Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  292


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Қасымхан Уатханұлына

Ассалаумағалейкум! Қасым аға,
Жүрсіз бе, шабыт толқын тасымада.
Апырай аяқ құрғыр жан алып бір,
Күн туар қашан жетер қасыңа аға?

Айналды оның бәрі құр қиялға,
Арманның ақ жалауы тұр қиянда.
Бауырыма балапандай бастым енді,
Жылы орап от жүректен жырды ұяма.

Қылыштайын отырам ойды қайрап,
Билеп тұрар бір күшті бойды қайрат.
Үй қалаған ұстадай кірпіш тізіп,\
Жыр сөзімді орнына қойдым әйбат.

Тағдырына мен емес телінді адам,
Жайымда жоқ жалтақтар сенімге алаң.
Жалғыз ғана аялап жатқан мені,
Бір аяулы жан, аға, келін балаң.

Түн бойына көз ілмей жыр жазамын,
Құлағымнан кетпейді бір ғажап үн.
Жігіт шағын жылатып жатқан күнде,
Біле ме екен осы ел бір қазағын?

Хал осылай құрметті Қасым аға,
Күншілдіктен әйтеуір басым ада.
Қинағанда аямай қинайды әттең,
Құрғыр өмір, қыршындай жасы ғана!

Кешір аға, алдым ба уақытыңды,
Осы арада ой үнім қапы тынды.
Дариға-ай, арман шағым қайта айналып.
Ағажан, көрер ме ең, Нұр-бақытыңды?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу