Өлеңдер ✍️

  22.11.2021
  164


Автор: Гүлжауһар Сейітжан

Сезімді тот басады

Сезімді тот басады... тот басады...
болады оның да, жас, қатпа шағы...
Оның да жұлдыздары жанып кейде
басынан күні өтіп, бақ қашады.
Сен мұны ойладың ба, ойламадың,
егеді ол шабыт болып бойға дарын.
Шырқатар кейде үздіксіз арқасы бар,
әншідей басылмаған тойдағы арын.
Шақтарын сарқып алып шат, тамаша
тозады-ау бұл да күтіп, баптамаса.
Кейбірде аспанға ұша шарықтаса,
кейбірде жусаннан да жатты аласа.
Қауіп-ау...
қауіп сынау төзім күшін,
жасайды-ау қай шақта да ол өз үлгісін.
Ауырған кезі жоқ па, ойлашы бір,
айырылып қалған одан кезінде ішің.
...Мөп-мөлдір бұлт қонбаған көк-ті аспаны,
көңілдің өтті шағы жоқ қаспағы.
Тұнығын лайладың көзді тартқан,
сезімді осы шығар тот басқаны...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу