Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  154


Автор: Дәркен Танабаев

ТЕМІРЛАН

«Қорша, қорша»-дейді аттылар айқайлап,
Кәрі тауда жаңғырып тұр қайталап.
Тек біреуі үнсіз ғана желеді.
Аңшылардың әр қимылын байқамақ.
Баяу желге тербелгендей мұңлы тау,
Базары да тарқағандай сұрланып.
Ақша бұлттар арасынан самарқау,
Күн жылтырап нұр шашады ұрланып.
Жоталарда жатып алған бүк түсіп,
Құпиясын жасырғандай бойына.
Бірер күнде болатындай бір үсік,
Сұр жартастар сұс келтірді ойына.
Арғы беттен жан сауғалап барады,
Қаншық қасқыр бұталарды паналап.
Қорамсақтан Темір жебе алады,
Уәзірлері тұрғаннан соң даралап.
Қайта салды қорамсаққа жебесін,
Салтымда жоқ қаншық ату мен үшін...
Боз өкпелер қаншық атты демесін,
Бердім саған осы жолы қол ұшын,
Жалпақ, мығым, қырлау келген мұрыны,
Бас уәзірі қолына алды садағын.
Жебейтіндей бұрынғының ырымы...
Алласына жаудырады мадағын.
Аман қалды қасқыр атқан жебеден,
Төмен қарай қашты биік төбеден.
Аттылар да қайта түсті соңына,
Жаны сірі қаншық еді не деген?!
Қоршады олар бір төбеге келгенде,
Темір айтты: көзде енді келесің.
Мына ара сөз бе екен мергенге,
Ұзын бойлы шірей тартты жебесін.
Қайта шықты қоршаудан ол сытылып,
Бас қолбасы ақталғандай тұтығып.
Темір тұрды уәзіріне кіжініп,
Кәрі қасқыр бара жатты құтылып.
Қуып келед, түсті есіне жастығы,
Қара еді елдің бәрі дос тұғын.
Осы тауда он үшінде бір байдың,
Батырының өле-өлгенше қастығы.
Көз алдында жылуы жоқ көздері,
Қолақпандай қошқар мүйіз мұрыны.
Намысына шоқтай тиген сөздері,
Қыл мойынға жара салған құрығы.
Әлі есінде кегі қалай қайтқаны,
Өткір алмас осып өткен қанжары.
Жанталасып өлердегі айтқаны,
Анау қырдың емес пе еді жал жағы.
Сорлы басым қалай Темір болмайын,
Зорлық өмір болмасыма қоймадың.
Мен тек қана намысымды жібермей,
Мен аянбай өмірімді қорғадым.
Мынау қаншық қайтер екен өлермен,
Меніменен тағдырлас-ау дегенмен.
Қайдағы жоқ біраз жайды түсірді,
Сен өлгенмен, мен бақытқа кенелмен.
Әр ісімді аңдып менің кезерген,
Беті күліп, құрақ ұшар ежелден,
Бақталастар, бірге қойдым сол керек,
Бірін-бірі қажап жүрсін көгерген.
Олар сені ала алмады, жықпады,
Ол да болса осалдығын ұққаны.
Ал Темірден құтылғанды көргем жоқ,
Өлтірмесем өтірік боп шыққаны.
Жақын келіп Темір тартты жебесін,
Өткір жебе жаралады денесін.
Қыңсылады, батты ма екен жанына,
Неде болса ажал келді көнесің.
Сайға қарай кетті қаншық домалап,
Тек бұталар жатыр оны қамалап.
Олжасына асықпайды Темір де,
Көз жүгіртіп келе жатыр жағалап.
Қаншық жатыр қабырғасын оқ тескен,
Апанына әрең жетті өлместен.
Сүйретіліп айбат шегіп құлады,
Қыңсылайды бөлтірігі өштескен.
Ал қаншықтың тоқтағандай жүрегі,
Әзер ғана енді иіп тұр еді.
Қып-қызыл боп қара түнек алмасты,
Шыбын жаны мәңгілікке жүреді.
Жендетіне кекті көзін тұр қадап,
Төсін күшік анасының жұлмалап.
Сараңдана қанды уыздан жұтады,
Айбат шегіп ырылдайды обал-ақ.
Ырым қылып Әмір іштей түйгенді,
Өз ісінен алғаш рет жиренді,
Маңдайынан қара тері тамып тұр,
Бөлтірікке жаны ашыған күйге енді.
Ой, сұм өмір, сағанда кеп жеткен бе,
Қандай жазық бар еді-ай тек сенде?
Әлі-ақ, сенде бөрі болып өсерсің,
Жалғыз маған бөлтірік сен кектенбе.
Бұл өмірдің менде емес тұтқасы,
Ебін тапқан осы өмірде ұтпақшы.
Біреулерге тағым керек отырған,
Ал өзіме атақ, даңқым, отбасы.
Күбірледі жақын келіп пішіп не.
Сезгендей ме қандағанын күшік те.
Ырылдайды жақындама дегендей,
Күшті болсаң күш көрсетпе күшікке.
Таң қалдырды айбатымен күресе,
Ішті ме екен ана қанын бір кесе?
Өмір үшін күрескендер осындай,
Күшті екен-ау жауларынан он есе.
Тіршілікті сақтап қалған төсінде,
Бала күнгі естігенім есімде.
Киелі тау өзі асырап алады,
Болған істі кеш ұқтым деп күрсін бе.
Деді Әмір, күбірледі ішінен,
Зорлықшыл мен күндесшілдің күші кем.
Аман болсаң әлі-ақ көкжал боласың,
Ырылдаған айбатыңды түсінем.
Күшікті ол салып алды қоржынға.
Сорлы күшік қыңсылайды қор мұнда,
Мініп алып тұлпарына жөнелді,
Еркін шауып келе жатыр торғын да.
Күрең тартқан төбелер мен жал қырат,
Үнсіз ғана жатыр ұйып қалжырап.
Таудан самал баяу ғана еседі,
Келдің бе? Әмір,- дегендей–ақ хал сұрап.
Осы бетте болатын бір шаңырақ,
Жалғыз қара үй тұратынды аңырап.
Бұл жолы да бұрды солай тізгінді,
Иті үріп, қойлар қашты жамырап.
Таяп келді, тебінеді тұлпары,
Үйден қартта сыртқа шығып тұрғаны.
Атын ұстап, төс қақтырып көрісті,
Жағдай сұрап бәйек болып тұр жаны.
Сол бетімен үйге енді екеуі,
Кемпір қымыз деп дауысын көтерді.
Бала қайда? Жылдам сойсын қошқарды,
-Әуре болма қымызыңда жетеді.
Көне қара үй, қырық жамау жамалған,
Жас кезіне Темір оймен оралған.
Көз алдында өткен күндер елесі,
Тозған қар үй өз үйіндей дем алған.
Келем жортып асығыспын ей, шалым,
Жаман емес көңіл күйім әухәлім.
Бар түркінің басын түгел қосам деп,
Жанталасып жүргендігім ол мәлім.
Талай таңды мен ұйқысыз атырдым,
Шақша басты шарадай қып қатырдым,
Қалың жұртым еске алып жүрсін деп,
Түркістанға күмбез соғып жатырмын.
Сөз қозғалып еске алып өткенді,
Тентек Темір деп те талай сөккенді.
Көтеріліп көңілдері бір жасап,
Есіне алды жадыраған көктемді.
-Осы емес пе сәні сүрген өмірдің,
Аз да болса шипасындай көңілдің.
Қызыңды сен маған қимай қорушы ең,
Қайны атасы болар едің Темірдің.
Уақыт болды жол жүретін кезімнің,
Әзілі жоқ бұл айтатын сөзімнің.
Мына күшік арлан- көк жал болмаса,
Дос болсаң да басыңды алам өзіңнің.



ІІ



Бұл өмірге пенде болып келгендер,
Пенделігін сезген болар өлгендер.
Жер жаһанды түгел жаулап алса да,
Темір лаң сап, Темірге лаң келген жер.
Азалы үн қайдан шықты ақ таңда,
Қаралы көш қайтып келе жатқанда.
Қыр басында көкжал тұрды ұлыған,
Мәйіт салған үркіп қалды аттар да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу