Өлеңдер ✍️

  21.11.2021
  97


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Буфеттерде, барларда

Буфеттерде, барларда
Өткен сәттер ұшаны –
Қырық таяу қалғанда
Қабырғамды қысады.
Тістелеймін бармақты
Түндер бойы ұйықтамай.
Құр жаюлы, салмақты,
Құрт-майы жоқ шыптадай
Өзімді өзім бос санап,
Бас даңғырап шаршадым.
Жоқ баяғы жас сана,
Жоқ баяғы аусарым.
Озған кім де, қалған кім,
Алақанда бәрі де.
Бағы мықтап жанған кім,
Кім тәлкек боп тәңіріне?
Кім жүйрік боп алда екен,
Ілбіп жүріп бар озған.
Айтсын, озған бар ма екен
Уақыт деген сабаздан?
Озбаса, оған жоқ дауа,
Дүние дәурен таусылмас,
Әй, кешегі сары бала,
Мә, шарап іш, мауқың бас!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу