Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  219


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Мінезім

Өзімді-өзім жеңе алмай жүрген бір кезім,
Жеңе алмауыма себепші – бірден-бір өзім.
Өзімді-өзім кінәлап салыстырамын,
Қабілетім кімнен кем еді, кімнен мінезім?
Бойымда барды ұқсатып жарата алмаған
Өзім ғой, өзім, дұшан жоқ оқ атар маған.
Дұшаным жоқ деу, әрине, аңғалдық болар,
Тышқанның мұрнын адалмын қаната алмаған.
Адалдығыңнан не пайда? Әрекет егер
Қаракет жасай алмаса қара көтерер.
Ақ көңіл сенің айтқыштық мінезіңді де
Астарлап алып біреулер пәлеге теңер.
Еркелігіңді біреулер есерлік дей ме,
Өзіңе сену өзіңе кесел жүктей ме?
Ығына қарай уақыттың иіле берсе,
Біреулер соны заманға төселдік дей ме?
Заманға сонда жаялық төсеніш болса,
Есебін білсе, ешкіммен есеп ашпаса,
Өзгерсе заман біз дағы жалт береміз бе,
Бүгін басқаша едік қой, кеше басқаша...
Заманға менің өкпем жоқ, қоғамға тағы,
Өкпемнің бәрін таңбаймын адамға тағы.
Жеңе алмай жүрген өз-өзін мен бе екен жалғыз,
Білмейді-ау көбі, сол мені алаңдатады.
Өзімді-өзім жеңе алмай жүрген бір кезім...
Іздеймін кейде мен сондай күндердің өзін.
Өзімді-өзім жеңемін, өлемін бір күн,
Өлтіре жаздап жүр мені құрғыр мінезім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу