Өлеңдер ✍️

  15.11.2021
  281


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Әріптеспен әңгіме

Мен – ақынмын, досым бар драмашы,
Өнер бір дерт, өзек өрт, сұрамашы.
– Ойың, ойың, ойың аз, – дейді ол маған,
– Оқиғаңды, – деймін мен, – сыналашы!
Бұл дүниеде айтпаған ой қалмаған,
Оқиға жоқ драмаға айналмаған.
Мен Абайдың алдында қайқаң қағам,
Ол Шекспир шетінде қайраңдаған.
Ол екеуі – ойлы да, оқиғалы,
Мәңгі, мәңгі, мәңгінің сақилары.
Ол екеуі – пайғамбар, біз – пендеміз,
Сатып алған сау басқа сақинаны.
Олар бізге қарайды төбемізден,
Біз қараймыз баладай елегізген.
Тар заманда туса да, таңғаламыз,
Таланттырақ жаралған неге бізден?!
Деп екеуміз мойимыз, мойындаймыз,
Өліп-өшіп әр сөзін пайымдаймыз.
Мықтылардың мысынан қайқаңдаймыз,
Мұхиттардың шетінде қайырлаймыз.
Сөйте тұрып жазамыз біз де бірақ,
Біздікінің әрине тұзы азырақ.
Тар заманда, тартыста, тығырықта
Жазған олар ащырақ, ызалырақ.
Біз де жақсы жазуға міндеттіміз,
Машығына кәсіптің тым ептіміз.
Драмашы, ақынбыз ел алдында
Әжептеуір біз дағы құрметтіміз.
Біздің заман ұлырақ ол заманнан,
Шындық озған қиялмен болжағаннан.
Таптар менен тақтардың тартысының
Талай айла-амалы жолда қалған.
Біздің заман кер жорға, кемелінде
Заманаға сай болды өнерің де.
– Сыйғыз соны, – деймін мен, – драмаңа,
– Көрсет соны, – дейді ол, – өлеңіңде.
Бәрі өзгерер...
Заңың да, заманың да,
Оқиғаң да, ойың да, амалың да.
Абай менен Шекспир мәңгі бірақ
Адамзатқа азамат адалында!
Өнер деген – өмірдің лапылдауы,
Ой деген не?
Бар болса ақын жаны,
Өнер бір дерт, өзек өрт, ал жанып көр,
Таста, досым, іздеме оқиғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу