Өлеңдер ✍️

  22.07.2021
  165


Автор: Мәриям Хакімжанова

Қош, Полина!

Отанымның тұңғыш қызы қанаттым,
Айдарыңды жібек желге тараттың.
Биікке самғап, шығысқа ұшып, шарықтап,
Қанатыңды алтын күнге жалаттың.
Қыздан шыққан қызыл сұңқар мақтаным,
Қыз жүрегін ерлік іспен ақтадың.
Көк қаршығам күн астында қылаңдап,
Көз алдымда қанатыңды қаққаның.
Күнге ұласты сенің алтын айдарың,
Жау шошытты жарқ еткенде айбарың.
Айды алқалай, жұлдыз тағып кеудеңе,
Самолеттің моторымен ойнадың.
Айтқан серттен, алған беттен таймадың,
Жай отындай жарқылдадың, жайнадың.
Партияның ақтаймын деп сенімін,
Коммунизм қазаныңда кайнадың.
Отан қызы, отты көзді, ержүрек,
Бұлтты сөккен, қанатымен тілгілеп
Қыз салмағын көтере алмай көк аспан,
Қапияда қаза болды жас түлек.
Жалындады жанар таудай жүрегім,
Қайран бауырым, кеше ғана тірі едің.
Күнді құшып, айды әддилеп
Шығысқа, Қонбай ұшып "Родинада" жүр едің.
Сені өсірген сергек етіп Ұлы Отан,
Сен тарихтың тұңғыш қызы капитан.
Сенің атың өшпек емес өмірден,
Мақтан етер, талай ұрпақ, талай жан.
Өткенінде Чкаловтың сынынан,
Артық - деп еді - басқа елдің ұлынан.
Басталса егер қанды майдан дауылы,
Қыран - деп еді - сорғалайтын қырымнан.
Атағыңды естіген жан ойланар,
Сені көрген сіңлілерің сайланар.
Көкті керген самолетің самғап бір,
"Полина" деп моторлары айналар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу