Өлеңдер ✍️

  20.10.2021
  79


Автор: Исраил Сапарбай

Ақырзаман

«Кім еді осы, əкесі ме еді:
«Аяғы дүниенің ырың-жырың» деген?..»
Ə.Нұрпейісов, «Соңғы парыз» –
Жəдігердің монологы.

«Аяғы дүниенің ырың-жырың…»
Бұл өзі айтқан сөзі бұрынғының.
Ай, Күнді қоса жұтқан айдаһардай
Аспанның көрмеймісің бұлыңғырын?
Көктегі жұлдыз қайда жамыраған?
Қой да жоқ,
Қозы да жоқ маңыраған.
Мың шүкір,
Мың бір мəрте тəуба делік –
Көктегі Тəңір алаң,
Өмір аман…
«Аяғы дүниенің ақыр-тақыр…»
Басыңды, бармын десең, қатыр батыр!
Астында аяғыңның ақыл жатыр!
Астында аяғыңның пақыр жатыр!
Басың ба?
Боз басың ба? – дəніз қалбыр.
Жасың ба?
Көз жасың ба? – əлсіз жаңбыр.
Ішінде Жансарайдың Ібіліс жүр!
Ішінде Хансарайдың жансыздар жүр!
«Аяғы дүниенің опыр-топыр…»
Сот та отыр,
Содыр да отыр,
«Соқыр» да отыр.
Алқасы кəрі ананың – кəкір-шүкір,
Арқасы замананың қотыр-қотыр.
«Аяғы дүниенің астаң-кестең…»
Сыймай жүр қара жерге қашқан, көшкен…
Бақилық жалмап, қармап жұтып жатыр
Фəнидің қас қағымын бастан кешкен!
«Аяғы дүниенің…» – қап-қара түн!
Сəріге сəуле қайда ап баратын?
Аққудай жанталасып жатыр Дүние
Жайып ап қара суға ақ қанатын…
Жарықты ала алмаспын Айдан сұрап,
Апыр-ай, жанар екен қайдан шырақ?
Өңімде өңешіме оқтау тығып,
Түсімде атып тұрам майдансырап!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу