22.11.2021
  374


Автор: Фариза Амангелдіқызы

Алматының түндері - ай

Ауылда ҰБТ грантының тізімі шықты деген жаңалық тарағалы тыным жоқ. Мектеп түлектері "Егемен Қазақстан" газетін сатып алып жатыр. Дидарлым да Қазпочтаға құстай ұшты. Жанында газет сататын апа отыратын. Жеткені сол еді, апа газеттерін жинап түскі асқа жиналып жатыр екен.
- Апа, қалайсыз? Маған газет керек еді. "Егемен Қазақстан"- деді жалынғандай.
- Ойбуу, шырағым-ау түгесіліп кетті ғой ол пәле.
- Жаңасы қашан келеді екен?
- Оны білмедім балам, орталықтан алатын болмасаң...
- Апатай, жақсылап көріңізші, біреуі болса да қалған шығар.
- Қалмады деймін. Соңғысын Ергенбайдың қара баласы алып кетті біраз бұрын.
Басы салбырап кері бұрылған қыз амалсыз үйіне беттеді. Көңілсіз кіріп келген оны ағасы есік алдынан күтіп алды. Қолында оралған газет бар. Дидарлымның екі көзі газетте. Асыға басып жанына жетті де ағасынан не газет екенін сұрады.
- Саған алдым. Әле ашып та көрмедім. Үйге жүр, тізімнен сені іздеп көрейік. Қуанып кеткен қарындасы ағасын құшақтай алды. Екеуі үйге кірді. Ол кезде сұрай салатын ұялы телефон да тапшы, ілуде-біреуде бар. Интернеттен іздеп көретін де заман емес, ауылға ондай жаңалық әле келіп үлгермеген. Тізімді тек газеттен көретін барлығы.
Ағалы-қарындас болып үйге кірді. Ата-анасы мен кіші екі бауыры түскі ас ішкелі отыр екен. Тамақтану жайына қалды. Барлығы жапа-тармағай газетті жайып отыра кетті. Анасы басынан бастап іздемекші, ал Дидарлым анасына түсіндіріп жатыр:
- Мам, олай іздемеңіз. Мен таңдаған пәндерден, мен жазған мамандықтан ғана іздейміз ғой.
- Қайдан білейін жаным.
Әр бетті ашып отырып Дидарлым мамандығын тауып алды. Жинаған балы бойынша тізімнен өзін іздей бастады. "Қосжанова Дидарлым". Тапты! Алақай! Әкесінің мойнына асыла кеткен қыз қуаныштан жарылардай болып:
- Пап, Алматыда оқимын енді! - деді. Анасы қуанып қызының маңдайынан сүйді. Ал ағасы қарындасының басынан сипап:
- Бірге барып, бірге келеміз, - деді. Себебі ағасы да Алматыда оқитын еді. Әкесі қызының қалаған тілегін орындауға бар. Ал Дидарлым бөлмесіне кірді де, Алматыны көз алдына елестете бастады…

Дидарлым ойланып жатыр. Күнделікті аптап ыстықта түсте бір ауық демалып алушы еді. Бүгін қуаныштан ұйықтай алар емес. Кешке дейін бөлмесінен шықпады. Ауыл-аймақ түгел құлақтанып, ағайын-туыс ақырындап құттықтап келіп жатты. Біраз күннен соң Дидарлым ағасы екеуі жолға жинала бастады. Анасы ағасына әбден дайындап жүр.
- Қалаға барғанда қарындасыңа барып тұр. Көз-құлақ болып жүр. Үлкен қалада адасып қалмасын, базар-ошарына өзің апарып жүр.
- Жарайды мам, қызыңыз тыңдаса мені.
- Дидарлым, ағаңның айтқанымен жүр,- деп жатыр еді, ағасы күліп жіберді.
- Мама, мен қашан тыңдамай жүр едім ағамды, -деп бұртиды қарындасы.
Осылай әзіл-шыны араласып ағалы-қарындас жолға шықты. Анасы есік аузынан, ал әкесі автобусқа дейін шығарып салды. Қызына қомақты ақша ұстатып тұрып, баласына қадағалауды дайындады. Ал баласы Дамир, әкесі берген ақшаны алмады. Жұмыс істеп тапқан ақшам бар, оның үстіне степендия да түсіп қалады деді.
Осылайша Дидарлым алғаш рет үлкен қалаға жол тартты. Жанында ағасы болған соң ба, түк те уайымы жоқ, жаны тыныш. Дидар Сәтбаев атындағы техникалық университетте оқиды, ал Дидарлым Қыздар Университетіне оқуға түсті. Автобус таң алакеуімде Сайран автобекетіне келіп тоқтады. Ағасы үйреншікті жерден такси ұстады да, таныс жолдас баласының үйіне бастады.

 

Сол жерде біраз дем алып, сосын қарындасын оқу орнына жайғастырмақшы болды. Қанша дегенмен биыл 3-курс оқиды. Қалаға да үйреніп қалған. Осылайша жүріп Дидарлым оқуын да жайғастырды, жатақханадан да орын алды. Ағасы енді көңілі толып, өзінің жұмысымен кетті. Осы уақытқа дейін ағасы жанында болып ештеңе сезбепті. Ағасы кеткен соң Дидарлым біртүрлі елегізіп қалды. Бөлмеде заттарын жайғастырып отыр. Басқа ешкім жоқ. Көңілі құлазып, өзін жалғыз сезініп жылағысы келіп отыр. Ата-анасынан бұлай жырақ кетіп көрмеген қыз бойы үйрене алмады. Тіпті сол түні бөлмеде жалғыз өзі қонып шықты. Ертеңінен бастап қыздар келе бастады.

Дидарлымның жатақханаға аздап бойы үйренейін деді. Оның үстіне бөлмеге 2қыз келіп жайғасты. Екеуі де Оңтүстіктен. Қуанып кеткен ол, бірден танысып, құрбы болып кетті. Ертеңіне және 2 қыз келді. Оның біреуі батыстан Орал қаласынан, екіншісі сол Алматының қызы екен. Бір бөлмеде 5 қыз болып тұратын болды. Барлығы жайғасып, танысып, әңгіме-дүкен құрып бір күнді қызықты өткізді. Оқудың басталуына санаулы күндер қалды. Бұйырса 4 жылдан соң білікті мұғалім болып шығады. Осылайша 5 құрбы қыздар 1 -қыркүйек күні оқу орнына келді. Бәрі ерекше көрініп тұр. Үлкен аудиторияға кіргенде мысы басылып, үнсіз жүрексініп кірді. Бір-біріне демеу болып, алғашқы оқу күнін де өткізді.

200 орындық лекция залына кіргенде Дидарлым шынымен де студент атанғанын сезінді. Кураторларымен танысты. Курстастарымен танысты. Байқаса Оңтүстіктен қыздар көп екен. Дидарлым осыған қуанды. Жалғыз емес екенмін деп ойлады. Дидарлым сол күннен бастап-ақ студенттік өмірге сүңгіп кетті. Алғашқы айлары тек оқу орны мен кітапхана және жатақхананың ортасында өтті. Тіпті кей күндері кітапханаға барып тапсырмаларды орындап болып, қайтқысы келмей сол жерден журналдар алып оқып, қас қарая қайтатын. Кітап десе ішкен асын жерге қоятын әдеті бала кезден бар. Әсіресе поэзия мен том-том әңгімелерді сүйіп оқиды. Бір күні тағы әдеті бойынша кітапханадан шығып келе жатып жолай ағасын көріп қалды. Қас қарайып қалған уақыт еді.
- Дидар кеш болғанда қайдан келе жатырсың? Жатақханаңа барсам жоқсың.
- Кітапханадан келе жатырмын аға.
- Осы уақытқа дейін бе?
- Иә, енді өтірік айтып тұр дейсіз бе?
- Қайдан білейін.
- Аға рас айтам.
- Неге жалғыз өзің? Басқа қыздар сабақ оқымайды ма сонда?
- Мен тапсырмаларымды орындап болған соң газет-журнал оқимын деп қалып кеттім.
- Жарайды, енді кешке дейін отырма. Әкем сәлемдеме салып жіберіпті. Мә, ал. Жартысын мен алдым. Ертең демалыс. Базарға барамыз. Әкем саған ұялы телефон алсын деп ақша салып жіберді.
Ұялы телефон алатынын естіген Дидарлым қуанып кетті.
- Рас айтасыз ба? Мен де телефон ұстаймын ба енді?
- Иә, әкем солай деді. Ертең базарға барамыз, енді тым кеш болмай бөлмеңе бар. Ертең келіп алып кетемін,- деді де ағасы жатақхананың алдынан қайтып кетті.
Ертеңіне екеуі "Көк базарға "барып телефон алды. Қуанышында шек жоқ. Ары-бері тексеріп көріп жатыр. Екеуі сол жерде асханада отырып самса жеді де жатақханаға қайтты.

Бүгін демалыс күні болғандықтан жатақхананың алдында жастар көп. Кілең қыздар оқитын болғандықтан мұнда жігіттер де келіп тұрады. Бірінің ағасы, бірінің сыныптасы, бірінің досы, бірінің туысы. Әйтеуір жатақхананың алдынан адам үзілген емес. Алғашқы айларын Дидарлым тек сабаққа арнады. Курстастары ұқсап сыртқа да шықпайды. Және мұны іздеп ағасынан өзге ешкім де келмейді. Бөлмедегі құрбылары әр демалыста әр жерге барып қаланың біраз жерлерін жаттап алды. Ал Дидарлым ағасынсыз ешқайда шыға алмайды, адасып кетемін деп шығуға қорқады. Бір күні кураторлары Республика сарайында "Жайдарман" ойындары болатынын және группа түгел болатынын ескертті.

Дидарлым ағасынан рұқсат алып, кешкісін қыздармен бірге ойын көруге барды. Көңілдері сергіп қайтқан қыздар жатақханаға келгенше тым кеш болып кетті. Қыздар жатақханаға келсе сыртқы қақпада дәу қара құлып тұр. Қыздар абдырап қалды. Күзетші келіп неге кешіккендерін сұрады. Қыздар "Жайдарман "ойыны кеш аяқталғанын айтып ақталып әлек. Негізі басшылық ондай іс-шараларға баруға рұқсат беретін, бірақ күзетші қыздардың 1-курс студенттері екенін айтпаса да танып, біраз әзілдеп қорқытпақшы болды.
- Уақыт неше болды? 22:00-ден соң кіруге болмайтынын білмейсіңдер ме?
- Ағай, өтініш, екінші қайталанбайды. Кіріп кетейікші.
- Жоқ, кіргізе алмаймын. Егер басшылық білсе мені жұмыстан, ал сендерді оқудан шығарады.
Мына сөзді естіген Дидарлымда ес қалмады. Көз алдына ауылы, ата-анасы, ең берісі ағасы елестеп, оқудан шығарып жіберсе не айтамын, деп ойлады. Өз ойынан өзі шошып денесі дірілдеп ток жүріп өткендей сезінді де, бірден жылап жіберді.

Дидарлымның жылағанын көрген қыздар күзетшіге жалынып әлек. Күзетші де біраз қасарысып тұрды да, соңын күлкіге айналдырып есікті ашты. "Уһ"деп терең тыныстаған Дидарлым "Жайдарманы" құрысын, енді мүлде кешке шықпаймын деді ішінен. Күзетші жатақханаға дейін бірге еріп келді де, вахташы апайға ескертіп, қыздарды кіргізіп жіберді. Бөлмеге келген соң да Дидарлым аз-маз қорықып отырды.
- Қыздар, шынымен кіргізбей қойса қайтар едік?
- Ой Дидарка, қорқа бермеші. Көрдің ғой жай қалжыңдадым -деді.
- Құдай сақтасын. Енді ешқайда шықпаймын.
- Рас, қыздар. Егер басқалай себеп болса немесе еш себепсіз кешіккенде мүлде кіргізбес еді, сондықтан енді кешікпеуге тырысайық, деді қыздардың бірі.
Осылайша бір өлімнен қалғандай қорыққан Дидарлым жуынып келді де төсегіне қисайды. Студенттік өмірдің қызығы осылайша басталып кетті. Осыдан соң Дидарлым қыздармен қыдыруға шығып тұратын болды.

Ағасына бірін айтса, бірін жасырып, Алматының көркіне тамсанып ұзақ серуендейді. Ескі алаңда өтетін тегін концерттерге, Орталық стадионда болатын ақылы концерттеге де барды. Шет елдің әншілері келіп тегін концерт өткізеді. Бәрі, бәрі Дидарлымға ерекше әсер берді. Студенттік өмірдің қызығына бойлап жүргенімен әрине сабағын да ұмытпады. Тек бос уақыттарда ғана барады. Арман болған Медеу мен Көктөбеге де барып қайтты. Ол кезде әр жұма Көктөбеде концерт болатын. Бір күні сондай бір концертте "Жігіттер" квартеті келіп ән шырқайтын болды. Қыздар болып жиналып кешкісін Көктөбеге тартты. Көңілді өтіп жатқан концерттің аяғына таман Дидарлым ойламаған жағдай орын алды.

Концерт аяқталып, соңы дискотекаға ұласқанда Дидарлым қайтуға жиналды. Қыздарға айтып еді, біраз болайықшы деп қайтқылары келмеді. Дидарлым жатақханадан кешігеміз деп құрбысының құлағына сыбырлады. Осы кезде иығынан біреу түртті. Құрбымның бірі шығар деп артына бұрылып қараса ағасы Дамир тұр. Өзі ашулы.
- Сен мұнда неғып жүрсің?
- Аға? Мен... Мен.... Қыздармен концертке келіп едім. Енді қайтқалы жатырмыз.

 


- Бағана хабарласқанымда жатақханада бөлмемдемін деп едің ғой.
- Аға, кешіріңізші. Сізді ұрсады ма деп...
- Жүр, қайтамыз.
Дидарлым үнсіз ағасының алдына түсті. Жанындағы құрбылары қалды да ол жалғыз өзі ағасымен бірге жатақханаға қайтты. Ағасы да жалғыз емес. Жанында бірге оқитын жігіт бар. Дидарлым сол жігіттен ұялып келеді. Неге екенін, сол жігіт Дидарлымнан көз алар емес. Әр қимылын қалт жібермей көзбен тесіп барады.


Дидарлым да соны сезді ме, тезірек жатақханаға жетуге асықты. Ағасы жол бойы үндемеді. Тек жатақханаға келгенде ғана сөйледі:
- Дидар! Маған ренжіме. Мен сені қыдырмасын демеймін. Дұрыс, қаланың көркі керемет. Қызықпау мүмкін емес. Бірақ менен ешқашан жасырма. Қайда баратын болсаң да, маған ескертіп отыр. Мен хабардар болып отырайын!
- Жарайды, кешіріңізші мені.
- Ендеше бөлмеңе бар. Жақсы мен кеттім.
Жанындағы жігіт те үнсіз теріс бұрылып Дамирмен бірге ілесті.
- Дамир. Бұл сенің туған қарындасың ба?
- Иә
- Үш жыл бірге жүріп, неге айтпағансың?
- Нені айтам? Қарындасым бар деп мақтанамын ба? Қызық екенсің. Қарындас бәрінде бар емес пе? Оның үстіне сен неге сонша қызығып қалдың?
- Жәй сұрағаным ғой, - де қипақтап қалды досы.
Осыдан кейін ағасының досы Нұржан Дидарлымның жатақханасына көп келетін болды. Тіпті ағасы болмаса да жалғыз келіп кетеді. Осында жұмысым бар еді, кетіп бара жатып жолай соғып кетейін дедім, деп сылтауратады. Кейде осында бір туысым бар еді дейді. Әйтеуір, екі күннің бірінде осы жатақхана алдынан табылады да тұрады. Дидарлым бір күні ағасына хабарласып, досының күн ара сында жүретінін айтты. Дамир алғашында ешнәрседен сезіктенбесе де, Нұржаннан сұрауды жөн көрді.
Оқу аяқталып сыртқа шыққан олар көше бойындағы орындыққа отырды.
- Нұржан, қыздар университетінде туысың оқитын ба еді?
- Жоқ, неге сұрадың?
- Онда неге ол жаққа күнде барасың?
- Ол жақта нем бар? Кім айтып жүр?
- Біздің Дидарлым айтып жүр.
Қызарақтап қалған Нұржан не айтарын білмей састы да қалды.


Дамир Нұржаннан сезіктеніп қалды. Ыржалақтап күле бергенінен-ақ мән-жайды ұққандай болды.
- Нұржан, біз бірге оқып жүрміз. 3жыл болды бірге жүргенімізге. Ажырамас дос болдық. Бірақ менің қарындасыма көз салғаныңды қой. Ол әле жас. Енді ғана оқуға түсті. Оның сабақ оқудың орнына жігітпен миы ашығанын қаламаймын.
- Жоқ а бауырым, не деп отырсың? Көз салғаны нес?
- Мені байқамайды деймісің? Алғаш көрген күні-ақ сұрап едің ғой Дидарлымды.
- Мен жәй...
- Нұржан, сені жаман жігіт деп отырғаным жоқ. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Дидарлымның сабақ оқуы керек. Мені түсінесің деп ойлаймын.
- Әрине, - деп үнсіз қалған Нұржан іштей қуанды. Досының бірден бетін қақпай, уақыты келеді дегеніне ішінде бір үміт жылт ете қалды. Расында Нұржан соңғы кезде біртүрлі Дидарлымды ойлай беретін болды. Кішкентай ғана сары қыз күлімдеп көз алдынан кетпей қойды. Не болса да бәрін ішіне сақтап Нұржан жарты жыл уақытын Дидарлымды ойлаумен өткізді. Сезімі күшеймесе, толастаған емес. Оны Дамир де сезіп жүрді. Сондықтан, кейде қарындасына келетін кезде бірге ертіп келіп жүрді. Бұндай күні Нұржанның езуі жиылмайды. Солай уақыт өтіп жатқанда кезекті оқу жылы да аяқталды. Дидарлым ауылға қайтатынына қатты қуанды. Екі семестр бойы үздік нәтижемен сынақ тапсырған ол, ата-анасына мақтануға асықты. Тек Нұржан ғана үш ай бойы ғашығын көре алмайтынына көңілі құлазып, үнсіз жүр.
- Ал, сау бол бауырым. Бұйырса келесі оқу жылында кездесеміз,-деп Дамир қолын созды.
- Иә, әрине. Жақсы жолдарың болсын,- деп шығарып салды. Автобусқа отырған ағалы-қарындас Нұржанға қол бұлғап ауылға қайтты. Ал, Нұржан "Дидарлым ауылына барып басқаны ұнатып қалмаса екен, неге сезімімді білдіріп қалмадым, тым болмаса есіне алып жүруші еді " деп іштей өзін жегідей жеп қалды. Нұржан осы Алматының жігіті болатын. Ал Дамир мен Дидарлым оңтүстіктен. Автобуста Дамир қарындасының ойын білгісі келіп:
- Осы Нұржан өте қарапайым жігіт. Қалалық деп ешкім ойламайды. Дөрекілігі жоқ,- деді.
- Осы досыңыз дым ұнамайды маған. Өте жуас. Жігіт болып жөні түзу сөз айта алмайды, күле береді.


Үнсіз қалған Дамир іштей бір мәнісі болар деп ойлады да қойды. Бірақ қарындасының әлдекімнің жетегінде кетпей болашақта Нұржан сияқты жігітке тұрмысқа шыққанын қалайды. Осылайша ертеңіне таңертең ауылға жеткен олар автобекеттен түсіп, таксилетіп үйге келді. Ата-анасына тосын сый болсын деп келетіндерін де ескертпеген. Сыртқы қақпадан кіргені сол еді, әкесі жұмысқа жиналып жатыр екен. Есік алдында аяқ киімін киіп тұр.
- Пап, - деп мойнына асыла кеткен қызын көріп әкесі абдырап қалды.
- Өй, сендер қайдан жүрсіңдер? Жағдайың қалай қызым? Оқу аяқталып қалды ма? Балам?- деп кезек-кезек бетінен сүйді.
- Мама қайда?
- Сиыр сауып жүрген. Әй, Зәмзә? Балалар келді.
Осылайша бірден қуаныш сыйлаған олар бауырлары мен ата-аналарына қаладан әкелген сыйлықтарын үлестіріп, мәре-сәре болып жатты.
Екі-үш күннен соң Нұржан хабарласты. Аз-маз аманшылықтан әрі аса алмай тұр. Дидарлымды сұрауға бата алмады. Дамир түсініп тұрса да ағалық жолмен үндемеді. Демалыс керемет өтіп жатты. Екі студентті ағайын-туыс кезегімен қонаққа шақырып, олардың қолдары қыдырудан босамады. Жылда ағасына осылай құрметтеп шақырғанда қарындасы да қызығып мен де оқуға түскенде осылай барамын деуші еді. Айтқаны келді. Солай қыдырып жүргенде Дидарлым ойда-жоқта бір жігітпен танысты. Бір жылдықтарын тойлаймыз, бас қосып отырайық деп Дидарлымның сыныптастары кішігірім отырыс ұйымдастырды. Кім біледі ағасы білгенде жібермейтін бе еді, ол көрші ауылға туысының үйіне кеткен болатын. Қызының көңілін қимай әкесі рұқсатын берді. Отырыс көңілді өтіп жатты. Қазақсанның әр қаласына оқуға түскен сыныптастар студенттік өмірдің қызығын айтып улап-шулап отырғанда есіктен бір сыныптасы кіріп келді. Жанында өздері секілді бір жас жігіт бар. Таныса келе ол әлгі сыныптасының бірге оқитын группаласы болып шықты. Көрші ауданның жігіті екен. Төрге келіп жайғасқан жігіттің екі көзі Дидарлымда. Дидарлым да соны сезгендей, қайта-қайта шашын түзулеп қипақтай берді.


Не керек, сол отырыстан соң Дидарлым әлгі жігітті ойлай беретін болды. Отырыста танысып үлгермесе де, тіпті есімін біле алмаса да, бейнесі көз алдынан кетер емес. Жымыңдаған ойнақы көздері баурап алды. Екі күннен соң Дидарлымды іздеп 2-3 сыныптасы келді. Арасында әлгі жігіт бар. Ұялып, қызарып Дидарлым сыртта сәкіде біраз отырды. Анасы үйге шақырып еді, балалар аулада отырғанды жөн көрді. Танысудың реті енді келді.
- Жанболат, - деп қолын созды жігіт.
- Дидарлым,- деді қызарақтап.
- Білемін, отырыстан соң сен туралы сұрастырып жүрдім.
Мына сөздерді естіген қыз іштей қуанып, әрі қымсынып аузына сөз түспей қалды. Осыдан соң Дидарлым мен Жанболат жақсы араласып кетті. Ағасы жоқта кездесіп те келіп жүрді. Тек анасы қызына сеніп, ертерек қайтуын қадағалап отырды. Жанболат та Алматыда оқиды екен. Абай атындағы педагогикалық университетте. Енді бірге барып бірге келетін болыппыз ғой қалаға деп ойлады қыз. Осылайша басы бақыттан шыр айналып жүріп жазғы демалыстың қалай өткенін де байқамай қалды. Қалаға қайтатын уақыт жақындады. Дидарлымның бар ойы Жанболатпен бірге шықса ағасы не дейді екен деп ойлады. Ағасы ешнәрседен хабары жоқ, заттарын жинастырып, дайындалып жүр.
- Дидар, мен ертерек шыға берейін, сен оқу басталарда барасың. Ерте барғанда не істейсің? Мен дипломдық жұмысымды жетекшіммен бірге ақылдасуым керек.
- Жарайды, онда сіз бара беріңіз,- деп қуана кетті қарындасы. Іздегенге сұраған. Жанболатпен бірге шығатын болдым деді іштей. Тіпті, былтырғы жылғыдай оқуға құлшынысы да жоқ. Тек сымбатты жігітпен бір қалада оқитынына мәз.
Ертеңіне ағасы жол жүріп кетті. Еркіндікті енді сезінгендей қарындасы кеудесін кере дем алды да, Жанболатқа хабарлама жазды. Екеуі бүгін түстен соң ауыл шетінде кездеспекші.


Дидарлым анасынан рұқсат алып Жанболатпен кездесуге шықты. Ағасы қалаға кетті, әкесі жұмыста. Өзін еркін сезініп, тым жайбарақат. Кездесуге уақытынан бұрын келген қыз жігітін күтіп біраз отырды. Жанболаттың қарасы көрінбейді. Бұл кездесулері алғашқысы емес. Сондықтан, жігіттің кешіккеніне Дидарлым ренжи қоймады. Жұмыстары шығып қалған болар деп ойлады. Арада тағы бірер сағат өтті. Дидарлымның көңілі түсіп, қайтуға жиналды. Осы кезде манағыдан бері өшірулі тұрған Жанболаттың телефонынан хабарлама келді. "Дидарлым, ренжіме мен асығыс қалаға шығып кеттім. Жеткен соң хабарласам".
Мына хабарды оқыған қыз тіптен көңілі түсіп, үйге қайтты. Әкесінен бұрын келгеніне қуанған ана байғұс шыр-пыр болып жүр.
- Қызым, қазір әкең келеді. Киіміңді ауыстыр. Үйді жинап шықшы,- деп шаруаға араластырды.
- Мам, мазам болмай тұр. Біраз демаламын.
- Не болды, ауырып тұрсың ба?
- Иә, басым ауырып тұр.
- Бері қара! Тыныш па әйтеуір?
- Нені тұспалдап тұрғаныңызды сезіп тұрмын. Уайымдамаңыз, мен ондай ақымақ емеспін. Оның үстіне Жанболатпен бүгін кездескен жоқпын. Мен жата тұрайыншы біраз,- деп қызы өз бөлмесіне кетті. Үнсіз тұрып қалған анасы кешкі асқа кірісті. Кешкі асқа да келмеген қыз, бөлмесінен ертеңіне бір-ақ шықты. Сол смстен кейін Жанболаттан еш хабар жоқ. Телефоны өшірулі тұр. Дидарлым қатты қапаланып, енді оны ойламауды шешті. Аз қалған демалыс күндерін үйде ата-анасы мен бауырларының жанында өткізді де, сабақ басталатын уақытта қалаға жол жүріп кетті. Жанболаттан бірде-бір хабар ала алмады. Сабақтың басталып кеткеніне де бір-екі ай болып қалды. Ағасы мен Нұржан келіп тұрады. Дидарлым қайтадан тек сабаққа ден қойған. Еш нәрсе ойлауға шамасы жоқ. Бос уақытын тағы да кітапханаға арнады. Бір күні кеш болғанда кітапханадан шығып келе жатып жатақхананың сыртқы қақпасының жанынан Жанболатты көріп қалды. Алғашында маған келді екен деген ой жылт ете қалды. Бірақ сыпайылық сақтап, ешнәрсе деместен жанынан өте берді. Жанболат тіпті Дидарлымға бұрылмады да.


 


Дидарлым өзін сондай жайсыз сезініп, бөлмесіне кіріп кетті. Мені танымағаны қалай? Әлде, байқамады ма екен? Немесе мен бұрылмай өтіп кеткенге үндемеді ме екен? Не де болса өзінен сұрап көрейін деген Дидарлым қайтадан сыртқа шықты.


Ақырын басып сыртқы қақпаға келді. Өз көзіне өзі сене алар емес. Жанболат өзінің курстас бір қызымен сөйлесіп тұр. Шыдай алмай жандарына жетіп барды.



- Жанар, қалайсың?
- Жақсы, қашан келдің? Бағана сені кітапханада қалғаныңды көріп едім.
- Жаңа ғана келдім. Өтіп бара жатып сені көріп қалдым, бір кітап сұрайын деп едім, қашан кіресің жатақханаға- деді де Жанболатқа көз тастады. Ол үнсіз басы салбырап жер шұқып тұр.
- Иә, бірер сағатта барамын. А айтпақшы танысып қой, менің сыныптас досым.
- Мен бұрыннан танимын бұл мырзаны,- деп мырс ете қалды Дидарлым.
- Қалайсың Дидарлым? - деп осы кезде барып Жанболат сөзге араласты.
- Сендер қалай таныссыңдар,- деп қызығып кетті құрбысы.
- Жарайды, мен ішке кіремін. Бөлмеңе барсаң маған хабарын берерсің,- деді де Дидарлым бұрылып жатақханаға беттеді. Көзінен ыстық жас тамып кетті. Ешкімге білдірместен сүртіп жіберді де, асыға басып жатақханаға кіріп кетті. Аса қатты ғашық боп, сүйіп қалмаса да, жігіттің хабарсыз кетіп, енді мынадай қылығы көңіліне қатты тиді. Және ұйқысыз түндер мен көңілсіз күндер басталды. Алматының әсем түніне терезеден қарап жатып ұйқыға кетеді. Арада бір жеті өткенде Дидарлымды іздеп Жанболат келді. Алғашында кездескісі келмеген қыз, не айтар екен деп баруға бекінді. Екеуі үнсіз 28-ші Панфиловшылар паркіне келе жатыр. Екеуі де сөйлемейді. Тротуар бойындағы орындыққа отырған олар тағы үнсіз біраз уақыт өткізді.
- Дидарлым, мені кешірші. Хабарсыз кеттім. Бірақ оның себебі бар.
- Соншалықты 4-ай хабарсыз кететіндей ол қандай себеп?
- Тыңдашы, білем ренжіп жүрсің. Бірақ, мені де түсінші. Жеке отбасылық жағдаймен барлығымыз нөмірімізді ауыстырдық. Сол нөмірде кетті барлығы. Сенің нөміріңді содан кейін таппай қалдым.


- Сен менің қайда оқитынымды, тіпті қай жатақханада жататынымды да білетін едің ғой. Неге келмедің?
- Келе алмадым. Мен тіпті оқуға да бармадым. Ауылдан келгеніме көп болмады. Денсаулығыма байланысты оқуға анықтама алып, ауылда болдым.
Дидарлымның сенгісі келмесе де, жүрек құрғыр бой берер емес. Қайта күлімсіреген ол, іштей бәріне қолын бір сілтеп, Жанболаттың жанында болғанына риза еді. Ал Жанболат тағы сұрақ қойса қандай өтірік айтам деп қипақтап, Дидарлымның ойын басқаға аудармақшы.
Осылайша екеуі кешке дейін паркте қыдырып, кеш бата жатақханаға қайтты. Жатақхана алдында бұларды Дамир мен Нұржан күтіп алды.
- Қайдан келе жатырсың? Сені күтіп тұрғаныма 2 сағат болды. Мынау кім?
- Аға, телефоным бөлмеде қалып кетіпті. Бұл менің досым.
- Ассалаумағалейкум, есімім Жанболат,- деп қолын созды. Іші қыз-қыз қайнаған Нұржан Жанболатқа тістене қарады. Ал Дамир, қарындасын бөлмесіне кіргізіп жіберді де Жанболатпен әңгімеге кірісті.
Не керек, ағасы Жанболатқа Дидарлымның маңынан көрмейтін болайын де ескертті. Жарайды деп құтылған ол, іштей "көрерміз" деп жөніне кетті.
Жанболат тағы хабарсыз үш күн жоқ боп кетті. Дидарлым хабарлама жазып еді, жауап та келмеді. Болмаған соң, звондады. Жанболат тұтқаны алып, ағасының сөзін бірін қалдырмай жеткізді.
- Сонда сен үнсіз кете бересің бе? Неге мені ұнататыныңды айтпадың? Әлде расымен де құтылғаныңа шүкірлік айтудасың ба?
- Оның не Дидарлым? Мен жәй... атаңды сыйлағандықтан...
- Ой қойшы Жанболат,- деді де тұтқаны тастай салды. Сол күйі бір-бірімен хабарласпай кете барды. Уақыт зымырап, Дидарлым екінші курсын да аяқтауға жақын қалды. Дидарлым үшін күнделікті өтіп жатқан өмір болса, Нұржан үшін ауыр күндер басталардай болып жүр. Себебі оқуын аяқтайды. Досы Дамирмен де бөлек-бөлек кетеді. Демек, Дидарлымды көрудің де сәті түспейтін секілді. Соңғы бір жылда Нұржан Дидарлымға ессіз ғашық екенін анық сезінді. Тек досының көңілі үшін үнсіз жүрді. Енді бар шындықты айтатын уақыт келген секілді. Дамирмен сөйлеспекші. Міне, дипломдары да қолдарына тиді. Бір-бірін құттықтап, кешке отырыс ұйымдастырмақшы.


Кеш өте көңілді басталды. Тек Нұржан ғана селсоқ. Дамир оның не үшін көңілсіз отырғанын сезіп отыр. Курстастардың барлығы биге тұрып кеткенде Нұржан мен Дамир бірге қалды.
- Дамир, енді не істейсің? Сабақ аяқталды. Ауылға қайтасың ба?
- Жоқ, осында жұмыс жасаймын. Дидарлымның сабағы аяқталғанша қалада боламын.
- Демек, бірге жұмыс жасаймыз ғой иә?
- Әрине, сен қаласаң егер.
- Ол не сөзің. Қуанып отырмын керісінше. Дамир, саған бірдеңе айтуым керек.
- Не туралы екенін білемін.
- Білсең, онда әңгіме осы. Мен Дидарлымнан айырылғым келмейді. Өзің де байқап жүрсің, оны айналшықтап жүрген жігіттер көп. Оған сөз салсам, досымнан айырылып қалмаймын ба деп қорқам.
- Сенің ниетіңнің түзу екенін білемін. Тіпті үйленемін десең де қарсы емеспін. Бірақ екі мәселе бар. Ол оқуын аяқтауы керек және оның өзі не айтады? Өзімен сөйлесіп көр.
Осы әңгімеден соң Нұржаның төбесі көкке екі елі жетпей тұрғандай болды. Ертеңіне-ақ Дидарлым ауылға кетпей тұрып сөйлеспекші. Бірақ Дидарлым сол күні ауылға шығып кеткен еді. Тіпті ағасы да бұдан бейхабар болатын. Ауылға келгенде барып ағасына хабарласып үйінде екенін айтты. Неге екенін түсіне алмаған Дамир жарайды ендеше деп қоя салды. Түс ауа Дамир мен Нұржан бассейнге бармақшы болып жатыр еді үйінен қоңырау шалды. Әкесі екен. Ауылға тез жетуін сұрады. Дидарлымды алып қашып кетіпті. Дамир естіген бойда тістеніп, не істерін білмей Нұржанға айтты. Үстінен біреу мұздай су құйып жібергендей болған ол, осы уақытқа дейін сезімін тұншықтырып, жасырып келгені үшін бармағын тістеп тұрып қалды. Мен бұны бұлай қалдырмаймын деген Дамир, дереу жолға жиналды. Нұржан үнсіз қарап отыр. Барғысы-ақ келіп отыр, бірақ не айтады барғанда. Осыны сезгендей Дамир:
- Жүр, бірге барайық,- деді.
Екеуі асығып ауылға жол жүріп кетті.


Автобусқа отырса ертеңіне жететінін білген соң, екеуі такси жалдап келді. Үйіне жете салысымен әкесімен сөйлесті. Әкесі Нұржанды көрді де баласына қарады.
- Әке, бұл менің жолдас балам. Есімі Нұржан.
- Ассалаумағалейкум!
- Уағалейкумассалам!
- Әке, Нұржанға мен бірге барайық деп едім. Дидарлыммен сөйлестіңіз бе? Кім екен олар?
- Сөйлеспедім, хабаршы болып келгендерді кері қайтардым, ұлым келсін деп. Барып қарындасыңның өзімен сөйлес. Егер өзі қарсы болмаса, бақытты болсын. Ал егер жылап отырса, ештеңеге қарама үйге алып кел.
- Жарайды,- деген Дамир жылап отырған анасын жұбатып Нұржан екеуі адрес бойынша қуғыншы болып кетті. Көрші аудан болған соң үйді табу оңай болды. Үйдің сырты тым-тырыс. Қақпа ашық тұр. Екеуі ішке енді. Кіре берістен күбір-күбір әңгіме естіледі. Есікті ұрған Дамир қарындасының есімін айтып айқайлады. Үйдегілер өретіне түрегелді. Бәрі дайын отыр екен. Көке-жәке деп екеуінің асты-үстіне түсіп әлек болды. Оған қарайтын екеуі жоқ, қарындасым қайда деп дүрсе қоя берді. Түкпір бөлмеде кешеден бері жылап отырған Дидарлым ағасының дауысын есітіп орнынан атып тұрды. Екі көзі бұлаудай болған қыз есікке қарай ұмтылды. Бірақ оны табалдырықтан Жанболат тоқтатты.
- Дидарлым, мені ұнатасың ғой, білемін. Бақытты болам десең менің үйімді қал,- деп өзімсінген ол Дидарлымға тесіле қарады.
- Менің саған ғашық болғаным рас. Бірақ ол өткенде қалған. Сен оны бағаламаған кезде өз махаббатымды өзім тұншықтырып өлтіргенмін. Ал енді менің рұқсатымсыз, үйіңе малша алып келгеніңнен кейін сені кешіреді деп ойлама! Жолымнан былай тұр!
- Әлі де ойлан! Сен менсіз бақытты бола алмайсың. Мен секілді сені ешкім ақшаға көміп, жегенің алдыңда, жемегенің артыңда етіп жүргізе алмайды.
- Мені ақшамен сатып алмақшысың ба? Онда басқа қыз ізде!
- Соңғы рет айтам, ойлан!
- Ойланатын түгі жоқ! Дидарлым бұл үйде қалмайды, сен кімді сатып алмақшысың харам ақшаңмен,- деп есіктен ағасы кіріп келді.


Жанболат Дамир келген соң мысы басылып қалды. Аға деп, Дамирдің қолын алып, әлекке түсті. Дидарлым ағасының мойнына асылып жылап жіберді. Осы уақытқа дейін қалмаймын деп басына орамал салғызбай отырған қарындасы тезірек кетейікші деп жалынды. Нұржан сыртта күтіп тұр. Ағалы-қарындас үйден шықты да, көлікке беттеді. Артынан Жанболат шығып айқайлады:
- Кетсең кете бер, мені жалынады ғой деймісің, сен сияқтылар толып жатыр. Қазір-ақ басқасын әкеліп қатын қыламын!
Артына жалт бұрылған Дамир Жанболаттың жағасына жармаса кетті. Үйдің үлкендері араша түсіп, тыйып тастады.
- Жалынбаңдар ешқайсысың! Кете берсін,- деді Жанболат.
- Сенімен сотта кездесеміз,-деген Дамир көлікке отырып үшеуі ауылға өз үйіне жүріп кетті. Үйге келген соң әкесі қажет емес деп арыз беруден бас тартты. Ертеңіне Дидарлым анасымен бірге қалаға кетемін деді. Сонда болып оқу басталғанша жұмыс жасаймын деді. Ата-анасы келісіп, ертеңіне үшеуін қалаға шығарып салды. Қалаға жеткенше Дидарлым үнсіз келді. Тіпті нәр татпады. Келген соң үшеуі пәтер жалдап тұрды. Нұржан мен Дамир бірге жұмысқа орналасты. Ал Дидарлым базарда сатушы болып жұмыс істеді. Жаз бойы күндері көңілді өтті. Демалыс бола қалса қыдырып қалаға шығады. Дамир Дидарлымды әдейі жандарынан тастамайды. Солай жүріп Нұржанға көңілі ауа бастады. Аз уақыт өткен соң Алматының әсем түнінде Нұржан Дидарлымға сөз салды. Ал Дидарлым осы уақыт ішінде Нұржанның өзін қалай сүйетініне көзі жеткен еді. Сондықтан да тұрмысқа шығуға келісті. Диплом алған күннің ертеңіне екеуінің тойлары болды.
Студент болған күні Дидарлым Алматының әсем түніне ғашық болып еді. Енді сол Алматыда жұбайымен бірге болашағын бастамақшы. Екеуі терезеден Алматының түнін тамашалап ұзақ отырды...



Соңы...





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу