Өлеңдер ✍️

  08.06.2021
  170


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Мылжыңның бет-аузы

— Сіз колхоздың кімі боласыз?
— Бастығының бірі боламыз!
— Егіске қалайсыз?
— Несін сұрайсыз?
— Дайындығыңыз қандай?
— Дайындығымыз сондай:
Лап десе тап бергелі тұрмыз,
Соқаға шап бергелі тұрмыз,
Көлікті жиыстырып жатырмыз.
Бағуға ұйыстырып жатырмыз.
Тұқымды жиғалы жатырмыз.
Сақтық қор құйғалы жатырмыз.
Арықты қазғалы жатырмыз.
Рапортты жазғалы жатырмыз.
Ремонтты бастағалы отырмыз.
Жарамсыз тастағалы отырмыз.
— Тоқта жолдас, тоқта,
Басқа айтарың жоқ па ?
— Басқа және тағы...
Мәселе бүйірінен қойылды.
Ұрлық түбінен жойылды.
Көлікті мінбе деп жатырмыз,
Пішенді сүрле деп жатырмыз.
Тек күніңіз жылт етсе болғаны,
Көктеміңіз қылт етсе болғаны,
Тұқымды жинап шашамыз да қоямыз.
Маланы сыпыртып басамыз да қоямыз.
Арықты қазамыз да қоямыз,
"Жүз процент " жазамыз да қоямыз.
Жұрт болып жұмылғалы отырмыз, —
Әй, іске бір ұсынғалы отырмыз.
Сондай - сондай өзгерістеріміз бар,
Ілгері басарлық, өзге де істеріміз бар.
Енді қашан ?
Қашан істейміз?
Қашан дейсіз бе ?
Аттап түспейміз,
Істеп жіберсек бітті,
Қиындығы жоқ тіпті.
Солай ма ?
— Солай!
— Не дерсің тоба - ай...
Білесің бе, кімсің сен өзің?
Бастықпын... көріп тұр ғой көзің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу