Өлеңдер ✍️

  13.06.2021
  185


Автор: Ілияс Жансүгіров

Экскаватор

Тастың талқаны ұшты,
Таудың талқаны шықты.
Міне біреу неткен мықты!
Өйткені:
Темір бура жеккені.
Аузы жерді қапса,
Азуы жерді шапса,
Тасты тұздай кемірсе,
Тауды мұздай жемірсе,
Ырғалса,
Сықыр, сықыр, сықыр...
Қозғалса,
Шықыр, шықыр, шықыр,
Опырса,
Күтір, күтір, күтір...
Шайнаса,
Қытыр, қытыр, қытыр...
Күйсесе,
Күрс, күрс, күрс...
Жолдас - ау, Бұ неткен күш?
Бұл асыл құрыш.
Алып күш...
− Тауды таусап
Батыр, батыр, батыр;
Тасты асап
Қатыр, қатыр, қатыр,
Мұның аты?
− Экскаватор...
Істеп жатыр,
Бес жылдыққа
Күштеп жатыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу