа сырғыды. Жылпың торыға мінген Мұқатай да жетті. Өзенді өрлеген аға- сымен жанаса аяңдады. Өзен аңғарының басы Сауыр тауының бел ортасындағы жаядай жалпақ жонның қапталындағы жылға- жылғадан басталады. Қожыр тасты сол биік – Тасқайнар. Содан бері созылған ұзын жалды бауырлай жүріп, жотаға шыққанда қарсы алдарында көгілдір мұнар оранған Құзғынды тауының жа- лама тастары ағараңдады. Соған жалғас Жасылқия қойнауының жайқын текшесі көсіліп жатыр. Өркеш-өркеш таулардың шошақ төбелеріне түбіттей көк-сұр бұлт шөккен. Терең шатқалдардың


 


қуысында ақ тұманның жүлгесі кілегейдей қатпарлана қалқып тұр. Ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін алқаптың үйірім-үйірім ойпаттарындағы бұлақ басына шоғырлана тігілген киіз үйлер ұядағы жұмыртқадай ағараңдайды.


Еңселі жонның теріскей беткейін қиялай еңістеген соқпақпен тізбектеле шұбырып, етектегі жазыққа түскен соң, жасыл ал- қаптың бір иініндегі шымылдық қарағайды ықтай қонған үш-төрт үйге тіке тартты. Ауылдың арғы шеті – биебау. Бір үйір жыл- қы тұр. Жалпиған жаппалар үйілген топырақ сықылды. Биебау басындағы биелер құлындарынан алыстап кете алмай айналсоқтай береді. Ауылға тақаған салт аттыларға арпылдаған төбеттер қарсы жүгірді. Екі-үш жігіт бұларды тосып, мама ағашқа қарай жылжы- ды. Қонақтар солай төтеледі. Тақап кеп тоқтағанда:



  • Ассалау-мәли-кем, Әсаға, қош келдіңіз! – деп, Қайыр өзі танитын сыйлы мейманының атын алдымен ұстады.
  • Амансың ба, Қайыржан?..

Сыртта жапырлап тұрғандар жамырай сәлем берді. Аттан түскен қоңақтар біріне-бірі қарайлағандай еріне басады. Үлкен боз үйдің есігіне тақағанда Әсет тоқтап, жасы үлкен Қабиді алға салды. Сәлем беріп табалдырықтан аттағанда, оң жақ іргедегі төсектен аппақ сақалды, сеңгірдей еңселі қария сәлемдерін алып, қопақтап орнынан ебедейсіздеу қозғалақтады.


Алдымен кірген Қаби қарияның қолын алды.



  • Жайлы жатып, күйлі тұрсыз ба, Шераға? – деді төрге өтіп, малдас құрған соң үлкен кісіге ілтипатпен сыпайы амандасып. Қариямен қол алысып, қатарына отырған Әсетке мойын бұрды. – Бұл кісі Қайырдың әкесі, Шерубай ағамыз, Әсетжан. Осы маңдағы меркіт елінің сыйлы қариясы.
  • Е-е, аман ба, әкем? – деді қария аялы ала көзді, қыр мұрынды, дөңгелек бетті бейтаныс қара торы жігіт ағасына денесімен бұрылып. – Әсет сенбісің, айналайын?..

Ылпың-жылпыңы жоқ Әсет сөзін жұптағанша, Қаби жауап берді:



  • Күллі қазақ үніне құлақ түріп, аузына қарап тамсанған ардақты Әсетіміз – осы, Шераға!
  • О, бәрекелді, көп жаса, әкем! Сыртыңнан қанықпын. Міне, енді дирарыңды да көріп отырмын. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал алдынан шығып сәлем береді» дейтін сал- тымыз бар еді. Мен іздеп бара алмадым. «Тұрсам – отыра алмай- мын, отырсам – тұра алмаймын» депті қаусағаннан қуаты қашқан

 


мыстан кемпір. Қулығы қанша көп болса да, кәріліктің зардабына шамасы келмеген ғой. Менің де күнім соған жуық, әкем. Аяғы құрғыр қарыс жерге бастырмайды. Қайыржаннан естідім топ ал- дында айтқан сөзіңнің артықшылығын... Соған жете алмағаныма қиналдым. Ақсақ қойдай бөлініп қалдым.



  • Орнында бар оңалады демей ме қазақ. Ондай-ондайға жабырқай бермеңіз, отағасы.
  • Е-ей, айналайын-ай, жас жетіп, қатардан қалған соң жақының да алыстайды. Қуып жетуге шама жоқ. Сексенің салмағын салып, тұқыртып барады.
  • Тоқсанында да тай үйреткен кісілер болған ғой, аға, – деп күлді Әсет әзілдей қайрап.
  • Әй, білмеймін... Менің де томырылмайтын қайратым бар сияқты еді. Тепсе темір үзетін қауқарыңдай қайдан болсын. Әшейін, далбаса да... Басқа түскенде біледі екенсің.
  • Оу, көкесі, – деп еркеледі Қаби қалжыңға басып, – ағаға қарап іні өседі. Неге ойламайсыз, артыңызда біз бармыз ғой, жасытпасаңызшы көңілді!..
  • Одан шошымай-ақ қой, Қабижан. Шындап кетсек, тартын- шақ інілерді жетекке алып, біраз жерге тақыммен-ақ сүйрейтін де қарқынымыз бар.
  • Е, бәсе, осылай қайрат танытпайсыз ба, марқайып жүрелік.
  • Шалдың қауқарына қарай қимылдасаң, сенің де хал – жайыңның түбін байқадық...
  • Қауқар салыстырғаннан гөрі қараңызды көріп жүргеніміздің өзі дәтке қуат, әз аға!
  • Міне, жөніңе енді көштің, ниетіңе жет, әкем!.. Үлкен кі- сілердің жарасымды әзіл-қалжыңы сұйыла бере сыртта бөгеліп қалған Мұқатай кірді. Қариямен құшақтасып көрісті де, Әсеттің сол жағынан орын алды. Қайырдың өзі дастарқан жайды. Та- палдау жылтыр қара қайқалаңдап, нән сары тегенеге шүпілдете құйылған қымызды әкеліп, дастарқанның шетіне қойды да, Мұқатайды ықтай отырды. Ол әнеукүнгі шілдеханада жыр айтып, думанды қыздырған Болмыс. Ойнақы, ерке қылығы Әсетке де ұнаған. Тағы бір бозбала сырлы тостағандар мен қайың безінен ойып жонған қос ауызды, бүйірі шығыңқы, күміс ернеулі ожауды тегененің қырына сүйеді. Бүрме етек жібек көйлегі сусылдаған, қыпша белі үзіле майысқан, басына гүлді көк шайы орамал салған уыздай келіншек шолпыларын сылды- рата жүріп, үлкен астаумен әкелген қызыл-күрең бауырсақты

 


төкті де, дастарқанды бойлата жаймалады. Аздан кейін ірімшік пен құрт әкеліп шашып, әр түсқа кесе-кесе сары май қойды. Осы кезде денесі толықтау, түңліктей күндігі шошайған, екі беті қып-қызыл, өңі тайыңқыраса да, сыны кетпеген ақ сары кемпір кіріп, үйдегілермен амандасты. Еркелей қараған Қаби биязы үнмен сыпайылай саулық сұрады.



  • Денің сау ма, жеңеше? Қажымай жүрмісің?
  • Шүкір, әке... – деген кемпір өз ниетін де айтты. – Балаңның бауы берік болсын! Немере сүйіп, төліңе төл қосылып жатса, ол да үлкен куаныш қой!..
  • Айтсын, жеңеше, тілеуіңе рақмет! – деп, кемпірдің көзіндегі мұңды сезген Қаби көңілін аулады. – Өзің де сондай қуанышқа бат!.. Арманыңа жет!
  • Бибі аман ба? – деп, кемпір енді Мұқатайға бұрылды. – Оны да көрмегелі талай заман өтті. Қыс бойы қатынаса алмадық.
  • Жер етегі кеңіді, жалпақ жайлау. Қыдырмайсыз ба, апа, осындайда. – деді Мұқатай еркелей жебеп.
  • Оған боп жатыр ма? Мына шал менсіз аяқ баса алмайды...

Сүйеніші менмін... Құдай бір келінді де бұйыртпай тұр ғой.


Шешесі өкпелегендей Қайырға томсара қарады. Ол жымиды.


Сөздің түбіне түсінген Қаби жуып-шайып майдалады.



  • Ол күн де жетеді, жеңеше!..
  • Айтқаның келсін, күтеміз да...

Сырлы тостағанның алғашқысы сырғып көп Шерубай қарияның алдына тоқтады. Екіншісі ақ сары кемпірді тапты. Ел салты осылай. Жасы үлкендерден кейінгі кезек Әсет пен Қабиға тиді. Одан әрі жастардың да өз ретімен қолдарына тостағандар қонақтады. Шерубай қария қымыз іше отырып, әңгімені желіледі. Семей мен Өскеменнен бергі елдің жай-жапсарын сұрастырып, Әсетті едәуір сөйлетті. Бұл кісінің өзі де ат үстінде жүрген шағында сол маңды көп шарлаған, жер-су жайына, ел-мекенге қанық екен. Сол күндерін көксегендей күрсіне еске алады.


Аздан кейін бата сұралып, қой сойылды. Көп ұзамай майы шылқылдаған куырдақ жетті. Сәлемшілер де жиіледі. Түске таман үйге адам лықа толды. Сауықты Мұқатай бастады. Лекіген ән зула- ды. Қайыр жайраңдаған кісілерге жаутаңдай қарайды. Көңілі алаң, қабағы жадау, жалғызсырайтын сықылды. Сонда да сыртқа сыр сездіргісі жоқ. Байсалды жігіттің қабағынан Әсет жанын қинаған кірбеңін байқады. Думанның сәні – қыз-келіншек пен жігіт- желеңнің аңқылдаған жарқын күлкісі, отты лебі, жалынды қызуы


 


емес пе!.. Жас-желең аздау, сондықтан ба? Көп адам жиналған үлкен топ болса, Қалимасы да келер еді. Бәлкім, ол көрінбеген соң, серігін іздеген аққудай қасірет шеккені ме?.. Қайран жас дәурен-ай!.. Мұның да іші түтін, сырты бүтін, алды мұнар ма? Шер-мұңын сыртқа шығаруға дәрмені жоқ. Байқұс бала-ай, есіл қыздар-ай... Ұнатқан жігіттеріңнің тірі күйіктерісіңдер-ау... Қайда барсаң да сол дерт. Былтыр да тап осындай бір қайғының табын Әсейіннің қабағынан көріп ем. Ол өзінің дертін әнмен ақтарып, жа- лынын өлеңмен шығарып жүрді. Леп шықпаса, ішті жел кернейді. Ал, мына Қайыр ондайға жоқ-ау, ән салмайды, өлең айтпайды. Өзегін өртеген өртке үнсіз төзеді... Не деген шыдам. Басқаның айтқанынан медет таба ма? Мұқатайдың салған әні – аңсау, ар- ман, сағыныш, еркелеген наз. Кей толғамы ойды тербейтін ыстық сезім ғана. Қайырға одан гөрі шиыршық атқан толғаныс, жалын- ды шайқар ащы сарын керек. Қолыма домбыра тиген заматта


«Қара көзге» басайыншы. Мұңымен үндесетін шығар. Бәлкім, бір желпінтіп тастар. Бұл да көкейімнен жалыны өшпей жүрген арманның лебі ғой. Қайран қара көздер-ай!..


Әсет ақырын күрсінді де, алысқа жетелеген қиялға ілесті. Тағы да көз алдына өткен күндері тізбектелді. Ақ қырау басқан буалдыр адыр. Қарақаттай жанары жаудырап, дөңгелек көзі жасқа толған, айырылғанына қиналып, мұңая қараған Жәміштің бұлдыр сұлбасы қарсы алдынан көлбеңдеп жаутаңдай қарап тұрғандай елестеді... О, жалған-ай... Қуанышы өткен күнмен бірге кетіп, қасіреті қалады екен. Батқан күн қайта шыққанымен, өшкен үміт жана ма? Өзін жолға шығарып салған Жәмішке қайтып оралуға уәде берген соң, Әсет Лепсіде ұзақ жатпады. Бөрілі құмының арасын, Сасық көлдің қопа-қойнауын қыстап отырған елді аралай жылжып, Алақөлге жеткен. Одан кейін Тоқта тауының етегіндегі елге қонақтай жүріп, дос-жарандарының көңілін алған. Сол жүріспен көлдің желкесін айналып, Жарбұлаққа өткен. Осындағы сырлас құрбы-құрдасына, дос-жарынына шы-


нын айтып, ақыл сұраған. Жаны жайсаң жігіттер де табылған.



  • Қыс өтіп, жердің беті кеңісін, – деген бала күннен тел өскен құрдасы Қабас – Көктем шыға нағашы жұртыңнан жиендік еншіңді жинап беремін де, өзім ертіп барамын... Қыстың көзі қырауда тарлық көрерміз...

Соны медет тұтқан Әсет қыс бойы Таңсық даласына ат ізін салмады. Оған жағдайы да келмеді. Аядай Алақөлді шырайналып, өз көңілін өзі жебеп шалқыды да жүрді. Оның қамын досы Қабас


 


ойлаған. Көңілі жақын жігіттердің басын қосып, арнайы кеңескен. Сөйтіп, қолы ашық жомарт елден өзі мөлшерлеген мезгілінде он бес-жиырма қараның басын құрап алған. Өз Әсеті емес пе, ағайындар қолдап, ауыр жүгін көтеріп әкеткен.


Күн жылынып, жердің бетін көк майса жаба бастағанда Әсет Барлық тауының жайлы бір қолтығын көктеп, малын ширатып отырған Қабасқа келген.



  • Қане, жиеніңді немен жарылқайсың? – деп, әзілдей на- зын айтқан. Өз ойлағаны орындалған Қабастың көңілі тоқ-тын. Күлімдеп тұратын көзі жайнап, қара мұртын ширата қарқылдай күлген.
  • Несі бар, күйеу келсе – қыз дайын. Асықсаң – аттанайық!..

Қабастың сол бір ойының іске асар-аспасына Әсеттің пәлендей сенімі де жоқ еді. Қолы қысқа адамның іші қанша өртенсе де, төзімі берік болмай ма! Салт атты – сабау қамшылы қалпымен Жәмішке көрінуге намыстанған. Қабастың ақылы іске асқан соң, өшіп бара жатқан үміті қайта тұтанған.



  • Қабаш-ау, шының ба?! – деп таңдана абдыраған иланбай.
  • Мал дайын. Асықсаң алдымызға салып ап, ертең-ақ жолға шығайық!..

Айтқаны болған. Үшінші күні таң ата екеуі Барлық тауының етегінен жылқысы бар, сиыры бар – бір қора малды айдап, Алақөлдің оң жақ қабырғасын қапталдай Таңсыққа бет алған. Жол үстінде Қабас өзі емірене балқитын «Інжу-маржанды» қайта- қайта айтқызып еді-ау! Қыздың ауылына арман-сертті ашық айтып бармақ еді. Малды саусылдатып айдамай, баяу жүріспен жылжыған. Бесінші күні Таскескен суының жіңішке жылғасынан өтіп, Шолпан адырларының арасына түнеген. Келесі күні түс әлетінде Ай өзеніне құлаған. Суы мол болмаса да жазық аңғардың шалғынды бір қойнауында жарау аттары ауыздықпен алысқан екі жігіт жолыққан. Жөн сұрасып, жол жайын біліскенде бұл жігіттер Таңсық жақтан келеді екен. Қазақи әдетпен үйіріле әңгімелесіп, хал-жай айтысқанда әлденеге көңілдері жасып, қиналған түрлері байқалған.



  • Оу жігіттер, тойдан қайтсандар, неге жабырқаусыңдар? – деп таңырқап еді-ау Қабас. Сонда күйінген ақ сары жігіт:
  • Ауруын жасырғанмен, өлімі әшкерелейді емес пе? Қайран Әсет ақынға жанымыз ашиды, – деген қиналып. Мұны естігенде жүрегі зырқ етіп, тұла бойын аяз шарпыған, кеудесі шанышқылап, тынысы тарылған. Қабас та аң-таң.

 



  • Оның себебі не?
  • Біз Күзембайдың қызы Жәміштің тойынан келеміз...
  • Қай Күзембай?..
  • Таңсықтың жалғыз Күзембайы. Шіркін-ай, қызы не деген асыл жан еді. Әсет ақынды естуіңіз бар ма? Сонымен уәделескен екен. Атын естігені болмаса, жігіт Әсетті танымайды. Барлық естіген-

білгенін жайып салған.



  • Қап, әттеген-ай, уақытты өткізіп алғанымыз ба? – деп күйінген Қабас. Әлгі жігіт ұққанын түгел айтқан.
  • Қыс ортасында-ақ Күзембайдың аулына Ақсудың бойын қыстап отырған Танабай баласына қызын айттыра адам салып- ты. Күзембай ыңғай білдіргенімен, қызы Әсет ақынның бір ауыз сөзін естімей, ешкімге бармайтынын айтып отырып алыпты. Жар дегенде жалғыз қызының көңілін қимаған әкесі үш айға дейін тоса тұруға мұрсат беріпті. Қыс сырғып, көктем келеді. Ел жайлауға қарай жылжитын мезгіл жетеді.

Әсет ақыннан ешқандай хабар-ұшар ала алмаған. Уәделі күні де өтеді. Әсет кетерінде үкі тағып кетсе де ырым ғой, қазақтың салты, аттап өте алмас еді. Бесінші айдың жүзіне қарағанда, Тана- бай малын айдай барып, Күзембайдың үйіне сау ете түседі. Әкесі айтқан шартты күн өткен сон қыз да амалсыз қалыпты, Танабай ай-шайға қаратпайды. Барлық жасауы әзір тұрған қыздың тойы бұрнағы күні болды, Кеше ұзатылды...


Жүрегі сыздап, есі ауысқандай мең-зең күйге түскен. Қы- бырлауға шамасы жоқ, сілейіп қалған. Өзегі өртенген. Кеудесі жабайы мысық тырнағандай ашыған. Қолы жетпеген жетім махаббатының қүйік дәмі аузын кермек татырған. Таңдайы кеуіп, алып ұшқан қиялы жасыған темірдей майырылған. Дүниенің қызығы алыстап, аспан асты суық тартып сала берген... Қанша қасірет шексе де, адам көтереді екен-ау...


Күйіне жамбасын соққан Қабас кинала тұрып жұбатқан:



  • Құсамен қасірет шегіп, мұңайма, бауырым! Дүние жалған деген осы. Амал қанша, қазақтың қай жігіті мен қызы мақсатына жетіп еді? Басың жас, көрер қызығың алда. Бағың жанады әлі...

Қабастың сөзін естіген жігіттер қақпанға түсіп, өзінің сирағын өзі шайнаған қасқырша тыпыршыған Әсетті қатты аяп, басу айтқан. Ауылдарына шақырып, сыйлап та жіберген.


Аңсап келе жатқан балының орнына у жұтқандай қасірет шегіп, салы суға кеткен қайықшыдай дел-сал күйде кері қайтқан. Жолай түнеген ауылдарында ән салынбаған, сөздерінің де қиюы қашып,


 


қиыспай қойған. Алакөлдің желкесіне шығып, Қабастың ауылына жеткен түні шерін тарқатқысы келгендей таң атқанша ақтарылып еді-ау лақылдап. Өкінішімен, өксігімен қоса сағыныш сазын да төккен. Жасытып, жабырқатпау үшін жолдас-жоралары да демеп, аялай әлпештеген. Сол қайғы тұманын тезірек айықтырудың ебін ойлаған Қабас ауыл-ауылдан қыз таңдады да, үріп ауызға салардай уылжыған, піскен алмадай үлбіреген, тал шыбықтай бұралған, қолаң шашы сала құлаш, қарақат көзі ұшқын шашқан Тәті қызды айттырып, тойын жасап, өз үйіне түсірген. Жаны жай тапса да, Жәміштің қиыла қараған ұшқынды қара көзінің елесі арманының алаулы сыры болып түйіліп қалып еді. Соны ойласа, әлі күнге дейін жанын жалын шарпиды...


Бір сәтке Қайырдың қабағына бағамын деп, өз мұңының тұңғиығына шөгіп кетіпті-ау...



  • Әсетжан, енді өзің қимылда, – деген Қабидің өтініш сарынды жуан даусы құлағының түбінен күмбірлегенде барып есін жиды. Мұқатай домбыраны көлденең ұстап тұр екен.
  • Әсаға, «Інжу-аржаныңызды» өз аузыңыздан естиікші!.. – деп егіле қиылды. Әсет жымиып қойып, домбыраның құлағын бұрады да, ұшырлана қағып-қағып барып тежелді. Көзі тағы да мұңайыңқы Қайырға түсті. Шабыт қысқандай танауы желбіреді. Шиыршық ата қозғалақтады да, ышқынта шырқай жөнелді. Әуелеген ән тау-тасты жаңғыртып, көкке шапшыды. Сылқым әуен сылаңдай бұралады. Біреулер ынтасын салып, мүлги құлақ түрсе, біреулер елжірей елеурейді. Наз айтқан, мұң шаққан, еркелей сыр шертіп, серт байлаған құштар жүректің үні. Біреулердің жүрегі жалындаса, біреулер іштей күрсінеді. Алайда, толқи тербелген ырғақ самалдай сипалайды. Мұқатай бар зейінін сала ұйып қалған.

Ән үйірімін көкейіне тоқып отыр. Қайыр терең ойға шомған.


Жабырқаңқы түрмен алысқа қадалады.


Әсет жас жігіттің кейпін бағып, аяп кетті де, әнмен жебеді. Домбырасын безілдетіп, ойын түйді. Сенің де нені көксейтініңнің сырына түсінемін. Бұл көздің көрмегені бар ма? Қабағыңнан тани- мын. Жүрегің тыпыршығандағы аңсайтының – осы назды, мұңды әуенді сүйікті адамыңның ести алмағанына қынжылатының. Осы сарын оған да демеу болар ма еді деп дәмеленесің. Естісе, әннің ырғағы жебеп, бір ерлікке бел байлайды деймісің? Аңсағаныңның түбіне, артының немен тынатынына, мұратыңның орындала- тынына көзің жете ме? Өзіңнің байламың қалай? Бекінгенің не бел буып? Іс-әрекетсіз қайғы шегіп, қарс ұрғанда нені жеңесің?


 


Қолданар шараң бар ма? Болса, тезірек іске асыруға ұмтылмайсың ба? Бұйыққан бұл қалпыңмен не тындырмақсың? Булыққан сай- ын ойың тұмандана береді. Сондағы зарың – сарғайып күту ғана ма? Оны мен де бастан кешіргенмін. Әрекетсіз ештеңе бітпейді. Бәлкім, осы бір арман ырғағы мұң шалған қиялыңды сергітетін де шығар, құлақ сал...


Әсет осы тебіреніспен ерке, сылаңдаған назды әнді бір қайырып тастады да, арасын суытпай, «Қара көзге» басты.


А-а, хо-о-оу!..


Мынау қолым, Қарақөз, саған созғам, Махаббаттың жүректе оты қозған.


От-жалындай көзіме көрінесің, Желбіреген көйлегің беренсоздан. Қаракөз сәулем, көз көрген,


Түн ұйқысып төрт бөлген. Шақырғанда бармаған,


Сұм басым, үйбай, сөзге ерген. Жүрген жүріс, Қаракөз, күлген күлкің, Жанған жүрек қасында болсаң, шіркін! Сені ойласам, Қаракөз, ас батпайды, Түнде ұйқым келмейді, күндіз күлкім. Қара көзің қадалған,


Жалындай тиді жаныма. Бойыма ұшқын таралған, Судай сіңіп қаныма!


Қара таудың басынан түсер сағым, Сағынғанда қайда едің, ғашық жарым?! Туған айдай секілді көрінуші ең


Сенің сұлу болғаның деуші ем бағым. Көзін сүзіп жылтылдап,


Кім жүр екен тың тыңдап? Қаракөздің қасында


Қандай қу жүр, үйбай, қутыңдап?!


Бұл ән де тік самғап барып, төмен құйылды. Сылаңдаған ерке ән. Сарыны жан-жүйеңді балқытады. Аңсау, сағыныш лебіне бусанған тыңдаушылар жел шайқаған қамысша жапырылды. Осы сәтте әруағы қозған Әсеттің өзі де лепірді. Әлденені шөліркей аңсап, зарыға сыздаған жүрегі тулай соққанда, тұла бойын тосын құлшыныс серпіні биледі де, еміренген ынтықтықпен мәнерлегені сонша – өзіне-өзі таңданды. Басылып барады екен-ау, сезімі өре


 


түрегелген секілді. Жүрегі алып ұшып, буын-буыны дірілдеді. О, ғажап, бірте-бірте алыстап, қарасы үзілген сағыныштың қайта оралғаны ма? Орай соққан жел жаман деуші еді, адасқан қаздай қайырылмас арманның шоғы өшпей, сақталғаны ма? Мына еркіндікте қайта тұтанғаны ма? Қаншама жыл өтсе де, өкінішті махаббаттың оты сөнбейді екен-ау адамның кеудесінен?!. Күлге көмілген шоқтай қозданып, тереңде жалындап жатқаны ма?..


Әсет қабағы салыңқы, жүзі жүдеу Қайырға тағы да көз қырын салды. Ол жабыға бұйыққан. Қасындағы ашық-жарқын отырған топқа емес, керегенің басын көмкерген басқұрлардың өрнегіне қадала қарайды, Әннің тәтті әуеніне елтігендей білінер-білінбес қозғалыспен ақырын ғана теңселеді. Асыл жарын аңсаған албырт сезімі кеудесін кернегендей. Осы көрініс ақынды да толғантты. О, құдірет, қазақ баласының бәрі қолы жетпейтін сағым арманның құлы боп өте ме бұл дүниеден? Ата-бабаларымыздың жол- жоралғысы неткен қатал еді? Бұл тас бауырлық па? Неге өзінің қызын өзі осынша қорлайды? Алақанына салып аялайтыны жалған аярлық па, әлде, өзін-өзі алдарқату ма? Әкенің аталық мейірі айла ма? Қазақ жалтылдақ атаққа неге сонша құмар? Қолына жылтырауық бұйым түссе, есіретін бала сияқты. Сол затымен абы- рой табудың жолын іздейді. Қызды да соның жолына құрбандыққа шалады. Ондай жандардың жүрегі күйіп-жануды білмейтін тас па?.. Әлде адам баласының бойында мейірбандылықтан гөрі қаталдық, зұлымдық ұрығы көп пе?.. Байқұс баланың жүдеуі-ай... Кеше ғана гүлдей албыраған Қамиламен ымы-жымы жарасып, судай тасыған көңілі бүгін үсік шалған жапырақтай сазарған...


Сағыныш әнінің сарыны басқалардың да көңілін шайқаған. Үй


иесінің жасы үлкендігін сыйлағаны ма, дабыры аз. Соны сезгендей ақ бас қария кеудесін кере шіреніп, жайдары дауыспен ашыла күлімсіреді.



  • Бәрекелді, Әсетжан!.. Мына айтқандарың біз естімеген ән екен. Адамның кеудесінен арман жалыны өшкен бе? Сағыныш- ынтық талпыныстың сағымы да бар секілді. Жө-өн... Қалқам, енді біздің кәрі жүрегіміздің қасаңы мен сірісін жібітетін бірдеңе айтшы?

Қарияның ойы жебеген Әсет өзін ширықтырып жүрген қазақи өмірдің қиралаң бұрылыстарын тізбектей жайып сал- ды. Жақсылығы да, жамандығы да қалтарыс қалған жоқ. Өзің салыстырып ал дегендей. Күнделікті тырбаныстың өзі ақын аузынан айырықша мәнді сипатпен айтылады екен. Соны қазір


 


ұққандай тамсана таңдай қағысады. Көпті көрген Шерубай қарт та қиялымен алысты барлады. Қарттық жайын толғаған Әсет тыныс алғанда қарияның мұңын байқаған Қаби:



  • Қарттық қайғы ма екен, Шераға? – деді әзіл тастап. Оған шал жасымады, шынын айтты.
  • Е, күлсең – кәріге күл. Бойыңнан қуат кеткен соң, мойныңа бұғалық түседі, бұлқынғаннан не пайда?
  • Өкінбеңіз, Шераға, – деді бойы үйренген Әсет қайраттан- дырған раймен. – Мәңгілік өмір жоқ. Аттың ізін тай басады. Мына Қайырыңыз сіз жасаған өмірдің жалғасы емес пе?
  • Ендігі үмітім де, арқа сүйерім де сол, Құдай жар болғай!
  • Ендеше түлегімізге сенейік. Осы жас талаптарыңызды баулыңыздар. Бір үміт артарым едің, Болмысжан. Манадан сенің дауысың естілмеді. Мен сәл тыныстап алайын. Ортаға сал білгеніңді, шынығасың.
  • Алысқа шабатын тұлпарға бап керек, – деді Шерубай шал өз қалауын аяқсыз қалдырмай, ескертпе жасап. – Әсетжан әлі оралар арнасына, дем алсын. Сендер іркілмеңдер, сөз суымасын!

Босаға жақтан Болмыс түрегелді де, әдейілеп Әсет ұсынған домбыраны алды.



  • Я, сәт, жас түлекті ақын әруағы жебегей! – деп біреу ақ тілеумен қалжыңын да кірістіріп жіберді.

Болмыс әнші емес еді. Жеңіл, ойнақы, шолақ қайырымды са- рынмен термені, толғауды, жыр-дастанды жатқа айтып жаттыққан. Домбыраны өзінің даусына бейімдеп бұрады да, пернені жыпыл- дата басып, қос ішекті саусағымен ілмелей шетті. Арты-арты- нан өсиет-өнеге ұсынатын ескі жырды төгіп барып тоқтады. Ел қызбалана қостап, серпіле гулесті. Осы кезде есіктен бас сұққан бір жігіт Қайырға ым қақты. Нені меңзегенін түсіне қойған Қайыр орнынан түрегеліп, әкесіне қарады.



  • Ата, асқа отырсақ...
  • Ал, меймандар, сыртқа шығып, сергіп аласыздар ма?.. – деді қария байсалды түрмен.

Үйдегілер қотарыла түрегелісті...


Астан кейін өнерпаз жастар кезектесіп ән салды, өлең айтты. Қызықтың сарыны босап бара жатқан соң домбыраны қайтадан Әсетке ұсынды. Бұл жолы ақын ән салмады. Болмыстың тала- бын жебей түсу үшін төгілме жырға көшті. Одан кейін өзінің былтырғы жаздың басында Жайырда жүргенде айтқан «Сәмсия» қиссасын еске түсіріп, қайтадан жырлап берді. Алуан-алуан озбыр


 


құбылыстар арқылы зұлымдықтың сипатын көзге елестететін жырға жұрт бас шұлғыды. Жаңа бір қырынан бой көтерген Әсетке мейірі қанған Қаби сүйсіне қарайды. Ақынның ойында шек бол- майды екен-ау. Кеше ән мен әншіліктің құдіретін мадақтағанда санамызды бір желпіп еді. Бүгін мына жырымен адамдыққа тән ізгіліктің түкпіріне үңілді. Мақсаты – елге тәлім алар өнеге ұсыну ма қалай да?.. Міне, ала-бөтен дарынның ауқымы қайда жатыр десеңші!.. Қара басын күйттемейді. Халқының көкейіндегіні тап басуға талпынады. Жақсылық пен жамандықтың сипатын біз айтсақ, жұрт ат үсті ғана тыңдайды. Ал ақынға құлап түседі, ұйып қалады. Құдіреті де сонда ғой. Тегі, ақын біткен осылай ма? Жоқ, екінің бірі бұлай емес. Кім көрінгенді мақтап, мал табу үшін тышқан аңдыған күйкентайша елбеңдеп жүретіндер де бар... Олардың ойы іргеден ұзамайды, ауылдан аспайды, ауқымы тар. Нағыз дарынның шалымы кең, өресі қол жетпестей биік болады екен-ау. Әсеттің аузынан естілген сөздің өзі жүрегіңді тебірентеді. Халқының мұң-мұқтажын жоқтайды. Елінің жоқтаушысы. Ортаға салған ойы бәрімізге ортақ...



  • Ал, жігіттер, бұл сендерге тартқан сыйым, айта жүріңдер! –

деді Әсет жырын тамамдаған соң. Ойдан серпілген Қаби терме айтқыш шымыр қараға бұрылды.



  • Ұстап қалдың ба, Болмысжан?

Ол да кім осылай талап қояр екен деп, күтіп отырғандай:



  • Қайталап айтайын ба? – деді сеніммен құлшынып. Шерубай шал басын изеді.
  • Иә, айта ғой, әкем! Кем-кетігін Әсетжан толықтап үйретер.

Алып қал, балам!..


Қиссаны Болмыс түгел қайта жырлады. Жастар қызық көрсе, үлкендер риза боп еміренген. Ал Әсетті қуантқаны – елгезек қара баланың жаттағыш қабілеті. Құйма құлақ осы-ақ болар. Шашқан дәніңді теріп алатын алғырлардан айналмассың ба! Хатыңнан кем бе! Көкейінен өшер ме енді? Абырой табатын азығы ғой. Құдайдың өзі сол үшін жаратқан секілді. Осындай жебеушілеріме сенген соң ба, жазып тастамайтыным маған да әдетке айналды. Әй, қанағатшыл басым-ай. Хатқа не жетуші еді... Оған мұрша да жоқ-ау. Жазып жатуға мына жұрт ырық бере ме?



  • Осы бетіңнен қайтпа, шарағым! – деді Әсет тамағы бүлкілдеп барып тоқтап, балбырай балқыған Болмысқа бата бергендей ыстық ықыласпен.
  • Сарайың кең екен, кеудең жырға толсын!..

 


Күн бата ән де, өлең де тыйылды. Жұрт тарады. Айналасын заңғар таулар қоршаған Көкқия алқабын көлеңке құрсады, Қойнау-қолтық, тектұр-текшеге тігілген шоқ-шоқ ақ үйлер күннің ақырғы шапағына малынып, сағымдана дірілдейді. Атты кісілер екіден-үштен жан-жаққа бытырап барады.


Сол күні Шерубай ауылына қонған Әсет те одан әрі ән сал- мады.



  • Әсетжан, көп жаса! – деді Шерубай шал разы боп. – Енді Қаби екеуің сый табақ жеңдер...

Болмыс та аттануға ыңғайланды. Ол шалдың туған жиені екен. Атасының мына сөзінен кейін рұқсат сұрады.



  • Ата, Қайыр ағам біздің үйге барсын ба, апам келіп-кетсін деп еді.
  • Е, барсын, Әсетжанмен енді өзім оңаша кеңес құрайын...

Қайыр сырлас-мұндас досы Мұқатайды да ерте кеткісі келді де, алдымен үлкен кісілерге өтініш айтты:



  • Әсаға, сіздер тынығыңыздар, қасыңызда аға бар ғой.

Мұқатай, сен бізбен бірге жүр.



  • Өз қызықтарың өздеріңде, барыңдар, – деп Қаби да желік- тірді. Ашып айтпаса да, олардың сырын білетін секілді.

Жігіттер атанып кеткен соң, төбе басында біраз отырысты. Іңір үйіріле үйге кіріп, отты ықтай жамбастап жатысты. Әңгіме ұзаққа созылды, сөз тізгінін ұстаған Шерубай шалдың бармаған жері, баспаған тауы жоқ көрінеді. Бұл түні ол өткен-кеткенін ұзақ әңгіменің арқауы етті.


Үлкен үй мал қораланатын қорадан шеткерірек, шолақ төскейдегі шымылдық қарағайдың етегіне тақау кішкене төбешіктің үстіне тігілген. Әсет пен Қаби ерте тұрып, сыртқа шықты. Серек тастары серейген қат-қабат таулардың арғы түкпірінен қою қызыл шұғыла шашырады. Телім-телім ұшпа бұлттардың бауыры бояу жаққандай қызарған. Сай-саланың қуыс-қуысы қара көлеңке. Жақпардағы жая тастардың бетіне түскен күміс шық әйнек сынығындай жылтылдап, сағымдана бұлдырайды. Бірте-бірте таудың төбесіне өрлеп, шарадай жайнаған күн табағының шеті қылтиды. Жалпақ аңғарға шөккен көгілдір мұнар жылуға еріген мұздай ыдырай бастады. Айнала тымық, жел жоқ. Дүние ың-жыңсыз тыныштық құшағында. Әсет алыс түкпірлерге сарыла көз салды. Салқам дүниенің өлшеусіз еркіндігі кеудесін кеңейтіп, салқын ауа өкпесін қапты. Тәтті су өзегін мұздатқанда тұла бойы сергіп сала берді.


 


Мамыра-жай ішілген шайдан кейін қымыз құйылды. Сол тұста сәлем беріп Әлібек кірді. Қымызға сарықтары қанғанда барып бата жасалды. Әлібек үй иесінен рұқсат сұрады.



  • Шераға, рұқсат етсеңіз, Әсекең біздің ауылдан да дәм тат- сын.Ақын – елдікі, мен неге ұстайын. Рақмет, Әсетжан!
  • Сізге де рақмет! Қайтқанша талай келемін.
  • Көп жаса, әкем!.. Біздің көңіл қаудыраған тулақтай. Бір майлап кеттің. Осының өзі талайға жететін шығар. Жүзің жарық болсын, ылайым!..

Әлібек Әсетті Көкқия аталатын жасыл жотаның өргі жақпар тасты Жаятас қиясына ұласатын алқымындағы ауылына алып келді. Мал сойылып, қымыз құйылды. Сауық қызған. Түске таман соңдарынан Мұқатай мен Болмыс жетті. Әсеттің жүгін жеңілдетіп, бір шамаға дейін Мұқатай ән салды. Кешегі естігеннен жадында сақтаған қиссаны Болмыс та төгілтті.



  • Жақсының шарапаты тиіпті, – деп, мәз болды Әлібек жүзі жайнап. – Аз күннің ішінде ауылымыздың әуені де өзгерді, өлеңі де молайды. Құдайдың жарылқағанын қарашы!.. Әрқайсысы өзіне лайық жүгін арқалаған. Балаларымыздың да бабы табылды. Әсекеңнің қуатына қайран қаламын, жүздің ісін бір өзі арқалап жүрген сияқты. Ән де, өлең де, қисса да кеудесіне ұйыған.
  • Әсетжан, өнер мен өнерпаздың артықшылығы жайында айтқан өсиетің мына балалардың көкейіне әлі сіңе қоймаған түрі бар – деп, Қаби нені тілейтінінің шетін қылтитты. – Өйткені сол әуенді қайталап айтуға талпыныстары байқалмайды.

Меңзеген тұспалын Әсет те түсінді. Емеуірінмен ұғысу да қазақтың өзіндік дағдысы, бұлар соған қанық. Мынадай үлкен топтың ортасында тағы бір қайталап тастауды өзі де лайық көр- ді. Сонда да бірден ақтарылмады. Өзіне төнген елді ойға үйіріп, ынтамен тыңдауға әзірледі.



  • Ол өзімнің өлшеуімдегі әнге, өлеңге байланысты толғау- толғанысым болатын. Әуенінің бұлтарыс-бұралаңы көп. Өлең- нің өрісі кең, талай маңды шиырлайды. Жастарда кінә жоқ, қиындау. Тіпті өзіме де ауырлау тиеді. Сондықтан оған оралуым аз еді. Ерекше бапты тілейді. Үйренеді әлі.
  • Әсаға, – деді Болмыс айтпай қоя ма деген күдігі меңдей қиылып. – Сол күні менің отырысымнан жүрісім көптеу болды да, алаңдай берген соң, толық ұстап қала алмадым...
  • Ал, тыңда ендеше!..

 


Әсет толғауын тасқындай жосылта ақтарды. Арынды әуен ырғағына қосыла есілген өлең түйдек-түйдегімен іркіліссіз сорғалады. Тұнып тұрған көлдің жағасындағы қалың қамысты жайпай соққан өкпек желдей есті. Үйдегілердің бәрі сол өлең арқылы Әсеттің елден ерекше артықшылығын саралады, ән мен өлеңнің сырына таңырқай таңдай қағысады. Көңілі өскен, ойы шалқыған ақынның толғауы жөңкіген бұлттай жосылып, әр кеудені шымырлата сіңіп жатты. Әсет те буырқанған шабытпен шырқаған. Екпіні үдеп, арыны ағын судай арқырады. Жалынды сөзі жанды жадыратады. Құйқылжыған әуеннің аяғын жібектей ширатып ширықтырды да, аударып-төңкеріп, бунақтата бұралтып барып тоқтады. Шыбын да шырыны бар жерге қонбай ма? Ел бал жұтқандай тамсанысып, сілтідей тынған. Іштей тебіреніседі, сезімдері өрбіген. Ән мен өлең құдіретіне бас иген. Алысқа жүгірген адамша алқына дем алған Әсет мандайының терін сүртті. Мұны айтқанда өзі де өзгеше тебіреніске ұшырайды екен.



  • Өмір жасың ұзақ болсын, Әсетжан! – деді Қаби айызы

қанғандай рахаттанып. Елеурей жүзі албыраған Әлібектің көзі отша жанды жалындап.



  • Нөсердей сорғалаған өлең, балдай тәтті әуен сазы жүрегімізді балқытты, разымыз! Бұл өнегеңді артыңа ерген жеткіншектерің өмір бойы ұмытпас!..
  • Айтып көрші, Болмысжан, – деді Әсет қызбалана тыпыр- шып отырған балғын жігітке бұрылып. Ол әуенді де, өлеңді де бәз қалпында жанын сала орындады. Әсет талаптының жігерін жанығысы келгендей қайрап, көтермелей дәріптеді. – Көмейі кең, көкейі алтын сарай. Қырандай алғыр екен. Осыныңнан жазба, шырағым! Бұл да асқан ұғымталдықтың, сергектіктің белгісі.

Жұрт өз орталарында жүрген Болмыстың бойындағы өздері әлі танымай жүрген артықшылығына көздері жеткендей қуанды. Аузы дуалы ақынның бағасын батаға жорыды. Бәрі де соған тілеулес еді...


Ойындағы үміті ақталған Әсет жаз ортасына дейін Сауырдың қыр арқасындағы Жаятас, Көкқия, Семізтай салаларын жайлаған қалың елдің ішін думанға бөлеп жүрді. Қай ауылға барса да ел төбесіне көтерді. Содан жайлау сары жұрт тарта бастаған мезгілде Жайпақсайдағы Қабидің ауылына оралған. Қасынан қалмай еріп жүрген Мұқатай да мақсатына жеткендей мәз. Әсеттің ойы – осы ауылда біраз күн тыныстап алғаннан кейін кері қайту еді. Бейғам күндер өтіп жатты.


 


Бір күні Мұқатай түскі асты ішкен соң, Қайырға жолығып қайтайын деп атқа қонды. Өйткені одан көптен бері хабар болмай кеткен-ді. Содан ымырт жабыла оралды. Қабағында кірбің бар, жүзі солғын, мұң тотығы шалған.



  • Аман-есен бе екен, Шәкең қалай? – деп жөн сұрады Әсетті жалғызсыратпай қасында отырған Қаби. Көңілі жабырқау Мұқатай қысқа жауап қайырды.
  • Жақсы, бәрі де аман...
  • Қайырды неге ерте келмедің?
  • Көнбей қойды...
  • Онысы несі, әнеугүні сендер Ақжалдың арғы астындағы елде жүргендеріңде қайта-қайта іздеп келгіштеп еді ғой?

Дені сау ма екен, әйтеуір?



  • Оның жағдайы қиын...
  • О, не дейді?..

Бәрі шошып кетіп, үдірейісіп қалды. Сұрлары қашқан. Тақақтай сұраған ағасына Мұқатай өзі білетін сырды ашып салды.



  • Қамила ұзатылғалы жатқан көрінеді.

Мұны естігенде Қабидың да қалың қабағы жабылып, қою бу- ырыл қасы жыбырлады. Тастай түйіліп, түнеріп қалды. Қоңқақ мұрны пысылдап, қинала дем алды.



  • О баста-ақ қой деп едім сол балаға. Амал бар ма енді? Мұқым Қожан елін бір шыбықпен айдап жүрген шақар зәңгі Жұмықпен тіресерге шама бар ма? Мына сорлы Қабылбай қызын оның баласы- на емес, атағына сатып отыр. Әйтпесе, жеті жасар бала он жетідегі қыздың теңі ме? Оны қуыршақ қып ойнай ма? Атақ құмарлық біздің қазақтың көзіне қапталған ақ шелі. Ойланып, жан-жағын болжауға ырық бермейді. Сергелдеңге түскен пенделерміз ғой, әйтеуір... Көзіміз ашылар күн болар ма екен?..
  • Қыздың көз жасына қарайтын қазақ бар ма? – деп күрсінді Әсет те жаны қиналғандай. Осы құбылыс оның емі табылмай келе жатқан ескі дерті еді.
  • Енді Қайырдың не істемек ойы бар? – деп сұрады Қаби әлденеден секемденіп. Мұқатай естіген-білгенін жасырмай айтты.
  • Қамиланың өзі хабар салыпты. Ел аяғы баспайтын, адам көзі көрмейтін құрдымға болса да, саған еріп кетуге әзірмін депті. Қайыр соған қамданып, ақырын бағып отыр. Сәті түскен түнге жалынбақ. Атамыз батасын беріпті.
  • Дүниенің түбін көрген сұңғыла кісі ғой, баласын аяған шығар... Кім біледі не боларын?..

 



  • Қайыр ауыл-аймағына өзін Үрімжі жаққа жолаушылап кетті деген қауесет таратқызыпты. Үйіне де түнемейді екен. Жалғыз өзі ел көзіне түспей, қарағай арасын паналап кетіпті. Болмысты қыстап жүріп, сорабын біліп алдым да, жыныс арасынан зорға іздеп таптым. Жол серік болайын десем, қара көбейтіп қайтеміз деп, маңайлатпай қойды...
  • О, Құдай, жалғызды жаралқай гөр!.. – деп өкси жалбарынды Бибі бәйбіше қамығып.
  • Қап, бітпейтін дауға қалмасақ игі еді-ау – деп күйзелді Қаби күйгелектеніп. – Жесір дауынан асқан пәле бар ма қазақта?
  • Қолға түсіп қалмасын деңіз.
  • Одан басқа шарасы да жоқ-ау байқұс баланың...
  • Арман еткеніне қол созған қазақ баласының бар тапқан амалы сол ғана, – деді Әсет те мұңдана күрсініп. Мұқатай ағасына өзінің тілегін айтты:
  • Аға, ертеңге дейін Қайырдың қасында болсам қайтеді?
  • Елдің көзіне түсіп, із тастайсың ғой.
  • Иә, сен өйтпе, – деді Әсет те ақыл қосып. – Қайта түк біл- мегендей елдің көзінше жайраңдап жүре бер. Тіпті Қабылбайдың ауылына бар да, сауық-сайран салып қайт. Расында да, ел-жұрт Қайырды жолаушылап кеткен екен деп ойласын. Ізін аңдып жүрген жоқ шығар. Қыз жағы одан күмәнданушы ма еді?
  • Ондай сыбыс жата ма, Әсаға...
  • Ендеше ешқандай ілік сездірмеңдер. Қайырдың ойы дұрыс, көзге түспесін. Сендер күйеу қосшыларымен араласып, ойын- қызықтың көрігін басыңдар. Болмыс та жиі барып жүрсін. Ешкім Қайырды ойламасын. Уәдесі берік болса, қалай байланыс жасайтынының амалын қыздың өзі-ақ табады.

Қайырдың тілеулестері осыған тоқтады. Аңқылдақ Қабидың көңілі жабырқады, үйіне ауыр мұң арқалап қайтты.


Бұл күні Әсет пен Мұқатай келісімдері бойынша ертерек ат ерттеді. Түске таман Қабылбай ауылына барып түсуді межелеген. Жарқын көңілдерін, ашық жүздерін жұртқа көрсетпек.


Зәулім Жаятастың күн шығыс бүйірінің өкпе тұсындағы Ақтас аталатын жалпақ текшенің төсінде отырған қалың ауыл абыр- сабыр. Жерошақ басы толған әйел. Будақтаған көк түтін аспанға шұбатылады. Тай мініп, ауыл сыртында жарысып жүрген балалар тобы ызы-шу. Өз қылықтарына мәз. Үй-үйдің арасы сабылған қатын-қалаш. Төскейді қаптай қалың қой жатыр. Жылқы қайырған жылқышылар қашаған қуып, құйындата жүйткиді. Еркектердің


 


көбі шеткі ақбоз үйдің маңына жиналған. Күнбатыс қапталдағы Жаятастың жотасы жалдана созылып барып, ақ бас шыңдарға жалғасады. Шатқалы үңірейген аңғардың екі беткейі жалама жал- тыр тас. Сайы шұңғыл, құлама терең құз.


Шеткі ақ үйден ызыңдаған сарын естіледі. Лекіген ұшқыр ырғақты татар әуені. Алыстан құлағы шалғаннан-ақ тани кетті. Ойнақы жыр судырай төгіледі.


Жырла десең, мен жырлайын, Таусылмайды жырларым.


Жайнататын ортамызды Қайда кеткен қыздарың?


 


Ақ қалпағым жарасады, Қырлап кисем басыма. Сылдырлаған шолпылары Қыз отырса қасыма...



  • Үй, бәлі!.. Айт соны!.. – деп дуылдаса жебеген дауыстар гу-гу етеді, жырға елтіп алған.

Екі салт атты солай бет түзеді. Сонадайдан Әсетті таныған ауыл жігіттері жапырласа қуанып, жақындаған соң қошаметпен атын ұстады да, қаумалай ілгері бастады. Селдір шоқша сақалды, мысық мұрт шой қара:



  • Ассалау-мәликем, Әсаға!... – деп ақсия күліп кеп қол алыс- ты. – Қош келдіңіз!..

Қатулы қабағы жазылып, сұрланған жүзі нұрланды. Жалт бұрылып барып, есіктен сығалады. Ішке басын сұғып тұрып бірдеңе айтып еді, әлгі ән сап тыйылды. Іле қалақтай жұқа сары сыртқа шықты. Мысық мұрт үйдің сыртына қарай жетелей жөнелді. Басқалары оның ойын түсінгендей:



  • Қане, үйге кіріңіз, – деп, Әсет пен Мұқатайды әлпештеген күйі ішке кіргізді. Жұрт өре түрегеліп, төрдің төбесінен орын босатты да, иін тіресе қайтадан жайғасты. Әлден уақытта есіктен бас сұққан қалақтай сары орын таппай аңырып тұрып қалды. Соңынан ере кірген мысық мұрт:
  • Ғафу етіңіз, Исхақ әпенді, – деді майдалай сипақтап. – Кемеші келсе, қайықшы судан шығады емес пе! Манадан жырладыңыз, жырғадыңыз. Татардың жорға жырына рақмет! Енді қазақтың жалпақ табан қара өлеңінің қара салпағын, тасқындай арқыраған арынды әнін сіз де тамашалаңыз... Әй, жігіттер, орын босатыңдар!..

 



  • Қулығыңды асырдың, Бүркітбай мырза, – деп жыпылдай күлген қалақ сары қысылып-қымтырыла ірге жақтан орын алды.
  • Исхақ әпенді, мына кісі қазақтың әйгілі ақыны Әсет, дауыл әні ескенде, сіздің жорғаңыз жүрісінен адасады. Сондықтан сізді саспасын дегенім ғой.
  • Естігем, сыртынан. Ел мақтайды.

Мойынсал болған жыршы жапақтап Әсетке қарай берді. Ол осы елге шығып, айна-тарақ,, иісмай-сабын сатып жүрген бақалшы екен. Мына топтың ортасына түскен соң жыр жырлап, елді үйіріп алған. Қызық үшін кеу-кеулеген еріккен жігіттердің дабырына елігіп, сырттан кірген оған бейтаныс әншіні сыйламай, өзімшілдік әсермен сөлекет мінез көрсетіп қоя ма деген қауіппен Бүркітбай оны әдейі сыртқа шақырып алған-ды. Енді өзі кешірім сұрағандай сыңай танытты. Бұған жыршы да разы.


Ойын одан әрі жалғасты. Жұрттың ықылас-пейілі де, қас-қабағы да өзгеріп кетті. Бәрі де жандарын езген мұңды мүлде ұмытты. Алдымен Мұқатайдың сылқылдақ, ерке әуені сусыды. Одан кейін бұлардың ізін баса жеткен Болмыстың жорға термесі төгілді. Әлден уақытта барып Әсеттің асқақ даусы гуледі. Тау-тасты жаңғыртып, көкке самғады. Дүниені кернеген дауылдай аспан астын дүбірлетті. Жұмық зәңгі әнді сайтанның азаны деп санайтын қас надан көрінеді, өзінен-өзі тыжырыныпты. Әнді естіген сайын құрысып, теріс айнала беріпті. Ал оның қасынан шықпайтын Қабылбай делебесі қозса да, құдасының көңілін қимай қипақтап, үндей ал-


мапты. Үлкен үй жақтағы бұл жайларды естіген Бүркітбай:



  • Мейлі, шыдамаса жарылып кетсін, әкеңнің!.. – деп тістене кіжінді түсі бұзылып. Бірдеңеге қатты ашулы, зәрін шашып тұр.

Отауда оңаша отырған Қамиланың сезімі әнмен бірге әуеледі. Әсет әніне жігерленсе, Мұқатай мен Болмыстың даусын естігенде денесі бір ысып, бір суып, аласұра тыпыршыды. Кенет ойына то- сын болжам кірді де, денесі мұздап, жүрегі сыздады. Әсет ақын ел адамы, оның үстіне ештеңе білмейді біз жайында. Жұрттың қалауын орындайды. Ал Қайырмен жаны бір Мұқатайға не жоқ. Ән салып, есіп отырғаны несі? Біздің қайғымызға неге ортақтаспайды? Салған әні арқылы-ақ жұбаныш сезімін білдірсе қайтеді. Мана- дан жанға сая болар бір сөзін естімедім. Мұңды, зарлы әндерді салса, көзімнің жасын төгіп, өкси жылап шерімді басар ем ғой... Әй, Болмыс, Болмыс... Сенің терме айтып, тақылдайтын не жөнің бар? Жалғыз ағаңа қол ұшын бере алмағаның ба? Неге бір хаба- рын жеткізбейсің?.. Жоқ, өзім айтайын байламымды. Соны күтіп


 


жүрген шығар... Осыған бекінген Қамила орнынан атып тұрды да, байлаудағы аңша үйдің ішін шарлап шарқ ұрды.


Жаныңнан жақсы көретін қайын сіңлісінің мына ақындардың әнін естіп, күйзеліп отырғанын сезген сырлас жеңгесі – Бүр- кітбайдың әйелі кіріп еді, Қамила ботадай боздап бас салды.



  • Жылама, күнім!.. Көзіңнің жасы менің де жаныма батады.
  • Малдай маталдым, қайтейін, жеңеше...
  • Соза беруге болмас енді, байламыңды кесіп айт. Болмыс соны білуге келіпті.
  • Бүгінгі түннен қалмаймын, соны жеткіз!.. – деді Қамила ширыға қатуланып. – Әзірше ағама сездірме.
  • Ашып айтпаса да, ағаң сен жақта. Сендер әбден ұзап кетті- ау деген шамада айтамын, сабылмасын.
  • Бұзылып қалмай ма?..
  • Ол құда келгелі бері у жегендей болып жүр. Тілеуі сенің қамың. Кеше көз жасыңды көргенде өртеніп кете жаздады.

Көңілдері жай тауып, екеуі бастарын түйістірді де, ұзақ сы- бырласты. Қайырдың тосатын тұспалын белгілесті. Үрей мен қуаныш араласқан күдік келіншектің қызыл жүзін бозартты. Сонда да көзіне сенім ұялап, жымия күліп шығып кетті.


Үкімі жүріп тұрған өзінің ауылы емес, басқа елге билігі өте қоймайтынын сезген Жұмық зәңгінің ән мен сауықты тыйып, тоқтатуға шарасы жоқ. Қабылбай құтырған қасқырша аласұрып жүрген баласына батпайды. Ол сыныққа сылтау таппай жүр. Құдасы келген күні-ақ әкесінің бет-жүзіне қарамай айқасып, жараған бурадай зіркілдеген. Әлгі мысық мұрт Бүркітбай – қара құлақ Қабылбайдың үлкен баласы. Бір бет, айтқанынан қайтпайды. Бұл мінезі сырын білмейтін сырт кісінің көзіне ожарлау көрінеді. Бірақ ақ көңіл, адал. өзім дегенге өзегін жарып беретін жомарттығы тағы бар. Өзі ән салмаса да, сауық құмар, сайраншыл жігіт. Бұған дейін қарындасының ел ішіндегі ойын- сауықтан қалмай, араласып жүруіне мұрындық болып, ешкімге ырық бермей келген. Қаби ауылындағы шілдеханада ол Әсетті көрген-тін. Содан бір талайға дейін қолына түсіре алмады. Сөйтіп жүргенде құда келіп, көңілі ойпаң-тойпаң сапырылып, тыпыршыған. Ән бір саябырлаған кезде:



  • Әсаға, алыстан ат арытып келген асыл ағамыз едіңіз, – деді

Бүркітбай орнынан түрегеліп. – Ауылыма шақыруға қамдансам да қолыма түспей, қатты ұятты боп қиналып жүруші ем. Құдай айдап, өзіңіздің жолыңыз тоғысыпты. Бір малға бата беріңіз!..


 


Соны айтқан заматта босағадан маңқиған бір қойдың басы қылтиды. Әсет бата жасады. Ән мен өлең әрі жалғасты. Осы арада Әсет қызбалықты басып, сабырлы ақылмен жұртты ойға үйірді де, кеңесі кең бір толғауын толғай жөнелді.


Дүние бір қисық жол бұраңдаған, Бақ тайса ерге дәулет құралмаған. Айбаты арыстандай өшкеннен соң, Батырдан айбын кетер ұрандаған. Тұлпар да тұралайды арыған соң, Орнынан сүйемелсіз тұра алмаған. Үсіген қазан ұрып қызыл гүлдей, Басыңнан дәурен өтер бұлаңдаған. Қызығы кешегінің қайта оралмас, Түлкідей төске өрлеп сылаңдаған. Семірген өз буына әулекілер Шулатып жүрген жерін лаңдаған. Бос белбеу, бота тірсек бозбалалар, Адамдай болбыр келер бұлаулаған. Бүрісіп бұршақ соққан жапырақтай, Бұзаудай бұралады қылаулаған.


Жүрсе де ел ішінде адасады,


Қайратын топқа салып сыналмаған. Жігіттер, өрге самға тас қырандай, Аспанның аясында қылаңдаған!..


Қамқор ағаның інілеріне шын тілегі осы екенін бәрі де сезді, өздерінің қылықтарын іштей ой електерінен өткізе бастады. Кімнің жақсы болғысы келмейді, бәрі де өздерінің кей қылықтарына іштей әттеген-ай айтып, бастарын шайқайды.


Сауық тау басына түскен күн иек арта тарады. Біреу мәз, біреу мұңды. Әркім өз ойымен тебіренген.


Күн бата қою бұлт ұлы таулардың аспанын тұмшалап, киіздей сықаса қаптады. Тау басынан басталған жаңбырлы бұлтты жел екпіні сайға қарай айдады. Ауылдан аттанған Әсет пен Мұқатай төніп келген жаңбырдың астында қалатын болған соң, жолдан бұрыстау болса да сол маңға жақын Әлібектің ауылына бұрылды. Аттарын қамшылап, жеделдете сар желіске салды. Қалың жаңбыр да бұлардың соңына түскендей дүркіреп жетіп қалды. Өздері көздеген ауылға жаңбырмен араласа келіп жетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу