Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  499


Автор: Сүгір жырау Бегендікұлы

СҮГІРДІҢ НАСИХАТ СӨЗІ

Бісміллә – сөздің данасы,


Құранның Алхам анасы,


Ыхсанды жаман демеңіз,


Ыхсанды жаман десеңіз


Абыл мен Қабыл екеуі


Бір ананың баласы.


Алжастың басын айтайын:


Әзәзіл шайтан азғырып


Абылды Қабыл өлтіріп


Мұсылман мен кәпірдің


Айрылған екен арасы.


Содан бері таралдық


Атамыз Әнес Жабалдан


Мағыраж бенен Жараздан,


Туғанда Алшын-Алаудан


Үш ананың баласы


Алыс емес арасы.


Жоғарғы тұрғам Нәдірден


Сары үйсін мен Дулатым


Алатау жағын жайлаған,


Ерегескен дұшпанын


Ауызға салып шайнаған.


Алыста қалып барасың


Замандасым Сүйінбай


Жолдасым едің бір жүрген,


Сыр суындай өңделген,


Есір мен Арман бүгінде


Қапиялы гәуһар сендермен.


Сыр бойында сыланған


Орта Жүзім, аман бол,


Орта Жүздің ішінде


Қапысыз жүрген жерлерім,


Қайнысы болдық біріне


Базарлы ағы-жеңгенің,


Көп еді елдің ішінде


Алғысың, халық, беренің.


Жез таңбалы Жетіру


Базарын көптің аңдаған,


Аз таңбалы Арқада


Әлімге байтақ аға едің,


Аш-арыққа пана едің,


Жем бойында жайлаған


Ақсұңқарға пар едің.


Он екі ата Байұлы –


Сұлтансиық, Бақсиық,


Қыдырсиық, Есенім.


Еділ менен Жайықта


Батырлар шықты ішіңнен


«Ағатай» еді ұраның


Исатай мен Махамбет


Егескен жауын шайнаған,


Ерегіскен дұшпанын


Қаһарланса қармаған.


Нешелер жүйрік өткен жоқ


Парасатын аңдаған,


Мына сегіз арыс Адайда


Ішінде Бекет пірім бар,


Аш-арығын қамдаған,


Атағозы, Бердібек


Кездескен жауын шайнаған,


Өмір менен Темір бар


Жалаған қазақ баласын


Айырып жаудан қамдаған.


«Адай» деген ұраннан


Өзімнің әкем Бегендік


Меккеге барған екі рет


Баласы едім солардың.


«Жырлама, Сүгір, күнә» – деп


Ұрысса да әкенің


Сөзіне құлақ салмадым,


Айтқан тілін алмадым.


Қайнаған жүйрік қашаған


Өтерін өмір аңдадым.


Қашаған едім қайнаған


Қызыл тілім сайраған,


Он екі ата Байұлы,


Алты Алаштың баласы


Мен қашаған болам деп


Талай жандар артымнан


Ауызын салған алшаңдап.


Көрген жерім сірә жоқ,


Саламат болың, елдерім


Еділ мен Жайық арасы –


Мен қазақтың баласы.


Көре алмай егер көз жұмсақ


Дұғадәр болып жүріңіз


Мұп-мұсылман арттағы


Жалпы қазақ баласы.


Насихат айттым қарттықта


Менің тілер тілегім:


Мен қазақтың баласы


Бір анадан туғандай


Табылса тағам бөліп же


Бір әкенің ұлындай,


Жыртығын тапсаң егер де


Біріңді бірің қамдап жүр.


Байқаймын түрін заманның


Әзәзілі-шайтан аңдап жүр.


Біз дүниеден кеткен соң


Патша болар өзгерген,


Хан баласы кем еді


Шалқыған шалқар көлдерден,


Хорезм мен Хиуадан,


Түркістанның үстінен


Әулие-пірлер кетеді,


Жетімдерді қамдаған


Нағыз ишан-білгірлер,


Бәрі де өтер дүниеден.


Сөз жауабын толғаған


Мұп-мұсылман қазағым


Біріңді бірің налытпа.


Қаптаған жауда қалсаң да


Сен де тудың ер болып


Еңіреген ел үшін,


Қынай белді буыңыз,


Адал жүріп, ақ сөйле,


Жібермеңіз халықтың


Алдағы алар жемісін.


Орта Жүз бен Кіші Жүз


Деген сөзді қойыңдар,


Біріңе бірің тату боп


Қамқорлық жасап қамдап жүр,


Әзәзіл-шайтан алдыңнан


Бәріңді де алдап жүр,


Жас жетім мен мүсәпір,


Жарлы менен жақыбай


Жағдайын айтса налытпа.


Өсиет айттым аздаған


Байтақ қазақ халыққа...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу