Өлеңдер ✍️

  16.11.2021
  174


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Тай бәйге

(баллада)
Соғыстан соңғы бір жылы
Дуанда үлкен той болған.
Он сегіз колхоз тұрғыны
Ағылды дейсің әр қайдан.
Аттылы, жаяу, арбалы
Қалмады жеткен аяғы,
Сықырлап біреу балдағы,
Тықылдап біреу таяғы.
Той десе қу бас домалап,
Өкпесін алып ел ұшты.
Біреуді біреу шамалап,
Таныса болды, көрісті.
Жанышқан қайғы қабағы,
Жүйкесі бостау жаралы ел.
Тартады дымқыл жанары
Мүсіркей қалсаң сәл егер.
Жүрегі жұрттың күпті еді,
Жаутаңдап үміт, жоқ іздеп,
Көрініп топтан күткені
Кездесіп қалар тәрізді ед...
Әркімде бір-бір бар үміт,
Әлдилеп іштей алданған.
Сағыныш дейтін сары жұрт
Біреуде жалғыз сол қалған.
Бірде бар тұяқ тігерге,
Ол да жоқ енді біреуде.
Кеудеде орден тірелген
Аяғы келмей тіреуге.
Біреуде шала от қалған,
Біреуде құйттай шарана.
Барда да арман, жоқта да арман,
Ешкім жоқ түскен сабаға.
Күпті боп келген көп бүгін,
Күтініп келген жоқ ешкім.
Бақытты топырақ жоқ бүгін
Үстіндей осы дөңестің.
Бақытты бала жоқ еді
Тап мендей бүгін дәл мұнда,
Тайымның құйттай төбелі
Жұлдыздай жанып алдымда.
Он сегіз колхоз үй тіккен.
Шықтық біз дөңес үстіне.
Қараймын көкті тінтіп мен,
Таяды сәске түс, міне...
Он сегіз колхоз үйлері
Қоңырқай.
Көзге көрінді.
Әйтсе де тойдың күйбеңі
Көтерді бірден көңілді.
– Жаратқан өңшең тай неге,
Көп екен? – атам деп қалды.
Түсетін тұлпар бәйгеге
Жоғы еске түсіп тоқталды.
Қылмиған өңшең кілең тай,
Үйіріле берді үркердей.
– Бәйгеге! – деді бір айқай,
Атамның жүзін бір көрмей,
Айтар бір сөзін ұға алмай,
Атылып оқтай жөнедім.
Шыға да бере шығандай
Тайымның көрдім төбелін.
Тайымның құйттай төбелі
Жұлдыздай ағып келеді.
Жұлдызым маған жеткізбей,
«Жетем» деп қуам мен оны.
«Озам-ау» деген жоқ-ты ойым,
Демеп бір шабыт тереңнен,
Сондықтан жұрттан оқ бойы
Желпініп озып келем мен.
Бауырынан бәрі жараған
Болашақ тұлпар – бала тай.
Жұлдызға өзін санаған
Үстінде бір-бір балақай.
Айқайлап, кейде қиқулап,
Алдынан жаудың шапқандай.
Бәйгенің күші сиқырлап
Бойды алып бара жатқандай.
Енді бір сәтте жан-жақтан
Тістесе құйрық қапталдап.
Артымда мана шаң қапқан
Бір-екі, үш бала аттандап,
Алдымды орап барады,
Көтеріп, демеп бір-бірін.
– Қанатым қайда жаңағы, –
Тебініп алға ырғыдым.
Тайым да менің бір ыршып,
Тайпалып қайта жөнелген.
Мойнына қарай құнысып,
Сипадым жұлдыз төбелден.
Жөнелдік тағы қара үзіп,
Жүйрікке, шіркін, жоқ дауа!
Мәреге жетсек ағызып –
Ендігі мақсат сол ғана.
Атам да менің тұтанып,
Тұтанып, жанып тұр білем.
Қарайды бізге топ халық
Көлегей көзбен, дүрбімен.
Жо-жо-жоқ, жүйрік тек қана
Біз емес екен, көп екен.
Заулайды бәрі оқтала
Нысана жалғыз мәре екен.
Тұтанып тұрған тек қана
Жалғыз қарт емес, жалпақ ел.
Жоғалтып барын, жоқ қарап
Зәрезап болған қорқады ел.
Мінеки, соңғы белеңге
Жұлдыздай шықтық жыпырлап,
Тістесіп құйрық, тепеңдеп,
Тұрдық та қалдық тыпырлап.
Мәреге біздер жете алмай,
Ел бізге қарай жүгірді.
Өңшең тай, өңшең балақай,
Аман-сау қолға ілінді.
...Көздерде көлкіп көлшік – көл,
Тәуба етті тайлар шабысын.
Біз болсақ қайттық меншіктеп
Колхоздың бір-бір намысын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу