19.08.2021
  1632


Автор: Бердібек Соқпақбаев

МЕНІҢ ӘКЕМ

Мен бір жағдайда әкеме өте риза болатын едім — ол өмірбаян жазып, анкета толтырған кезде. Кез келген қарапайым анкетада әке, шешең кім болған деген сұрақ тұрады. О, бұл сұрақ барлық сұрақтың ішіндегі ең маңыздысы. Болашақ өмір маршрутының сызылуына оның жасайтын ықпалы өте зор. Мінекей, әлгі сұрақ алдымнан шыға келген кезде менің көзім жайнап кеткендей болады. Жауапты құлшына жазамын, — әкем де, шешем де кедей болған! Жай кедей емес, қу тақыр кедей.


Мен бұны шынайы мақтаныш етіп жазамын. Ата-тегімнің кедей болуы — ол совет өкіметі үшін менен сенімді, менен бағалы адам жоқ екенін білдіретін бас бұрғызбас дәлел секілді. Ана Жылқыбай балалары өйдеп — ата-тегіміз кедей болған деп жаза алмайды. Анкета толтырғанда қолдары дірілдеп, жүректері толқып тұрады. Кедей бол май, бұрын бай адамдар болғаны үшін олар әкелерін тап сол кезде бір-бір боқтайды.


Ал менің жалқау әкем дүниеге кім болып келуді, тарих үшін қай таптың өкілі болу артық екенін ерте білген. Міне, осы үшін де мен әкеме риза едім. Ыдыке, жарайсың!


Ыдыкеңнің жасы бұл кезде отызды орталап қалған. Соған қарамастан, жүріс-тұрысы қарт адамдар тәрізді. Ырғалып-жырғалып ол қозғалып болғанша, өмір керуені біраз жерге барып та үлгереді.


Жақсылық, жамандықтың бәрін де әкем тәңіріден күтеді. Дұрыстау өмір сүруге талпыну, ертеңгі күннің қамын ойлап мазасыздану ол үшін жат нәрсе.


Шешем Әсбет тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қайрап айтып отыратын. Бірақ әкем ағаш пышақ тәрізді, қанша қайраса да өтпейді.


Кедей іздеген, кедейшілік өмірдің қандай болатынын көргісі келген адам біздің үйге келсін.


Ауыз үй, тор үй деп аталынатын, соқырдың көзіндей сығырайған бір-бір ойық терезелері бар аласа екі бөлмеде тұрамыз. Жер еден. Шиқылдақ тапал есік. Үйдің төргі бұрыштарында кәдімгі бірнеше тал көк шөп өсіп тұрады. Не шөп екен деп, жұлып алып қарасаң, арпаның не бидайдың дәні болып шығады.


Біздің үйде бір қара жағал ағаш кебеже болушы еді. Мүлік атаулыдан менің есімде сақталғаны сол.


Жалпиған ескі ағаш төсек. Онда әкем, шешем, мен үшеуіміз ұйықтаймыз.


Ауылдағы кез келген үйде самауыр, темір керует, жүк етіп жинап қоятын азын-аулақ көрпе-жастықтары болады. Көпшілігі керуеттеріне шымылдық ұстайды. Кестелеген киім жапқыштары болады.


Екі киім жапқышы бар үй — әлді үй. Мәселен, Батырқанның үйі. Бір киім жапқышы бар үй — орта шаруа.


Түгі жоқ үй — кедей үй. Мәселен, біздікі. Әлгі аталған нәрселерден біздің үй тап-таза.


Жұртта бар тәуір мүліктер біздің үйде неге жоқ деп қорланып, ыза болатын едім. Самауыр неге жоқ? Киім жапқыш неге жоқ?..


Көп үйде сауын сиыр бар, аздаған да болса, уақ жандықтары бар. Бізде ол да жоқ. Ең барып тұрған қара жаяу кедей қазақтың аты болмаса да, ер-тұрманы болады. Ат сұрау ұят емес, ал ер-тұрман сұрап жүру ыңғайсыз-ақ. Бір жаққа баруға ат табылса, әкем мен ағаларым енді ер таба алмай жүргені. Мен бұған да ыза болушы едім. Жұртта бар зат бізде неге жоқ?


Жұрт қайдан табады? Біз неге таппаймыз?


Жұрт қайдан алады? Біз неге алмаймыз? Жұрт бізден неге артық болады? Біз неге кем боламыз?


«Бәрі Құдайдан, Құдай өзі жеткізеді», — дейді әкем. Қашан жеткізеді? Сарғайып қанша тосуға болады оның жеткізуін? О л жеткізгенше, желкеміз үзілетін болды ғой.


Әкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап сөлбіретіп қияқ мұрт қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да, екі беті қып-қызыл. Тамақ таңдамайды, өңешінен өткеннің бәрін ішіп-жейді. Ауырмайды.


Таңертең әкем шайнамасыз жайдақ шайды сораптап, еркіне салсаң, түске дейін қамсыз отыра береді. Ол тоғайдан колхоздың ұста дүкеніне көмір жағып әкелуші еді. Көлігі мүйізі абажадай үлкен арық қызыл өгіз. Әкем шай сораптап отырғанда, қызыл өгіз сыртта есік алдында оны күтіп, аш қаңтарылып байлаулы тұрады.


Бригадирді бес келтірмей, әкем жұмысқа шығып көрген емес. Бағана байланған қызыл өгіздің мызғымай әлі тұрғанын көріп, бригадир терезе тұсына шауып келіп, айқай салады:


— Оу, Ыдырыс! Әлі отырмысың? Ойбай-ау, күн түс боп кетті ғой! Болсашы!


— Қазір, міне шыққалы жатырмын, — дейді әкем. Өзі тапжылмастан отыра береді.


— Болды, барсаңшы жұмысыңа. Құр суды сіміре бергеннен бірдеңе шыға ма? — дейді шешем.


— Тағы бір шыны құйып жібер. Содан соң болды.


Сосын тағы бір шыны.


Шәугім сарқылғанда әкем орнынан бір-ақ түрегеледі.


Ыдыкең қысы-жазы бірдей қалың киінеді. Үстінен етегі делдиген ақ тоны, басынан жарбиған жаман малақайы түспейді. Күн ыссыда малақайының құлағын қайырып бай лап қоюға бір бауы қалайда шұнтиған үзік болады, байлауға келмейді. Сондықтан малақайдың құлақтарын әкем жай жымқырып бүктеп қояды. Әменде бір құлақтың, бүктеуі жазылып кетіп, есектің құлағынша қалқиып, былғаң-былғаң етіп жүргені.


Неге екенін қайдам, әкемнің тонында түйме дейтін нәрсе болмайтын. Киеді де, тонның екі өңірін айқастырып, беліне май жағудан қап-қара болған жіңішке қайыс белбеу буынады. Қатты тартып буынған белбеудің әсерінен тонның етегі делдиіп, таңқия қалады. Әкемнің аласалау жалпақ денесі сол кезде одан бетер аласарып кеткендей болады.


Шыжыған ыстық күнде де әкем әлгіндей қалың киіммен жүреді. Бұның қалай десе:


— Қалың киімнен ыстық өтпейді, — дейді.


Дәл арқасына белбеуден өткізіп, балта қыстырады.


Үйде ер болмағандықтан, әкем қызыл өгізге ыңыршақ ерттейді. Тартпа орнында құр жіп. Үзеңгінің біреуі ағаш, біреуі темір.


Әрі қалың киініп, сіресе қалған, әрі шайнамасыз құр шайды қарнын сыздатып тоя ішкен Ыдыкең қызыл өгізге бірден қарғып міне алмайды. Күшеніп, үзеңгіге аяғын әрең жеткізіп, артылып міне бергенде, ыңыршақ ауып кетеді. Немесе сарғайып тұра беруден жалыққан қызыл өгіз тыпыршып жүріп кетіп, міне алмай әуре болады. «Өй, әкеңнің... » деп, Ыдыкең қызыл өгізді келістіре бір боқтайды да, үйден мені шақырады. Ар жақтағы үзеңгіні басып ұстап тұр дейді.


Мен жоқ болсам, тамға, дуалға тартып мінеді.


Күн бұл кезде сәске болып қалған. Өзге жұрт жұмысқа бағана кеткен. Жолшыбай кезіккен белсенділерден түгел сөз естіп, әкем жұмысқа енді ғана кетіп бара жатады.


Кетіп барады деймін-ау. Әне, ауылдан ұзай берді де, ол қайта қайтты. Не болды екен? Бірдеңесін ұмыт қалдырғаннан сау ма?


— Өй, Ыдырыс, неге қайттың?


— От жағатын сіріңке алмаппын, — дейді әкем жайлап қана.


Мен үйден сіріңке алып шығып беремін. Сіріңке жоғалып қалмас үшін, оны ішкі қалтасына салып алмаққа әкем белбеуін шешеді. Белбеуін шешу үшін, беліндегі балтаны маған бере тұрады. Осының бәрі ешқандай асығыссыз кері қайталанып және істеледі.


Уақыт зымырап өтіп жатады. Күн түске тақалады.


— Мына ит бүгін аяғын баспай қалыпты, — деп, кінәнің бәрін енді қызыл өгізге аударып, әкем тоғайға қарай маңып кетіп бара жатады.


Әкемнің іш пыстыратын қимылдарына менің төзімім зорға жетуші еді. Ішімнен ыза болып, тістеніп, қаным қайнап тұрам.


Ұста дүкені біздің үймен қанаттас, жақын. Өкембай ұстаның шың-шың соғылған балғасының дауысы ұзақ күнге бір сөнбейді. Күн сайын там-тұмдап әкелінген көмір кейде бітіп қалады да, ол әкемнің көмір жағып әкелуін күтіп, жұмыс істей алмай, сарғайып күтіп отырады.


Ұста дүкенінің бүкіл жұмысы маған қарап тұр-ау деп, Ыдыкең абыржи қоймайды.


Әкем тоғайдан кеш қайтады. Қас қарайған кезде егіннің арасымен келе жатып, тік тұрған астықтың масағынан қойын-қонышын толтырып, үзіп алады.


Жатар кезде терезенің сырт жағынан жарық көрінбестей етіп ішінен бітейді де, әлгі алып келген масақты тоңның тақыр жағына салып, уқалауға кіріседі. Бұл ертеңгі ішіп, жейтін талқан көженің қамы.


Масақ ұрлауды әкем егін ет алып, сарала тартқан кезден бастайды. Пісіп жетілмеген дән қуырғанда тырысып, шөжіп кетеді. Талқаны көкшіл, дәмі қант қосқандай тәттілеу.


Көктемгі көк өзек кезде әкем көк талқанға іліксек өлмейміз деп, бізді жұбатып, армандап отырады. Оның арман еткен көк талқаны әлгі.


Егіннен масақ ұрлап әкелетіндер тек менің әкем емес.


Таңертең бригадирдің айқайымен оянатын әкем түнде жатар кезде бей-берекет шашып тастаған киімдерін таба алмай, үй-ішінің астан-кестеңін шығарады. Әрқайсымызды бір қозғап, жастығымызды қопарып, төсеніштің ар жақ, бер жағын ашып қарап, белбеуін, тымағын іздейді. Сөйтіп, бәрімізді түгел оятып бітеді. Шұлғауының бірі менің жастығымның астынан, малақайы Сатылғанның қойнынан табылады.


Әкемнің жоғалғыш киімдерінің бірі оның белбеуі. Барлық киімін киіп ап, енді белбеуін таппай, есік алдында сілейіп тұрғаны:


— Ой, тоба, бұл әкеңнің аузын... жер жұтты ма? Қайда кетті?


Белбеу табылмай ауырып жатқан шешеме де маза жоқ.


— Әсбет, қарашы менің белбеуімді. Жер жұтты деймісің, бір жерде жатқан шығар.


Шешем бейшара ыңқылдап қоса іздеседі.


— Түнде шешкенде бір жерге белгілеп қоймайсың ба? Күнде-күнде бұл не? — дейді ренжіп.


Қырсық белбеу соңынан қорадағы ақырдың ішінен табылады. Түнде әкем баздан онымен өгізіне салатын шөп буып әкелген. Ақырдың ішінде шөпті шешкен кезде ұмыт қалдырған.


Қыстыгүні әкем аяғына қолдан басқан добалдай пима киеді. Галошсыз. Екі аяқтағы пиманың түрі екі басқа: бірінің басы бақаның басына, екіншісінің басы бұзаудың басына ұқсайды. Ол тәрізді пимаға тура келетін галош дүниеде әлі жасалмаған болуға керек.


Пималардың ішіне әкем құрым киізден ұлтарақ салады. Осы үйде іске алғысыз ескі-құсқы шүберек қанша болса, соның бәрін шұлғау етіп оранады.


Кешқұрым ол бүйірі шұрық тесік қаңылтыр пешке отты толтырып жағады да, күні бойы су сіңді болған шомбал пималарды шешіп, жайып жатады. Ең ішкі орамына дейін су өткен сарала шұлғаулар, ұлтарақтар самсап түгел жайылған кезде қайнаған қазанның буындай бу көтеріледі. Кісі қақалғандай қоңырсық жаман иіс үйдің ішіне толып кетеді. Жер төсекте пешке арқасын қыздырып тыныстап жатқан ауру шешем сол кезде үстіне от түскендей басын көтеріп алады:


— Ыдырыс, тағы да сен бе? Тұншықтырып өлтірдің ғой, сығыр құдай. Қақтамай, қоя тұршы. Жатар кезде жайсаң да кебеді ғой. Тым болмаса, пешке тақамай, әрірек жай.


Түнде біздің үйге ұры кіре ме, қайдам, таңертең әлгі аталған мүліктердің бірсыпырасы жайылған орнында тағы да жоқ болып шығады. Әкем үйдің ішін қопарып, тағы іздеуге кіріседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу