Өлеңдер ✍️

  21.07.2021
  119


Автор: Анар Шамшадинова

Жынды елестің шуағына малынып

Жынды елестің шуағына малынып,
Махаббатпен ауырып.
Ұшпай жатып қанатымнан қағылам,
Құшпай жатып сағынам.
Бос арманның әуеніне ұрынып,
Сезімі жоқ бейбақ күндер тұр ұлып.
Қашан, қайтіп ұмытып ем құдайды?!
Жүрек неге жылайды?
Көк мешітте жығылғанмен Аллалап,
Артым – теңіз, алға бассам – жарқабақ.
Бақытым деп құшаққа алдым зілдей мұң,
Қалай өмір сүрерімді білмеймін?!
Бейжай күндер өткеннің үлесінде,
Сенесің бе, сөзіме күлесің бе?
Ғашық болып өзіңе қашық болдым,
Қарашаның қап-қара түні есімде.
Жақыным ең, солайша алыстадың,
Арманы жоқ көңілден қалыс бағым.
Әйкел таққан әдемі ару едім,
Еркелікті ерлікпен жаныштадың.
Тағдырымды сен менің білген бе едің?
Арпалыссыз алаңсыз жүрген едім.
Сырластым да сәріде зәрем қалмай,
Мұңсыз күнді сонан соң сүрмегенім.
Сезім толды кеудеме сылқым үнді,
Содан бері ұмыттым күлкіні де.
Жүрегімнің төрінен орын бердім,
Қарашаның қап-қара бір түнінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу