Өлеңдер ✍️

  28.07.2021
  133


Автор: Сырбай Мәуленов

Мұса Жәлел ескерткіші

Аяқ-қолы қыл арқанмен байлаған,
Тұр ол бүгін ескерткішке айналған.
Көгершіндер төбесінде ұшады
Тірі қалған қиялындай майданнан.
Ет жүрегің түскендей-ақ бір аунап,
Көргеніңде көз кетеді тұмандап.
Гете туған, Гейне туған сол жерде
Кім ақынды ұстады екен бұғаулап?!
Ажал, ажал, азу тісі сақылдап,
Жөнелгенде дарға асуға ақынды ап,
Тау жарылып, атылмады неге өзен,
Неге жасын түспей қалды шатырлап?!
Ақындарды болады жер айдауға,
Дарға асып, жалғыз оқпен жайғауға.
Аймен туып, күнмен бірге шығатын,
Ал өлеңін күш жетпейді байлауға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу