Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  149


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

БІР ЖЫЛ НЕМЕСЕ ОН ЕКІ АЙ

Себезгілеп сыр білдірер сынақ-жыр,
Мен білмеймін...
қай қылығың ұнап жүр?
Біз екеуміз танысқалы – он екі ай,
Біз екеуміз танысқалы – бір-ақ жыл.
Былтыр көктем биылғыдай болатын,
Өтіп кетті бірақ жылдам о да тым.
Сеніменен сәлемдескен сәттерде
Бұла жүрек бір бұлқынып қалатын.
Сарабынан өткізердей бес бидің,
Саған деген сөз тұсауын кеш қидым.
Өзің жақтан жылы лебіз күткенде,
Он екі айдың ұзағын-ай деп түйдім.
Біле тұра тілгілерін өткір мұң,
Жүрегіме ғашық дәнін ектірдім.
Тамағыңнан иіскегенде талықсып,
Бір жыл мерзім қандай жылдам деп тұрдым.
Бақыттылар есептемес күнді, айды.
Көз жасымыз самал желмен құрғайды.
Екеуміздің арамыздағы ақ сезім
Ай, жылың не, ғасырға да сыймайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу