👈 қаріп өлшемі 👉

  Аңыздар ✍️

  31.08.2021
  63


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Шыңғыс хан (ІV нұсқа)

Бір Алтынбел деген хан болған. Ханның жалғыз ұлы бар еді, аты — Қайшылы хан. Сонан басқа баласы жоқ еді. Бір күндерде ханның қатыны құрсақты болды. Бір уақытта бір қыз бала келтірді: «Ай дейін десе, аузы бар, күн дейін десе, көзі бар». Ол қызды тапқан шешесі қызын көріп, көркінен талып қалды. «Сондай бір қыз келтірді» деп ханға айтады. Хан балгер, бақсыларын алдырып:


— Осы туған баланың бақ-талайына бал ашыңдар! — деді.


Балгерлер бал ашты:


— Бақ-талайы зор, бұрын ешкімнен мұндай бала тумаған. Бұған екі нәрседен қатер бар: осы қыз он бес жасқа жеткенде, ер ұл табады. «Ол қайдан табады?» десең, не желден табады, не күннен табады. Бұған күн көрсетпей, жел тигізбей бағу керек! — десті.


— Не желден, не күннен бұл баланы күн көрмейтұғын, жел тимейтұғын қараңғы жерге бақтырыңыз! — деді.


Хан да:


— Өзім де осыны ойлап едім! — деп адамға көрсетпей, «кісі көрмесін» деп жасырын асыратты.


Сонан соң ханның қатыны бір кемпірді шақырды. Кемпірге жылына жүз ділда берді. Кемпір баланы алып, қараңғы темір үйге салып асырады. Қыз түтіктен су ішіп, түндіктен Күннің өзін емес, сәулесін көріп, он бес жасқа жетті. Бұ қыз бір күндерде кемпірден сұрайды:


— Сен қайда барып жүрсің?


Кемпір айтады:


— Ей, балам, бір жарық дүние бар. Бұ жарық дүниеде әкең бар, шешең бар, талай жандар бар. Анда мен барамын.


Қыз айтты:


— Ай, енеке, ешкімге айтпайын, маған со жарық дүниені көрсетші!


Кемпір айтты:


— Жарайды, ешкімге айтпасаң, көрсетейін, — деп кемпір бұ қызды тасқары шығарды.


Шығарғаннан соң, о қыз бұ жарық дүниені көріп, өне бойы балқып, есі ауып, талып қалды. Сол тысқары шыққан күндерінде оған Алла тағаланың көзі түседі. Алланың әмірімен со қыз құрсақты болды. Бір күндерде іші өсіп, зорайды. О қыз буаз болғанын кемпір білді:


— Енді мені өлтіреді! — деп қайғы жеді. — Енді мені өлтірсе де, қаным ақ, ханның қатынына айтамын, — деді.


Кемпір келіп, ханның қатынына айтты:


— Қызыңыз құрсақты болды. Еш адамға көрсеткенім жоқ. Өлтірсең, қаным ақ. Тірі қалсам, жолым ақ!


Ханның қатыны айтты:


— Сен онан басқа не қылдың?


Кемпір айтты:


— Қылғанымды жасырмаймын. Менің қылған жазығым бір-ақ рет жалынған соң тысқары шығарған едім. Шыққаннан бері қарай құрсақты болды.


Ханның қатыны айтты:


— Сен жамандық қылмаған соң, ханға жауабын мен өзім берейін! — деп.


Солай айтып ханға барды. Ханға келіп айтады:


— Қызыңыз құрсақты болды Алланың әміріменен. Оны еш адам көрген жоқ, — деді.


Хан айтты:


— Олай болса, өлтір оны! — деді.


Қатыны айтты ханға:


— «Хан қызын өлтіріпті» деген атақ жаман болар.


Хан айтты:


— Енді не қылсаң дағы, көзімнен жоғалт! — деді.


Қатын өлтіруге қызын қимады. Бір алтындатқан әбдіреге салып, аузын жауып, кілтін сыртына байлап, ағып жатқан дарияға салып, қоя берді. Бұл қыздың аты — Алмалы Көрікті еді. Салып жіберген дариясы — ұзын аққан Ертіс.


Сол судың бойында көшпелі болып жүрген қалмақ деген жұрт бар екен. Домбауыл деген мерген, Шаба соқыр деген түрікпен қарауылшысы мен екеуі аң аулап, елсіз, күнсіз су бойын жағалап жүр екен. Шаба соқыр түрікпен күндік жерден көреді екен де, түстік жерден есітеді екен. Дарияның ортасын да ағып келе жатқан әбдірені көрді:


— Ай, жолдас, дарияның ортасында судың ағыны еріксіз айдап, бір нәрсе ағып келе жатыр! — деді.


Домбауыл мерген айтты:


— Көкте Тәңірім жар болса, біз оны алармыз. Ала қалсақ, сен ішін аламысың, тысын аламысың? Күн бұрын үлеселік, қолымызға келген соң қызықты нәрсе болса, бірімізге біріміз қимай, таласып, араз болармыз!


Шаба соқыр түрікпен айтты:


— Менің көзім жалғыздық қылмаса, жарқ-жұрқ етіп, алтын мен күмістей күнге шағылысып келеді. Не болса да, мен сыртын аламын! — деді.


Домбауыл мерген айтты:


— Мен ішін аламын, не шықса, ол шықсын. Мейлі дәнеме шықпасын, бағымды байқаймын! — деді.


Жақындап келген соң, алтын әбдіре екендігін таныған соң жібектен жіп есіп, оққа байлап, атпақшы болғанда Шаба соқыр түрікпен қарауылшы:


— Қия ат, қия ат! — деді. — Туралап атпа, ішінде жанды нәрсе бар болса, оқ тиіп, өліп қалар! — деді.


Тура атпай, қия атып, оқ барып әбдіреге қадалған соң шыжыммен тартып алып, әбдіренің аузын ашса, он төртінен туған айдай бір қыз жатыр. «Он төртінен туған ай» далада қалды, бір қыз! Бұл екеуі көрген соң, көркінен есі ауып, талып қалды. Ауыздарынан су ағып, мұрындарынан сіңбірік төгіліп, естерін жиып, өзі-өзіне келген соң:


— Не кісісің? Не еткен жансың? — дейді.


Қыз айтты:


— Мен Алтынбел деген ханның қызымын. Туғаннан маған жарық дүние көрсетпей, түтіктен су, түндіктен нәр тастап, темір үйге асыраған екен. Мен: «Жарық дүние бар!» деп естіп, бір көруге іңкәр болып, он бес жасымда жарық дүниеге шықтым. Жарық дүниені керген соң, сілейіп талып қалыппын. Бұ дүниеде бар жазығым — сол. Сонан кейін кідірмей, құрсақты болыппын. Әкем естіп: «өлтірсін!» депті. Өзімді көтеріп, тапқан шешем өлтіруге қимай: «Қайда кетсе де, тірі кетсін!» — деп, осы әбдіреге салып, суға ағызып қоя беріпті.


Домбауыл мерген айтты:


— Сені біз аламыз, бізге тиемісің? Қыз айтты:


— Осы ішімдегі пәледен құтылған соң, тиейін! — деді.


Домбауыл мерген:


— Жарайды! — деді.

Ерлі-байлы кісідей болды. «Піс[кен] астың күйігі жаман» деген бар ғой, Домбауыл мерген шыдамсыздық қылды. Көзі жәудіреп, емшегі бұлтиып, қасында қыз жатқан соң, зорлық қылды. Алмалы-Көріктінің балдағы шарт етіп сынып кетті.


— Бұл жұмыс үшін маған өкпелеме! «Өзі буаз, өзі қыз ораздыға кез болады» деген екен. «Бағымды сынайын» деп едім. Бақытты екенмін! — деп қуанды.


Мезгіл уақыты да таянып қалған екен, Алмалы-Көрікті ер ұл бала тапты, сұлулығы шешесінен де асып туды. Бір қолы жұмық туды, уысы тола қан екен. Пайғамбар тарихынан бес жүз елу тоғызыншы жылда, қазақша доңыз жылында Моғылстанда жарық жалған дүниенің жүзіне келді.


— Мұны тапқан шешесі өтірік емес, шын қыз болып шықты. Бұлтарма, жалтармасы жоқ, еркек көрмей, тапқандығына біз куә болып, ақ мылтықтың, міне, аузын жаладық! — деп. Қалмақ анты ақ мылтықтың аузын жаласады екен. Шаба соқыр түрік пен мен Домбауыл мерген баланың атын «Шынқыз» қойды. Бала жасында не деп атаса, сонымен атанып кетеді ғой: «Шынқыз» атанып кетті.


— Енді қаңғып далада жүрмейік! — деп, еліне келді.


Бала қыздан қылықты болып, ұлдан құлықты болып, бөтен жат бала болып өсті. Мергенге басыбайлы қатын болған соң, алты айда бір бала, алты айда бір бала таба берді. Бұлардың аты: Бөденетай, Бүргелтай, Жөргемтай болды. Ойнауға жарап, ойын баласы болғанда, ана үшеуі бірыңғай ойнайды, Шынқыз өзі жапа-жалғыз жүріп, бірыңғай ойнайды. Сонда Алмалы-Көрікті айтып отырады дейді:


— Бұланға ерген таза жерге аунап ойнайды, доңызға ерген балшыққа аунап ойнайды! — дейді екен.


Шынқыз оннан асқан шағында бұл елдің бұрынғы патша болып тұрған патшалары өлді. Жұрт патша қоюға жақсы кісіні таба алмайды: «Бала да болса, сол Шынқызды патша қоялық! — деп, патша қылады, — өл деген жеріңде өлеміз! Қал деген жеріңде қаламыз!» — десіп, ақ мылтықтың аузын жаласты.


Бұл Шынқыз патша болып, әділ болды, зорлық-зомбылық жоқ болды, ұрлық, өтірік жоқ болды. Жұртқа бұл жағымды, сүйкімді болды. Бөденетай, Бүргелтай, Жөргемтайлар — ұялас туған күшіктер, ұяластығын қылып, шабаланып, шәуілдеп үріп, мазасын ала бастады:


— Бұ — атасы жоқ бала. Мұны патша қылмаймыз! Біздің атамыз бар. Біздің бірімізді патша қылыңдар! — деп, ұрыс-қағыс, төбелесуге айналды.


Сонан соң Шынқыз:


— Мен жалғыз едім де, бұлар — үшеу-төртеу. Мына көп ел және бұлардың қандасы. Қой, бір күн ұйықтап жатқанымда жазым қылар! — деп, қашпақшы болып, шешесінің қасына келді. Айтты:


— Ай, шешем, кетемін қашып. Мына үш жаман балаң мені өлтіретұғын болды! — деді. Шешесі сұрады:


— Енді, балам, қайда барасың? Барған жеріңді маған айтып кет. Мен сенің өлі-тірі хабарыңды қайдан білемін?! — деді.


Шынқыз айтты:


— Қайда барайын? Ұзыннан ұзақ ағып жатқан судың басына барып, атамның ел-жұртының тұсына барып, сонда жатамын. Атам судың ар жағында болса, судан өтсем, өтермін. Өте алмасам, судың бер жағында жатармын. Ай, шешекем, менің өлі-тірі хабарымды мен білдірермін. Саған осы ұзын ағып келген судан құстың жүнін салып тұрармын. Кұстың жүні өтіп тұрар. Өтіп тұрса, менің тірі болғаным. Құстың жүні ағып өтпесе, менің онда өлгенім дағы! — деп, уәде қылды да, — Аман бол, шеше! — деп кетіп қалды.


Сол кеткеннен мол кетіп, суды өрлей-өрлей барып, атасының елінің тұсына келіп, судан өте алмай, бер жақта жатып қалды. Аң атып, құс атып, аң терісінен үй қылып алды. Құстың жүнін таудай қылып үйіп қойды. Желмен ұшып, бұрқырап, суға түсіп жатады, шешесі тірілігін біліп тұрды.


Шынқыз кеткен соң, ел патшасыз болды. «Кімді патша қыламыз?» — деп дағдарды. «Осы қатынның баласы жақсы болушы еді», — деп, Бүргелтай деген баласын патшалыққа сайла ды. Оны жаратпай, Бөденетайды қойды. О да сол болды, ұры-қары көп болды. Бұлардың тілін: «Мынау хан екен-ау, тірі жан екен-ау!» — деп адам алмады. Өздерін кісі санына санамады, жұрт жұрт болудан қалды. Жұрт болып бір жерге жиылып, кеңес кұрды:


— Біздің патшамыз әділ болмады, жаман болды. Ол жұртты тұтып тұра алмады. Шынқыз хан патшамыз тұрған уақытта жұртымызда ұрлық, өтірік, өсек, зорлық, зомбылық жоқ еді. Еліміз тоқ, қайғы-уайым жоқ, мал-басымыз бәрі көп еді, қазір азды, азайды. Еліміз азайып, азып таусылатұғын болды. Мына көк жамандар патша бола алмас. Со Шынқызды іздеп табайық, — деп ақылдасты.


— Мұны қайдан табамыз? Қайда кеткенін кім біледі? — оны бір білсе, шешесі біледі, онан сұралық! Жұрты жиылып, со шешесінікіне келді, айтты:


— Шынқыздың қайда кеткенін білемісің? — деді. — Мына жаман балаларың патша бола алмады. Жұртты бүтін тұтып тұра алмады. Шынқызды іздейік десек, біз қайда екенін білмейміз. Сіз соны білсеңіз, айтыңыз, сіз білерсіз!


Шешесі айтты:


— Мен айтайын. Барсаң дағы, тауып алсаң дағы, мұнда келмес. Келсе, түзу жөн сілтейін! Осы ұзын аққан Ертісті өрлеп жүре беріңдер! Осы судың бойында Шынқыз бар. Табарсыңдар, барып, жалынсаңдар, келер! Жаман сөз айтпаңдар. Көптен кісі көрген жоқ, шошып кетпесін!


— Жарайды! — деп, жиырма бес азамат — бәрі жақсы кісі, іздеп кетті. Бір күндерде Шынқыз жатқан жеріне келіп жетті. Аң терісінен қылған үйін көрді. Таудай қылып үйіп тастаған құстың жүнін көрді. Орнатып қойған ат байлайтұғын діңгегін көрді:


— Шынқыз осында екен, — деді. Өзі жоқ екен, аң аулағалы кеткенін білді. — Бізді көрсе, қашып кетер. Аттарымызды жасырып, өзіміз құстың жүнінің арасына кіріп, жасырынып жаталық! — деп, жатты.


Бір заманда Шынқыз келді. Діңгекке:


— Хан келді, хан келді! — деді өзі. — Ханның атын ұстаңыз! — деді. Аттан түсті.


— Ханның атын байла! — деді өзі. Өзі байлады. Аты — Керкудан деген аң екен, мүйізді болады екен. Үйіне қарай жөнелді:


— Ханға есік ашыңыз! — деді өзі. Өзі есікті ашып үйге кірді.


— Төр алдына ханға төсеніш төсеңдер! — деді өзі. Тағы өзі төсеніш төсеп отырды.


— Ханға ас ап келіп, алдына қойыңдар! — деді өзі. Өзі даярлап, түрлі тамақты алдына қойды. Өзіне-өзі: «Алыңыз, тақсырлап» отырып, ас жеді.


— Ханға төсек салыңдар! — деді өзі. Өзі төсек салып жатты. Жатып қалған жерінде жиырма төрт кісі: «ұстап аламыз!» деп келіп бас салды. Жиырма төрт кісінің бірін олай лақтырды, бірін былай лақтырды.


Кісілер айтты:


— А, тақсыр хан, «құлдық қыламыз» деп, жалынып-жалпайып келдік. Шешең жіберді. Сіз кеткен соң, ел ел болудан, жұрт жұрт болудан қалды. Кейінгі інілерің ер жеткен болды, ер жеткені құрысын, кер кеткен болды. Ашуыңызды басыңыз, райдан қайтыңыз! Жүріңіз, патша болып, орныңызға тұрыңыз! — деген соң, бұларға еріп жүрді. Еліне алып келді. «Бұрынғы орнына хан қыламыз!» дегенде, соңғы байдан туған үш інісі:


— Мұны патша қылмаймыз! Бұл кетсін, кетпесе, мұны өлтіреміз! — деді.


Сонан соң жұрт жиылып, кеңес кұрды:


— Мұны қайтеміз. Мұны патша қылсақ, «өлтіреміз!» дейді. Өздерін патша қылсақ, жұртты тұтып тұра алмайды. Мұның қайсысын патша қылса да, шешесі білсін! — деді.


Шешесіне үшеуін жіберді:


— Төрт баласының қайсысын патша қылса, біз соған разымыз! — деді.

Төрт баласы шешесіне келді, бірісі: «Мен боламын!» деді. Төртеуі таласып келді. Төрт баласына шешесі айтады:


— Бәрің де менің баламсың, — деді. — Сендер таласпаңдар! Мен төртеуіңді әділ шариғат қылайын! Мына сағымға садағыңды іл! Сағым қайсыңның садақтарыңды көтерсе, соның патша бол! Төртеуі апарып сағымға садақтарын ілді. Үшеуінің садақтары жерге түсіп кетті. Шынқыздың садағын көтеріп тұрды сағым. Астынан тіреу жоқ, үстінен байлау жоқ. Со жерде қатын сол жұрттың бәрін жиып алып:


— Мынаны көріңдер! — деді. — Бұл бала Алланың әмірімен бала болған. Мұның сол Алланың әмірімен сағым садағын көтеріп тұр. Мұны патша қылыңыз! Анау үшеуі зорлық қылса, оның үшеуін де өлтіріп, қарашығын батырыңдар! Жұрт, сендер көпсіңдер ғой, зорлық қылдыртпаң
дар! — деді.


Сол жерде Шынқыз хан болып, «Шыңғыз хан» атанды. Бара-бара: «Сағымнан пайда болған, садағын сағымға ілген Шыңғыс хан!» аталды. Қашып кеткені он үш жасында еді. Жиырма жеті жасында, барыс жылы таққа отырды. Күн асқан сайын дөкейленді: «Хандардың ханы» болды. Бір заманда Құдайдың бір бөлек жаратқан жаны болды. Өзі бір жақсы қатын алды. Үш ұл, бір қыз тапты. Сол патша болып тұрғанда, тамам патшадан артық болды. Ешбір жауға алдырмады, жұртына қайғы салдырмады. Сонан соң: «сондай бір жақсы патша бар» деп Рұм шаһардың кісісі келіп: «Бір баласын бізге бер! — деп сұрап келді, — оны біз патша қыламыз», — деп. Рұм шаһарына берді бір баласын. Қырым шаһарынан кісі келді: «Шыңғысханның бір баласын біз патша қыламыз», — деп. Ол бір баласын алды. Патшалыққа халифа жұрты келді: «Бір баласын біз де патша қыламыз!» — деп, оған бір баласын берді. Онан соң: «Сол Шыңғыстың бір баласын біз де аламыз», — деп, орыстан келді. Оған ұл баласы қалмаған соң, Ақбибі деген қызын берді. Оны «патша қыламыз» деп орыс алып кетті.


Бұл Шыңғыс хан ақылды, данышпан, терең ойлы адам болды. Қанша жұртты қырып, қиратып алып жүргенде, ешкімнің дініне карсылығы болмаған. Бұхарай-Шәріфке барып, дін жайын сұраған:


— Кұдайдың бірлігіне, барлығына, күштілігіне өзім әбден сенулімін! — деген. Намаз, ораза, зекетке қарсылық айтпаған. Жалғыз-ақ «Қағба тасы» деген сөзге: — өзі осындай айдай әлемді жаратқан Құдай болады да, бір-ақ үйден табылады деген сөз ғақылға сыймайды! — деген.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы