Өлеңдер ✍️

  06.11.2021
  111


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Талан

Машинасы, тракторы жоқ тегі,
Біздің ауыл темір жолдан шеткері.
Біз көрген зат қарт ұстаның көрігі,
Төрт кластық алыс ауыл мектебі.
Дүние – жұмбақ, біз әлі де баламыз,
Дүние бізге әлі ертек, әлі аңыз.
Шал-шауқан сау, әйелдер сау, кемтар боп
Ал соғыстан қайтқан әке, ағамыз.
Соғыс дейді, айтпайды ғой ел текке,
Еріккеннен қан төге ме ер текке.
Неге бұлар сап-сау болып келмеген
Ертөстіктей біз естіген ертекте.
Жауды жеңсін.
Біз жеңісті қалаймыз,
«Жар астында жау» десе, жалт қараймыз.
Жауыздықтың білмей жатып не екенін,
Сол бір сөзге елеңдедік талай біз.
Ұлы өмірдің әліппесін замана,
Жаңа ұсынған бәрі жұмбақ санаға.
Мектеп барды тың көтерген жылы сол
Соғыс біткен жылы туған бала да..
...Сол ауылға темір жолдан шеткері,
Темір тұлпар лек-лек жеткені.
Қазақ жері тың көтерген құтты жыл –
Мың тоғыз жүз елу төрттің көктемі.
Тың көтерген жылы біздің санаға
Сәуле шаша бастады ғой замана.
Тумай жатып ғасырдың қос бақыты
Тап келген біз таландымыз, талан, ә!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу