Өлеңдер ✍️

  03.11.2021
  113


Автор: Қази Данабев

Ақындар

Ақынбыз біздер –
Өмірдің ерке қонағы,
Көшеміз ертең
Көгілдір аспан оңады,
ХХ ғасыр жабады қатты есігін,
ХХІ - де де өзімдей біреу болады.
Қас ақын болсаң
Қай жақта саған жоқ өлім,
ХХІІ – де де өзімдей біреу көремін.
Тұрпаты бір де тілі бар басқа бір жігіт,
ХХІІІ - те жазып
Оқиды отты өлеңін.
Қыратпен,
Шөлмен,
Өзенмен,
Қырмен,
Алаңмен,
Ғасырға ғасыр жеткізіп салып алар дем.
Ойым мен бойым,
Көзім мен сөзім жетпейтін.
ХХҮ ғасыр кім болып барам саған мен.
Зулаған уақыт,
Шулаған сырлы ормандар,
Күңсіген құмдар,
Сыңсыған сырлы қорғандар.
Сендерден өтіп,
Саңлаудан түскен сәуледей,
ХХХ ғасыр өзіңе жетсем.
Не арман бар.
Кетермін мейлі
Топырақ болып,
Құм болып,
Бұл дүниеден
Кім кетпей жатыр,
Кім келіп
Ақынның ғұмыры
Жылт етіп сөнген ақ сәуле,
Ақынның рухы
Мәңгілік қалса нұр беріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу