Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  160


Автор: Зайда Елғондинова

Сен ғанасың, жүрегім, сен ғанасың

Сен ғанасың, жүрегім, сен ғанасың,
Ерке шайыр иеңе таң қаласың.
Соны ғана қалайсың, соны ғана,
Жолатпайсың жаныма жан баласын.

Бір тәңірден махаббат сұра, жүрек,
Ақ періште алдына құла, жүрек.
Жастығымды бір сәтке берсе екен,
Ғашық болып көрейін бір-ақ рет!

Жер төзімді, білемін, аспан арлы,
Ғашық болсаң қап-қара тас та ажарлы.
Ажырамас досым бол, алтын жүрек,
Біз екеуміз алалық бас қамалды!

Алла деген қол жетпес жарық нұрлы,
Ал махаббат жанымды зарықтырды.
Өлшеулі өмір екенін бұл құдірет,
Сынағымен, сынымен сан ұқтырды.

Жебе мені махаббат, желе мені,
Көктем жусын кірлеген терезені.
Аппақ жаңбыр, аспаннан төпей берші,
Кептірмеші, кептірме кенеземді.

Үмітімді өтейін шырақ қылып,
Арманымды жеткізбе жырақ қылып.
Тәй-тәй басқан сәбидей тірлік берші,
Адасайын, жылайын, құлап, тұрып!

Тек, әйтеуір, әулие, дана қылма,
Әлдилей бер, әлдиле бала қыл да.
Қара түнде адассам көше кезіп,
Ит пенен құс жармассын балағыма!

Қарақұстай қалбаңдап құздан ұшқан,
Қарау жандар жарылсын сызданыстан.
Ғашық қылшы соңғы рет, Ұлы Алла,
Өлсем, шіркін, арман жоқ қызғаныштан!

Талау жүйрік болуға жарап құнан,
Түу биіктен шаңқ етті қарап қыран.
Өткен күннің белгісін лақтырдым,
Ертегі мен аңызды талақ қылам!

Етегімнен тартпағын наз, десте мұң,
Қалай жалғыз өткерем жаз кештерін.
Мен тірімін, тірімін, кешіріңдер,
Махаббат пен сезімнен баз кешпедім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу